Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ұлттық олимпиада комитетін (ҰОК) басқарып отырған Тимур Құлыбаев (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы) Пекиндегі қысқы олимпиадаға шақырту алған. Бұл туралы 25 қаңтардағы брифингте ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков айтты.
Жиында журналистер спикерлерден "Қазақстан Батыстың кейбір елдері сияқты Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялай ма?" деп сұрады. Крюков батыстың кейбір елдерінің Пекин олимпиадасына дипбойкот жариялауын "екі әлемнің қақтығысы" деп атады.
— Біз спортшылар саясат туралы ойламаймыз, тек спорт туралы ойлаймыз. Олимпиада ойындарына барлығы шақырту алады. Жалпы бұл сұраққа қандай жауап барын бәріміз жақсы түсінеміз, - деді ол.
Бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығын бұзып жатыр деп олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған еді.
Спорт және мәдениет министрінің орынбасары Серік Жарасбаев "кейбір елдер көтерген мәселеге араласуға негіз жоқ" деп мәлімдеді. Ол "ұлттық құрама дайын, барлық спортшы чартер рейспен олимпиадаға ұшады" деді.
—Сыртқы істер министрлігі президенттің [ашылу салтанатына] қатысуды ұйымдастырып жатыр. Екі апта бұрын Пекин тарабы біздің елдің басшылығын шақырғаны жайлы ресми ақпарат болған. Олимпиадаға толық қатысамыз, - дейді Жарасбаев.
Ашылу салтанатына Тимур Құлыбаев та қатысуы мүмкін. Жарасбаев Пекин олимпиадасына Қазақстан делегациясын жақында ғана мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Дәурен Абаев та бармақ.
Қазақстаннан Пекинге жүздей адам сапар шекпек. Олардың арасында 34 спортшы, 20 жаттықтырушы, 7 сервисмен, 7 штаб қызметкері, 10 дәрігер және бірнеше БАҚ өкілі бар.
Қазақстан делегациясының олимпиадаға баруына 228 млн теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, қысқы олимпиадаға спортшылардың дайындығына шамамен 400 млн теңге кеткен. Демек, Қазақстанның Пекин олимпиадасына шығыны 600 млн теңгеден ( 1,3 миллион доллардан аса қаржы) астам ақша жұмсалмақ
Пекин олимпиадасы 4-20 ақпанда өтпек. Пандемия кезінде өтетін ойынға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатыспақ.
ПІКІРЛЕР