26 қаңтарда Петропавл соты былтыр маусымда «тыйым салынған экстремистік ұйымның ісін ұйымдастырды, қатысты» деп 2 жыл 2 айға абақтыға қамалған азаматтық белсенді Асқар Қайырбектің мерзімінен бұрын босату туралы арызын қанағаттандырмады.
Сот офлайн өтіп, оған Асқар Қайырбектің өзі онлайн режимде колониядан қатысты. Асқар Қайырбек жазасын Петропавлдағы ЕС-164\3 мекемесінде өтеп жатыр.
– Қылмыс экстремистік деп саналады. Асқар Қайырбектің өтінішін қанағаттандыру үшін ол террорист немесе экстремистік ұйымдарды ашуға, оның басшыларын әшкерелеуге белсене қатысса, мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Өтінішке қоса тіркелген материалдарда ондай мәліметтер көрсетілмеген. Сот прокурордың оны мерзімінен бұрын босату туралы арызын қанағттандырмауды сұраған прокурордың өтінішін ескере отырып, оны түзу жолға түсті деп санауға негіз жоқ деп санайды, - деді судья Алмас Жұмағазин.
Судья қаулыға 15 күн ішінде шағым түсіруге, апелляцияға арыздана алатынын айтты.
Бұған дейін дәл осы баппен 2 жыл 6 айға қамалған тағы бір азаматтық белсенді Ербол Есхожиннің жазасын жеңілдету туралы арызы сотта қаралып, ол 6 қаңтарда бостандыққа шыққан. Оның жазасының қалған бөлігі сот шешімімен бас бостандығы шектеуге ауыстырылған.
44 жастағы Асқар Қайырбек бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін түрмеге жабылған.
Асқар Қайырбекті 2021 жылғы 21 маусымда Нұр-Сұлтан соты Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айыпты деп танып, бір жарым жылға абақтыға қамаған болатын. Бұған қоса, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы HRW Қазақстанға 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін де қайта қарауды ұсынған. Бұл ұйымның мәлімдемесінде Асқар Қайырбек те аталған. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен оларды дереу босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР