28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясы бөлімшесінің алдында зейнет жасын төмендетуді талап етіп, артынша ұсталған Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев жұма күні кешке қарай босатылды. Бұл жөнінде белсендінің өзі Азаттыққа хабарлады. Оны полиция бөлімшесінде бес сағаттан астам уақыт ұстаған.
— Қазір үйдемін, Абай бөлімшесінде алты сағатқа жуық ұстады. Куәлік беріп, сұрақтарға жауап беруден бас тарттым. Қағазға да қол қоймадым. Полиция қызметкері қағазға бірдеңе жазып жатты, одан хабарым жоқ. Менің плакатымды тартып алып, үйіме күштеп апарды. Мен полиция бөлімшесінен аттап қадам басуға қарсы болғанмын, – деді Өтебаев.
Бекболат Өтебаевтың айтуынша, ол өзіне кезекші прокурор мен құқық қорғаушы Павел Кочетковты шақыруды талап еткен. Полицейлер олармен кездестіруге уәде бергенмен ақыры ешқайсысы келмеген. "Сол себепті полиция бөлімшесінен кетуге қарсы болдым" деді Өтебаев.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті өкілдері Азаттыққа Өтебаевтың күндізгі сағат 11-лер шамасында ұсталғанын айтты.
— Ол плакатпен пикет өткізді, полиция мен әкімдік қызметкерлері шараның заңсыз екенін айтып ескертті. Ол акцияны тоқтатудан бас тартты, бұдан соң Абай бөлімшесіне күшпен жеткізілді, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі.
Олардың айтуынша, Өтебаев "үш сағаттан кейін" босатылған.
Ал құқық қорғаушы Павел Кочетков Азаттыққа полициядан ешкім хабарласпағанын және Өтебаев пен оның пикетін түсірген Маруа Ескендірованың ұсталуы жөнінде кейін естігенін айтты.
— Маған ешкім хабарлаған жоқ. Оларды ондар шамасында алып кетіп, бірнеше сағат ұстағанын кейін естідім. Бес сағаттан астам уақыт ұстаған, – деді құқық қорғаушы.
Бекболат Өтебаев 28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдына плакат ұстап шыққан. Плакатын жайып, зейнет жасын төмендетуді талап ете бастаған кезде полиция оны ұстап әкетті. Онымен бірге пикетті түсірген белсенді Маруа Ескендірова да ұсталған.
28 қаңтарда "Нұр Отан" съезі өтеді деген күні астанада да партияны таратуды талап етіп, "Нұр Отан" алдында пикет өткізбек болған белсенді Санавар Закированы полиция ұстап, съезд біткеннен кейін босатқан.
Жұма күні астанада "Нұр Отан" съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы қызметіне кірісті. Партияның саяси кеңесінің құрамы едәуір өзгерді. Оған алғаш рет министрлер мен әкімдер енбеген.
Видео: «Нұр Отанға» сенесіз бе? Тұрғындар пікірі.
ПІКІРЛЕР