Ақмола облысы Степногорск қаласында "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша айыпталған Бестөбе тұрғындарының ісі бойынша сот басталды. Осыған дейін тұрғындар елді мекен маңындағы алтын байытатын фабриканың ашылуына қарсы шыққан. Қылмыстық іске 53 жастағы Александра Назаренко мен 46 жастағы Николай Катчиев тартылған.
28 қаңтарда кешке жақын басталған онлайн сотта прокурор айыптау актісін оқыды. Істі судья Берік Құрамысов жүргізіп жатыр. Сот процесіне тараптардан бөлек, бірнеше ақпарат құралы мен Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро бақылаушысы қатысты.
Айыптау тарабының айтуынша, Катчиев пен Назаренко тұрғындар мен "Қазақалтын Technology" қызметкерлері арасында "әлеуметтік алауыздық қоздыру" мақсатында "халықтың пікірі мен әрекетіне манипуляция жасаған", "кәсіпорын Бестөбе экологиясына зиян тигізеді" деп аталған компанияны халыққа "жеккөрінішті етіп көрсеткен".
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, соның салдарынан қоғамда "қайшылықтар күрт ушығып", Бестөбе тұрғындары мен фабрика қызметкерлері арасындағы әлеуметтік қайшылық шиеленісе жаздаған. Жаппай тәртіпсіздіктен сескенген кәсіпорын жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған.
Катчиевке "алдын ала сөз байласып, әлеуметтік алауыздық тудыру" айыбынан бөлек, экобелсенділікке қатысы жоқ "жүгенсіздік" айыбы тағылған. Тергеу амалдары мен айыптау тарабының болжамынша, Катчиев ауылда ескі стадионның орнына мектепті салуға кедергі келтірген. Екі эпизод та бір іс аясында қаралып жатыр.
Айыпты жоққа шығарған белсенділер "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабының мәнін түсінбейтінін айтады. Катчиев пен Назаренконың айтуынша, тұрғындар мен фабрика жұмысшылары арасында қақтығыс болмаған.
"Әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қозғалған істе "Қазақалтын Technology" компаниясы жәбірленуші танылған. Ал "жүгенсіздік" бабы бойынша істе жәбірленуші – Ақмола облысының құрылыс басқармасы.
Экобелсенділерді қылмыстық қудалау "Қазақалтын Technology" компаниясының бас директоры Ақмола облысының полиция департаментіне шағым жазғаннан кейін басталған. Бастапқыда "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалған, бірнеше айдан соң полиция істі "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабына алмастырған. Құрылыс басқармасы полицияға шағым түсіргеннен кейін "жүгенсіздік" бабы пайда болған.
Қарай отырыңыз: Назарбаев ашқан фабриканы тұрғындар жабуды талап етеді (Мамыр айы, 2021 жыл).
Қазіргі кезде бестөбеліктер қарсы болған фабрика жұмыс істеп жатыр. Компания кәсіпорынды ауыстыруға негіз жоқ, мүмкіндік те жоқ деп мәлімдеген.
"Қазақалтын Technology" – "Қазақалтын" концерніне еншілес ұйым, компанияның 100 пайыз акциясы "Алтыналмас" АҚ-ға тиесілі. Бұрын "Алтыналмас" компаниясы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған. Қазақстан қор биржасының мәліметінше, қазір компания Нидерландыда тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясы мен үш жеке тұлғаға тиесілі.
ПІКІРЛЕР