Accessibility links

Тоқаев: Елбасымен "сауда" болған жоқ


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қаңтарда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен "ешқандай сауда" болмағанын айтты.

– Әрине ешқандай да "сауда" болған жоқ. Жеке басқа артықшылық беру туралы да әңгіме болған емес. Тек Қауіпсіздік кеңесі төрағасының статусы туралы мәселені дереу шешу туралы әңгіме болды. Жағдай ушыққан кезде, шынымды айтайын, халыққа жолдау жасап, Қауіпсіздік кеңес төрағалығын мойныма алатындығым жөнінде мәселе қойдым. Ол мәселе бірден шешілді, – деді Тоқаев сұхбатта.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке таластың күшейгені, Назарбаев ықпалының әлсірегені туралы болжамдар тараған. Тоқаев сенбі күнгі сұхбатында "Нұр Отан" съезінде сөйлеген сөзіне сілтеме жасап, Назарбаевқа берген бағасын "объективті" санайтынын жеткізді.

Бір күн бұрын Тоқаев билік партиясының жиынында "тұңғыш президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді" деп мәлімдеп, "оның сөзсіз жетістіктері мен табыстарын алға шығарып, жаңылысқан жерлері болса, болашақ басшылардың үлесіне қалдырайық" деген еді.

5 қаңтарда Қазақстанда жаппай наразылық өршіген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолға алатынын мәлімдеген. Сол кезде Назарбаевқа жақын делінген бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен алынған. Бұдан соң ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке таластың өршігені жөнінде болжамдар айтыла бастаған.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде Талдықорған қаласында Назарбаевтың ескерткішін құлатып, кей қалаларда оның есімі жазылған көшедегі жазуларды жойды. Қантөгістен кейін Қазақстан қоғамында экс-президенттің билікте отыз жыл билікте болған кезде жүргізген саясаты мен тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықты айыптаған сын бұрынғыдан да күшейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG