Accessibility links

"Ол кезде алаңда наразылар қалмаған". Тоқаев не үшін ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін түсіндірді


6 қаңтарда алаңда наразылыққа шыққан жұрт. Кешке күштік құрылымдар демонстранттарға оқ атты. Алматы қаласы, 6 қаңтар 2022 жыл.
6 қаңтарда алаңда наразылыққа шыққан жұрт. Кешке күштік құрылымдар демонстранттарға оқ атты. Алматы қаласы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы дүрбелең кезінде не үшін "ескертусіз оқ атуға" бұйрық бергенін түсіндірді. 29 қаңтарда мемлекеттік "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында президент ол кезде алаңда наразылыққа шыққан бейбіт тұрғындар қалмаған, тек "қарақшылар" ғана болды деп мәлімдеді.

Алайда 7 қаңтар мен одан кейінгі күндері бейбіт азаматтардың оққа ұшуы Тоқаевтың бұл сөзін растамайды.

Азаттық сайты 7 қаңтарда кешке көлігіне оқ атылып, қаза болған ерлі-зайыпты зейнеткерлер Қуат Біткенбаев пен Гүлзипа Күнсұлтанова жөнінде жазған. Үйіне қайтып бара жатқан ерлі-зайыптылар Республика алаңы маңынан өткен кезде оққа ұшқан. Сол мезетте алаң әскерилер бақылауында болған.

Қарай отырыңыз: "86 жылы алаңнан тірі қайтып еді..." Оққа ұшып, өртеніп қаза болған желтоқсаншылар (14 қаңтар 2022 жыл).

"86 жылы алаңнан тірі қайтып еді..." Оққа ұшып, өртеніп қаза болған желтоқсаншылар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Куәгерлердің айтуынша, президент бұйрығына дейін де бір күн бұрын 6 қаңтарда күштік құрылымдар Алматыдағы алаңда қарусыз наразыларға оқ атқан. Нақты қанша адамның қаза болғаны және жарақаттанғаны белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте Тәуелсіздік монументі маңында бірнеше жүз адам болған. Олар саяси реформаны талап еткен бейбіт демонстранттарға қару қолданбауға шақырған.

Талдықорғанда 8 қаңтарда әскери қызметкерлер көлікпен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптылар Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева мен 15 жастағы қызы Нұрайға оқ атқан. Үшеуі де оқиға орнында опат болды. 7 қаңтарда осы қалада әскери қызметкерлер бейбіт тұрғындар Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленко отырған көлікке оқ жаудырған.

29 қаңтар күнгі сұхбатында Тоқаев "нағыз соғыс" жағдайында оқ ату туралы жауапкершілікті өз мойнына алу қажет болғанын атап өтті. Ол күштік құрылымдардың әрекетін сынап, басшыларын "бастама көтере алмағандығы үшін" айыптады.

"Нақты жағдайда құқық қорғау органдарында ортақ алгоритм мен әрекет ету жоспары болған жоқ. Ашығын айтайын, астан-кестен болып жатты. Құқық қорғау органдарының басшылары жауапкершілікті мойнына алғысы келмеді. Мен оларға "егер Рокоссовский немесе маршал Жуков күн сайын Сталиннен қандай бір әрекет үшін рұқсат сұрап отырса, олар соғыста жеңер ме еді?" дедім. Яғни, нағыз соғыс болды, жауапкершілікті мойынға алу керек болды. Сол себепті мәлімдеме жасамай тұрып, қарулы қарақшыларға оқ ату қажеттігін айттым. Жауапкершілікті өз мойныма алдым" деді Тоқаев.

Тоқаев сонымен бірге оқ ату туралы бұйрықты сынаған халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің реакциясына да пікірін айтты. Ол мұндай реакция болатынын білгенін жеткізді. "Ол кезде Батыс реакциясын ойлайтындай мүмкіндік болған жоқ, елде тәртіп орнатуды көздедім" деді президент.

БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшылары қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігінің "демонстранттарға атыс қаруын пайдалануын" қатаң сынаған. Халықаралық ұйым Нұр-Сұлтанды "террорист" ұғымын оңды-соңды пайдаланды деп айыптады. БҰҰ сарапшылары наразылық акциясына қатысушыларға күш қолданбауға және оқиғаларды тәуелсіз зерттеуге шақырған.

Алматыда 4-6 қаңтар күнгі 80-нен астам видеожазбаны зерттеген халықаралық Human Rights Watch ұйымы кемінде төрт жағдайда күштік құрылымдар атыс қаруын пайдаланған, асыра күш қолданған деген қорытындыға келген. HRW сонымен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуроодақ Қазақстанды күштік құрылымдарының әрекеттерін "тиімді, тәуелсіз әрі объективті" зерттеуге шақыруы тиіс деді.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болған. Қаза болғандардың бір бөлігін билік "қарулы қарақшылар" деп атады. Қанша бейбіт тұрғынның қаза болғаны белгісіз.

Билік қаңтар оқиғасын шетелден келген содырлардың "террорлық әрекеті" деп атады. Сыртқы күштердің "агрессиясы" туралы айтқан Нұр-Сұлтан мемлекеттік төңкеріс жасауға да талпыныс болғанын мәлімдеді. Бірақ билік бүлікті кім ұйымдастырғанын айтқан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG