Accessibility links

Шымкентте "терроризм" бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайды


«Құдайдан қорқыңдар». Шымкентте туысы қамалғандар наразылық білдіріп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

"Құдайдан қорқыңдар". Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар. 28 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, қылмыстық іспен екі айға қамалғандардың ата-аналары бірнеше күннен бері Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен ИЧ-167/11 тергеу изоляторы алдында жиналып, Қазақстан халқы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап жүр. Олар тергеудің әділ болатынына сенбей, тіркелген әрбір қылмыстық істі қайта қарауды талап етеді. Арнайы прокуратура өкілі кінәсі дәлелденбегендер абақтыдан босатылады деп уәде берді.

Азаттыққа шағымын айтқан төрт ата-ана қазір тергеліп, қамауда жатқан балалары әртүрлі жағдайда ұсталғанымен, құқық органдары олардың бәріне бірдей алты айып тағып отырғанын айтады.

Атап айтқанда, қамаудағылар Қылмыстық кодекстің "Терроризм актісі" (255-бап), "Билік өкіліне күш қолдану" (380-бап), "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" (202-бап), "Бұзақылық" (293-бап), "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап) және "Ұрлық" деген 188-бабы бойынша күдікке ілінген.

"БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ҚАТЫСҚАНЫ ҮШІН "ТЕРРОРИСТ" ДЕП АЙЫПТАДЫ"

Айгүл Тілеубергенова, күдікті Сәулет Мәуештің анасы:

– Сәулет 19 жаста, студент. Жанар-жағармай бекетінде сатушы болып жұмыс істеді. 4 қаңтарда сағат 20:00 шамасында үйден шыққан. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, үлкен ұлым хабарласты. Сәулет наразылық болып жатқан алаңда жүр деді. Естіген бойда хабарластым. Шамамен түн ортасында қала әкімдігі алдындағы субұрқақтан тауып, үйге алып кеттім. Ол кезде қала әкімдігінің алды тыныш еді. Бүлік шықпаған болатын. Одан кейін ешқайда шыққан жоқ.

Сәулет Мәуеш (сол жақта) мектептегі соңғы қоңырау шарасында. Отбасы архивіндегі сурет.
Сәулет Мәуеш (сол жақта) мектептегі соңғы қоңырау шарасында. Отбасы архивіндегі сурет.

12 қаңтарда кешқұрым сүт әкелуге жұмсадым. Көшеде жолдас баласы кездесіп, үш жігіт көлік жууға кетіпті. Қайтар уақытта жолда әскерилер тоқтатқан. Мұндайды көрмеген үшеуі қорқып, қаша жөнеліпті. Жаңаталап ауылына кіре бергенде жол полициясы ұстаған. Жанындағы екі баланы туыстары алып қалған. Баламды іздеуі жоқ адамдай полиция алып кеткен.

Түн ортасында (ол кезде комендант сағаты басталған) Сәулет хабарласып, "жеке куәлігімді Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына алып келіңізші" деді. Жүрегім ұшып кетті. Жауын жауып тұр еді. Шымкенттің шетіндегі Жаңаталап ауылынан жол-жөнекей көлік ұстадым, ол Коммунизм ықшам ауданына дейін жеткізіп тастады. Сол жерден Хамза ықшам ауданына дейін 8 шақырымдай жаяу жүріп, ентігіп жылап бардым, аяғымды басуға шамам келмей қалды. Бір кезде көшеде көліктің жарығын көріп, алдынан көлденең тұра қалдым. Жүргізушіге "балама жеткізші" деп жалындым. Сол көлікпен түнгі екінің шамасында қала орталығында Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына келдім.

Сәулетпен дәлізде бір-екі ауыз ғана тіл қатысып үлгердім. Маған айтқаны: үш адам тергеп отыр екен. Адвокат жоқ. Телефонын тартып алған. Телефоннан 4 қаңтарда бейбіт шеруде түсірген видеосы шыққан. Құрдастарының ортақ чатында "Маңғыстау, Атырау митингіге шығып жатыр. Біз де шығайық. Біз де халықпыз" деген сөздері бар.

Тергеушілер маған "балаңыз митингіге барған, қатысқан" деді. "Бүлікке дейін баламды алып кеттім" дегеніме сенбеді. Ұлымды 11 сағат ұстады да, ертеңіне түске жақын прокуратураға апарды. Абай аудандық прокуратурасында жеті сағаттай тергеді. Онда баламның жеке бас деректерін, қайда болғанын сұрады. Болды. Бірақ тергеуші компьютерден басын алмай жазды. Түнде баламды сот-медициналық сараптамаға әкетті.

15 қаңтарда қалалық мамандандырылған тергеу соты Сәулетті екі айға қамауға санкция берген. Бұл сотқа да, апелляция сотына да ешбірімізді кіргізбеді.

25 қаңтарда кешке балама қандай айып тағылғанын қаулыдан оқып білдім. Қорғаушы түрмеге кіріп, баламмен жолығып шықты. "Мамам уайымдамасын, бәрі жақсы" депті. Қалай уайымдамайсың, мектепті жаңа бітірген баламды бейбіт шеруде болғаны үшін "террорист" деп түрмеге жауып тастаса.

"ТУҒАН КҮНІН ТҮРМЕДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ"

Ботакөз Шерубаева, күдікті Дәурен Сапарбайдың анасы

– Қаңтардың төрті мен бесінде Дәурен Шымкентте болған наразылыққа қатысқан. Ол жеті баламның екіншісі. Отбасымызбен бірге Түркістан облысындағы Келінтөбе ауылында қой бағып жүрдік. Дәурен жаңа жылды достарымен қарсы алуға Шымкентке кеткен. Қайтар жолға ақшасы болмай қалада қалып қойды.

Шымкент қаласының тұрғыны Дәурет Сапарбай. Отбасы архивіндегі сурет.
Шымкент қаласының тұрғыны Дәурет Сапарбай. Отбасы архивіндегі сурет.

5 қаңтар түнде 20:00 шамасында хабарластым. Алаңда екен. "Қайт" дедім. "Мақұл" деді. Сол кезде соққыға жығылған полицей мен аяғына оқ тиіп құлаған адамға көмек берген. Сөйтіп жүргенде өзінің де қолына оқ тиіп, құлаған. Жан-жағындағы адамдардан көмек сұрап, көлікпен сағат 21:00 шамасында №2 қалалық клиникалық ауруханаға жеткен. Дәрігерлер ота жасаған.

"Мақұл" деген соң үш сағаттай телефоны сөніп тұрды. Түн ауа өзі хабарласып, ауруханаға түскенін айтты. Өзіміз қой басындамыз. Қаладағы көршіме өтініш жасап, сол кісі ауруханадан үйге алып келді. Үйге түнгі сағат бірлер шамасында келгені бейнебақылау камерасына түскен.

Балам көп өтпей бірге барып, бірін-бірі таппай қалған жолдас баласының оқ тиіп қайтыс болғанын естіді.

9 қаңтарда полиция Дәуренді үйден күштеп әкетті. Сәуледегі түрмеге (ИЧ 167/11 түзеу мекемесі) жатқызды. Ауылда қой бағып жүрген баламды "террорист" дейді. Әйтпесе 11 қаңтарда полиция баламды "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен күдікке ілінді деп көрсеткен. Арадан төрт күн өткенде оған тағы төрт бап қосылды.

23 қаңтарда балам 20 жасқа толды, туған күнін түрмеде қарсы алды. Уайымнан, баласын күтуден құса болып күйеуім ауырып құлады. Менің тұрысым мынау. Әр есікті бір қағып, жазықсыз балама араша сұрап жүрмін.

Түрмеде баламмен кездескен сайын "мама, шығарып алшы" деп жылайды. Не істеймін? Қайда барамын? Баламды құтқарыңыздаршы.

"ЕКІ БАЛАМДЫ ҚАМАП ТАСТАДЫ"

Шарапат Шариев, күдікті ағайынды Жеңіс пен Жеткерген Жақсылықтың әкесі

– Бір емес, екі балам қамауда жатыр. Үлкен ұлым Жеңіс – 25 жаста. Үйлі-баранды, такси жүргізушісі болып істейді. 21 жастағы кіші ұлым Жеткерген – студент. Үлкен ұлым митинг өткен Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы көпқабатты үйде тұрады.

Ағайынды Жеңіс (оң жақта) пен Жеткерген Жақсылық. Отбасы архивіндегі сурет.
Ағайынды Жеңіс (оң жақта) пен Жеткерген Жақсылық. Отбасы архивіндегі сурет.

4 қаңтарда митинг басталғанда інісі Жеткергенмен бірге Түркістан облысы Шұбарсу ауылынан келген жолдас баласын үйіне алып баруға көлігімен жолға шыққан. Көшеде топтасып келе жатқан наразыларды көріп, кері айналып бұрылған кезде көлігі "Сергекке" түсіп қалады. Бірақ көтерілісте болмаған. Шеруге қатыспаған. Тас лақтырмаған, үкіметтің затына тиіспеген.

7 қаңтарда видеодағы таспадан көлігін көріп, анықтап, үйдің алдындағы жанар-жағармай бекетінен екі баламды полиция ұстап әкеткен.

Екеуіне алты баппен айып тағып отыр. Жеткергеннің ұялы телефонында митингіге байланысты фото, видео жоқ. Үлкен ұлымның телефонында үйінен тұрып митингіні түсірген видео табылған.

Карантиннен кейін балаларыммен кездестім. Үлкен ұлым "қалың адамды көргенде көлігімді басып кететіндей көрінді, бұрылып, келген ізіммен кері қайттым" дейді. Айыбы – осы. Кіші баламның айыбы – сол көліктің ішінде болғаны. Ол өзін түрмеге не үшін қамағанын білмейді. Аң-таң күйде отыр. Егер митингіге шығып, тас лақтырып, әкімдікті өртесе түсінер едім. Көлігі "Сергекке" түсіп қалғаны үшін қамағаны жанымызға батып тұр.

Не дерімді білмеймін. Балаларымның кінәсіз екені анықталып, әділ тергеу өтсе, босатса деймін.

"ЕКІ КӨЗІН АША АЛМАЙ ЖАТТЫ"

Гүлсара Мырзаханова, күдікті Әділет Оралбайдың анасы

– Балам Әділет – құрылысшы. 4 қаңтарда туған күні еді. 25 жасқа толды биыл. Достарымен туған күнін тойлап шыққан кезде Әділеттің телефонымен үйме-жүйме болып тұрған қалың адамды видеоға түсірген. Сол кезде ұсталған. Әлгі видеода балам "Шал, кет!" "Шымкент, алға!" деп айтқан дейді. Сол үшін өкіметке қарсы шыққан адам деп танып, оған "террорист" деген қорқынышты айып тақты.

Шымкент қаласының тұрғыны Әділет Оралбай. Отбасы архивіндегі сурет.
Шымкент қаласының тұрғыны Әділет Оралбай. Отбасы архивіндегі сурет.

Ұсталғаннан кейін іздедім. Абай аудандық полиция басқармасында екен. Сыртта күтіп отырған едік. Баламды екі полицей екі қолынан ұстап, ғимарат сыртындағы әжетханаға алып бара жатқанын алыстан көрдім. Беті-аузы адам қарағысыз. Ұрып тастаған. Екі көзі жұмылып, аша алмай жатты. Көріп, ауа жетпей қысылып, есімнен танып қалдым...

Одан кейін Әділетті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы ғимаратына алып барды. Ол кезде беті көгерген, бір жағы қара қотыр, сырылған екен. Асфальтке сырған сияқты көрінді.

Бізбен полиция да, прокурор да, сот та сөйлеспеді. Баламның өмірін қорғау үшін кімге барып шағынуды да білмеймін. Халыққа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, араша сұраймын.

Түрмеде баламмен кездесіп, сөйлестім. "Мама, қылмысқа қатысым жоқ" деп жылады. Қинаған ба, қорқатынын айтты.

ІСТІ ТЕРГЕУМЕН АРНАЙЫ ПРОКУРАТУРА АЙНАЛЫСПАҚ

29 қаңтарда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналғандармен арнайы прокуратура басқармасының өкілі Нұрлан Көлбаев кездесті. Ол қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың "қылмысын дәлелдейтін айғақтар" болмаса, ісін қайта қарауға уәде етті.

"Алда кімде кімнің жасаған іс-әрекеті жеңілдеу, я кінәлі деп тануға дәлелдеме аз немесе мүлде болмаса, бұл іске баға беріліп, күдіктінің қылмысын жеңілдету не оны шығару мәселесі қаралады" деді ол.

Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар. 28 қаңтар 2022 жыл.
Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар. 28 қаңтар 2022 жыл.

Көлбаев прокуратураға "полицейлер ақша сұрады, ұрып-соқты" деген арыздар түскенін растады. Мысалы, ұрып-соғып айыбын "мойындату" туралы он шақты адам арызданған. Содан кейін 12 қаңтарда істі тергеу полициядан арнайы прокуратура басқармасына берілген.

Арнайы прокуратура басқармасы өкілі Көлбаев терроризм қылмысы жайлы да мынадай түсініктеме берді:

– Терроризм дегеніміз не? Шымкентте қаншама полицейді ұрып-соғып, кейбірінің қаруын тартып алған. Әкімшілікке кіріп талқандаған, көліктерді өртеген. Бұл – терроризм, аса ауыр қылмыс. Егер қылмыс жасамаса, митингіге барса, видео түсірсе, оны шығару немесе "рұқсат етілмеген митингіге шыққаны" ескеріліп, іс қайта сараланады.

Нұрлан Көлбаев күдікті ретінде екі айға қамауға алынып, тергеуде отырғандардың кінәсі дәлелденбеген жағдайда олар абақтыдан босатылады деді.

Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп тұр. Шымкент, 28 қаңтар 2022 жыл.
Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп тұр. Шымкент, 28 қаңтар 2022 жыл.

13 қаңтарда Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметі қаңтар оқиғасы кезінде полицияға 3,5 мыңнан астам адам жеткізілгенін хабарлаған. Олардың 271-і әкімшілік қамауға алынған. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың 75-і Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ167/11 тергеу изоляторына екі айға қамалды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қаңтар дүрбелеңі кезінде Шымкентте 120-дан аса адам жараланған.

Қазақстан билігі ел бойынша қаңтар оқиғасында кемі 227 адам қайтыс болды деп мәлімдеді (225 адам қаза болғаны жайлы – бас прокуратура, тағы екі адамның қазасын денсаулық сақтау министрлігі хабарлады).

Шымкентте қаңтардағы дүрбелеңде қанша адам, қалай қаза болғанын және олар кімдер екенін сұраған Азаттыққа берген жауабында қала прокурорының орынбасары Ержан Марат ондай ақпарат сотқа дейінгі тергеп-тексеруге байланысты жария етуге жатпайтынын айтты.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарындағы азаптаулар мен қысым және өзге де заңсыз әрекеттерге шағымданған. Елде полиция мен күштік құрылымдардың "заңсыз әрекеті" жайлы шағымдар көбейген шақта Бас прокуратура полицияның ұстау және тергеу кезінде "заңсыз әдістерге жүгінгенін" мойындаған.

Қамаудағы жаралы туыстаран босатуды талап еткендер азаймай тұр

Қамаудағы жаралы туыстарын босатуды талап еткендер азаймай тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:43 0:00

29 қаңтарда "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында қаңтардағы оқиғаға "шетелмен байланысы бар бандиттер мен террористерді" айыптап, бұған дейін айтқанын қайталаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

"Азаматтардың құқығы бұзылмайтынына кепілдік беретінін" айтқан Тоқаев тергеу органдарындағы азаптау туралы хабарларға байланысты сұраққа "өсіріп айтуы әбден мүмкін, әрине, байбалам да көп" деп жауап берді.

Халықаралық ұйымдар қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптаған. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. Сонымен бірге Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

Президент Тоқаев Еуропарламенттің осы қарарына "біржақты, асығыс қабылданған" деген баға беріп, "халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ, өз күшіміз жетеді" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG