Талдықорған қаласының шетіндегі әскери бөлім маңында мал қарауға шықққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаев 5 қаңтарда оққа ұшты. Оны іздеп барған жұмысшыларға да әскерилер оқ атып, қолын көтеруге мәжбүрлеген. Олар "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Үй-ішіне марқұмның сүйегін бір аптадан соң ғана берген. Талдықорғанда бірнеше адамның қазасына себеп осыған ұқсас тағы бірнеше оқиғаны тексеріп жатқан әскери прокуратура "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.
"МӘЙІТХАНАДАН БІР АПТАДАН СОҢ АЛДЫҚ"
Қаңтардың бас кезінде Талдықорғанда болған дүрбелеңге қатыспай, үйінде болған 24 жастағы Ерназар Қырықбаев 5 қаңтарда түстен кейін мал жаюға шығып, өзі жұмыс істейтін шаруа қожалығы жерінде оққа ұшты.
4 қаңтарда Талдықорғанда басталған ереуілге мыңдаған адам қатысып, облыс әкімдігі алдындағы Қазақстаның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатқан еді.
Келіншегі Ботагөз Көпжасарова мен анасы Назгүл Әділбекова әдеттегідей күнделікті жұмысына кеткен Ерназардың ертеңіне мәйітханадан бір-ақ шыққаны төбеден жай түскендей болғанын айтады.
– Қалада кеше болған дүрбелең әбден басылғанша жұмысыңды қоя тұр дегенімді тыңдамады. Жұмысым қаланың сыртында, ол жақта тыныш деп кетіп қалды. Соңғы рет таңғы тоғыз жарым кезінде телефон шалды. Шықпай-ақ қойғанда көрер жарығы таусылмас еді, – дейді Назгүл Әділбекова.
Анасының сөзінше, сол күні түстен кейін үйдегілер Ерназардың мәйітханада жатқаны жайлы суық хабар алған.
– Оқ қарсы алдынан я артынан емес, бүйірінен тиіпті. Демек ешкімнен қашпаған, ешкімге ұмтылмаған ғой. Сонда не үшін атқан? Бүйірін қолымен басып, жантая құлапты, – дейді марқұмның шешесі.
Ерназарды туыстарына тек бір аптадан соң, 13 қаңтарда ғана берген. Марқұмды Сарқан кентіндегі зиратқа жерлеген.
Анасы Назгүл Әділбекованың сөзінше, тұтқиылдан атылған оқтан мерт болған ұлын мәйітханаға кім жеткізгені белгісіз. Марқұмның аяқ киімі, құжаттары жоғалған. Үй шаруасында отырған Назгүл Әділбекова ұлын "әскери бөлім жауынгерлері атты" деп есептейді. "Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды" деген хабарды естіген, бірақ әрі қарай кімге шағымдануы керегін білмейді.
Оққа ұшқан Ерназардың келіншегі Ботагөз Көпжасарова үйінде кішкентай үш баласына қарап отыр. Үлкен баласы мектепке дейінгі даярлық сыныбында оқиды, одан кейінгі егіз баласы балабақшаға барады. Қазір төртінші баласына аяғы ауыр. Жеке үйі жоқ отбасы кешеге дейін пәтер жалдап тұрған.
Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескенде тұйық көрінген Ботагөз Көпжасарова күйеуі Ерназардың екі жылдан бері мал бағып жүргенін айтты.
– Қақ-соқпен шаруасы жоқ, ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін. Тағы баламыз болады деп қуанып жүрген еді, – дейді ол.
Ботагөздің сөзінше, Ерқанаттың қазасынан кейін Талдықорған әкімдігіненбіз деп екі адам хабарласып, қандай көмек керегін сұраған. Бірақ Ботагөз ол адамдардың нақты қай әкімдіктен хабарласқанын білмейді.
"ЕСТІМЕСЕ ДЕ АТА БЕРЕ МЕ?"
Оқиғаның мән-жайын Ерназар Қырықбаев жұмыс істеген "Жетісу" асыл тұқымды мал шаруашылығының иесі Сүндетбай Есжановтан сұрастырдық. Оның айтуынша, Ерқанат осы шаруашылық жерінде, жылқы қарауға шыққанда оққа ұшқан.
– Талдықорған қаласының шетіндегі әуежайдың қарсы бетіне орналасқан әскери бөлімнің айналасындағы 300 гектар бос жатқан жер менің меншігім, растайтын құжатым бар. Бес гектарын қоршап, шаруашылық базасын, жұмысшылар тұратын екі үй салдым. Бұл жерде шаруашылық барын, жұмысшылар әрі-бері өтіп жүретінін әскери бөлімдегілер өте жақсы біледі, – дейді ол.
Шаруашылық иесінің сөзінше, Ерназардан жарты сағат бұрын ол жерден басқа жұмысшылар да өткен. Бірақ оларға тиіспеген. Түскі сағат екілер шамасында өткен Ерназарды атымен қоса атқан.
– Ерназар келмеген соң басқа жұмысшылар мәшинемен іздеп шыққан. Солдаттар оларды да қарудан аспанға атып тоқтатып, екі жұмысшыны қолын көтертіп шақырып алыпты. Өздері әскери бөлім қоршауының ішінде тұрған. Екі жұмысшы 120 метрден астам жердің қарын кешіп, қолын көтеріп барған. Қалталарын тексеріп, жібере салған. Олар кетіп бара жатқанда солдаттар "тоқта деп бұйырғанда тоқтамаған салт атты адамды атып, жедел жәрдем шақырып салып жібердік" деген. Атпен кетіп бара жатқан адам, тоқта деген дауысты 120 метр жерден естімеуі де мүмкін. Естімесе ата бере ме? – дейді Сүндетбай Есжанов.
Ол солдаттардың жөнімен кетіп бара жатқан адамды қараңғы түнде емес, тал түсте ата салғанына қайран қалады.
Шаруашылық басшысының сөзінше, "Жетісу" мал шаруашылығында бұрын да жұмыс істеп кеткен Ерназар Қырықбаев үш ай бұрын қайта келген. Оны жұмысқа қабылдау туралы ресми бұйрық бар.
Ерназардың анасы Назгүл Әділбекова әскери бөлім маңына дүрбелең күндері Талдықорған маңындағы ауылдардан аттылы адамдар келіп, солдаттар бәлкім солардан қорқып атқан шығар деп те жорамалдайды.
Талдықорғанда дүрбелең болған күндері төңіректегі ауыл адамдары қалаға көлік кіргізбеген соң атпен келіпті деген қауесет шыққан. Мұндай қауесеттер Қазақстанның басқа өңірлеріндегі дүрбелең кезінде де айтылған.
Алайда жер иесі – "Жетісу" шаруашылығының басшысы Сүндетбай Ержанов бұл қауесеттің қисыны жоқ деп санайды.
– Шаруашылығымызда тұрған камераларды да алып көрдік. Бейсауат ешкім келмеген. Ерназар атпен жалғыз өзі, күнделікті жолмен кеткен, – дейді ол.
Ерназар Қырықбаевтың отбасына тегін заң көмегін беруге кіріскен Алматы облыстық заң кеңесі палатасының заңгері Берден Қадырмен де сөйлестік.
Ол Ерназар оққа ұшқан жерге 28 қаңтарда Алматы облыстық полиция тергеушілерімен бірге барып, көргенін құжатқа түсіргенін айтады.
– Ерназардың денесін сол күні әскерилер мәйітханаға жіберген. Ал аты оқ тиіп өлген жерінде бірнеше күн жатты. Ол жер әскери бөлімнен шамамен 150 метр қашықта, кәдімгі көлік жүретін жол. Оқ атқа да, Ерназарға да сол жағынан тиген. Осының өзі оның әскери бөлімге тура беттемегенін, өз бетімен кетіп бара жатқанын көрсетіп тұр, әскери бөлімге қауіп төндірді деуге еш негіз жоқ, – дейді заңгер.
Берден Қадырдың сөзінше, Алматы облыстық полициясы істі әскери прокуратураға тапсырған.
– Қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушілер анықталып, тергеу амалы басталып жатыр, – дейді ол.
Азаттық Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық ішкі істер департаменті мен әскери прокуратурадан Ерназар Қырықбаевтың қазасы жөнінде ешқандай ақпарат ала алмады.
ЕСКЕРТУСІЗ АТУҒА БЕРІЛГЕН БҰЙРЫҚ
Талдықорғандағы дүрбелеңнен кейін оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев ғана емес.
7 қаңтарда кешкі сегізге қарай үйден шыққан ерлі-зайыпты Қайрат Нұрғалиев пен Лаура Нұрғалиева және достары Андрей Карпиленко мінген көлікке де оқ атылған. Нұрғалиев пен Карпиленко сол жерде қаза болып, денесіне екі оқ тиіп жараланған Лаура тірі қалған.
Бұл іс бойынша Қазақстан ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы "Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленконы №18404 әскери бөлімі қызметкерлері атып тастаған, олардың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 451-бабының ("Билігін асыра пайдалану") 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық бар екені анықталды" деп ресми жауап берген.
Осы оқиғадан кейін бір күн өткенде, 8 қаңтарда Талдықорғанда бір отбасынан үш адам мерт болды. Ерлі-зайыпты, 1969 жылы туған Нұрболат Сейітқұлов пен 1970 жылы туған Алтынай Етаева және олардың 15 жасар қызы Нұрай кетіп бара жатқан жеңіл көлікті әскерилер артқы жағынан атып, үшеуін де өлтірген.
Қайтыс болғандардың туыстарына Қазақстан ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасына келген ресми жауапта "әскерилердің әрекетінде қылмыстық сипат бары" жазылған.
Жаңа жылдың басында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында басталып, кейін өзге өңірлерде жалғасқан Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі бейбіт наразылықтың соңы 5 қаңтарда бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты.
7 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде, оның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысында тәртіп қалпына келтірілгенін, бірақ "террористермен күрес әлі де жалғасып жатқанын" айтып, "құқық қорғау органдары мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген. Тоқаев қаңтардағы оқиғаны "шетелмен байланысы бар бандиттер мен террористердің шабуылы" деп кейін де бірнеше рет қайталағанымен, ол сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қазақстан билігі ел бойынша қаңтар дүрбелеңі кезінде кемі 227 адам қайтыс болды деп мәлімдеді (оның 19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері).
Халықаралық ұйымдар қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптады. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. Сонымен бірге Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырып, көп адамның қазасына байланысты халықаралық тәуелсіз зерттеу жүргізуге үндеген.
Президент Тоқаев Еуропарламент қарарын "біржақты, асығыс қабылданған" деп бағалап, "халықаралық зерттеу жүргізудің қажеті жоқ, өз күшіміз жетеді" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР