Accessibility links

Қазақстан СІМ Human Rights Watch ұйымының азаптау жайлы мәлімдемесіне реакция білдірді


Сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Сыртқы істер министрлігі 3 ақпан күнгі хабарламасында Қазақстан ұсталғандарға “шамадан тыс” күш қолдану, заңсыз ұстау, азаптау мен дөрекі қарым-қатынастың ықтимал жағдайларын айыптайды деп мәлімдеді.

Ведомство халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымынан қаңтар оқиғасы кезінде полицияның артық күш қолданғаны жөнінде мәлімдеме келіп түскенін, соған орай түсініктеме беріп отырғанын жазды. Елде заңсыз ұстау мен дөрекі-қатынасқа байланысты “кез келген ақпарат мұқият тексеріледі” деп сендіруге тырысты.

СІМ-нің айтуынша, Қазақстанда ұсталғандарды азаптау және оларға күш қолдану туралы ақпараттарды тергеу органдары "мұқият тексереді". Бас прокуратура мәліметінше, қазір тергеу кезінде "заңсыз әдістің қолданылуы" бойынша 98 іс тергеліп жатыр.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруі қамтамасыз етілді" делінген хабарламада.

СІМ "Қазақстан адам құқықтары саласындағы өзінің барлық міндеттемелерін сақтауға бейіл және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ашық диалогқа және ынтымақтастыққа дайын" деп мәлімдеген.

Хабарламада сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Human Rights Watch атқарушы директоры Кеннет Ротпен кездесуі “келісілгені” туралы да жазылған.

  • 1 ақпанда халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін азаптау жайлы өтініштерді мұқият зерттеп, наразылық кезінде және одан кейін ұсталған адамдардың, оның ішінде белсенділердің құқығын бұзбауға шақырған еді. Құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан әрекетсіз қалса, қаңтар оқиғаларын халықаралық деңгейде тергеу керек деген. Ұйым есебінде полиция бейбіт наразылар мен басқа да адамдарды жөн-жосықсыз ұстағаны жайлы "сенімді ақпарат" алғанын жазады. Олардың кейбіріне қатігездік көрсеткен, электрошокермен азаптап, шоқпармен ұрған.
  • Қаңтар оқиғасынан кейін БҰҰ, Amnesty, Human Rights Watch және өзге де ұйымдар Қазақстан билігін қаңтар оқиғасы кезіндегі халыққа оқ ату, күшпен ұстау және азаптау, қысым көрсету туралы фактілерге байланысты қатаң сынап, оқиғаны жан-жақты зерттеу қажеттігін айтқан. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген.
  • Президент Тоқаев Еуропарламенттің осы қарарына "біржақты, асығыс қабылданған" деген баға беріп, "халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ, өз күшіміз жетеді" деп мәлімдеді.
  • 2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.
  • Билік қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлады. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында бейбіт тұрғындар көп. Бұған дейін оқ тиген адамдар арасында әйелдер мен балалар, наразылыққа еш қатысы жоқ тұрғындар бар екені айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG