3 ақпанда Жаңаөзеннің жүзден астам тұрғыны қалалық әкімдіктің алдына жиналып, жұмыс тауып беруді талап етті. Олар жұмыс сұрап, кешеден бері әкімдік алдында тұр.
Жаңаөзен қаласы тұрғындарының жұмыс талап етіп жиналғандарына екі күн болды. Қала әкімдігі тұрғындардың талабы жайлы нақты жауап айтпайды. Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат жетекшісі Қайырбек Құсайынов жауап алу үшін Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарласуға кеңес берді.
– Біз барлық мәліметті облыс әкімдігіне жіберіп жатырмыз. Облыстық ішкі саясат басшысы Аманғали Нұрдәулетов, баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева сол жақтан сұраңыз. Солардың айтқанын орындаймыз. Біздерге талап солай, - деді ол телефон арқылы.
Ал Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева телефон тұтқасын көтермеді.
Жұмыс сұрағандар бірігіп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жасады. Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жолдаған.
«Біз, Жаңаөзен қаласының бір топ жұмыссыз азаматы, әлі күнге дейін Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі оң шешімін таппай отыр. 2020 жылы Жаңаөзен қаласының әкімдігі шығарған тізім-схеманың әділетсіз жүруіне байланысты сенімсіздік білдіреміз. Және осы жұмыссыз азаматтарды мұнай-газ саласына болашағы бар тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етеміз!» деді жұмыссыздар өтінішін оқыған тұрғындардың бірі.
Маңғыстау облысының әкімдігі бейсенбі кешке қарай Азаттыққа жіберген жауабында оларға жұмыспен қамту орталығындағы бос орындар ұсынғанмен тұрғындардың одан бас тартқанын, тек мұнай-газ саласындағы жұмыстарды "талап еткенін" айтады. “Түсіндіру жұмыстары жалғасады” деді әкімдік өкілдері.
1 ақпанда Жаңаөзен қаласы тұрғындары Марат Жанғаштиев, Ақжол Шәми, Асылбек Бейсембай Нұр-Сұлтанға келіп, Ақорда маңында жұмыссыздықты жоюды талап етіп, пикет өткізген. Олармен еңбек министрлігінің өкілдері кездескенімен, Марат Жанғаштиев мәселелерінің әлі шешілмегенін айтады. Оның хабарлауынша, 2 ақпанда Ақорда алдында тағы пикетке шығып тұрған жерлерінен Есіл аудандық полициясына алып кетіп, бірнеше сағат ұстаған соң босатқан.
Жаңаөзенде жұмыссыздық – ең өткір проблеманың бірі. 2016 жылы жұмыссыздықты жоюды талап етіп шыққан қала жастары құқық қорғау органы тарабынан қудалауға ұшырап, оның лидері Ержан Елшібаев бес жылға абақтыға жабылған еді. Полиция оған бұрынғы заң бұзғаны себеп болды деген уәж айтқан. Ал белсендінің ісін зерттеген жергілікті құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
Жаңаөзенде 160 мың адам тұрады. Онда аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы орналасқан. Ол Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді. Компания құрамына кіретін 16 өндірістік құрылымдық бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР