Accessibility links

Ақтөбе облысында өрттен егіз бала опат болды


Ақтөбе облысының картасы.
Ақтөбе облысының картасы.

Ақтөбе облысының екі ауданында болған өрттен егіз бала опат болып, жүзден астам ірі қара жанып кетті. Оқиға 3 ақпан күні Ақтөбенің Қобда және Мұғалжар аудандарында болған.

Төтенше жағдай жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің хабарлауынша, Қобда ауданы Қызылжар ауылындағы жеке үйде электр желісінің ақауынан өрт шыққан. Өрттен 2017 жылы туған егіз бала опат болған. Балалардың ата-анасы бұл мезетте жұмыста болған.

Төтенше жағдай жөніндегі департаменттің мәліметінше, өртті еріктілер сөндірген. Өйткені ең жақын өрт сөндіру бөлімі Қызылжардан 80 шақырым жерде.

Осы күні Мұғалжар ауданының Көлденең Темір ауылындағы «Шоман» шаруа қожалығынан да өрт шыққан. Таң алдында басталған өрт 600 шаршы метр алқапты қамтыған.

Қожалықтағы өрттен жүзден астам ірі қара мен мал иесі Қазыбек Омаровтың бірнеше техникасы жанып кеткен. Шаруа қожалығындағы өрт те электр желісінің ақауынан шыққан.

- Сол күні мен жеке шаруаммен қалаға кеткенмін. Таңғы төртте малшы шаруашылықтың өртеніп жатқанын хабарлады. Қожалық аудан орталығы Қандыағаштан 45 шақырым жерде. Ең жақын өрт сөндіру бөлімі де сол жақта, ауданның орталығында. Өрт сөндірушілер жеткенше жүз бас сиыр түгел жанып кеткен, - дейді мал иесі Қазыбек Омаров.

4 ақпан күнгі брифинг кезінде ресми орындар бұған қоса 4 жылқы жанып кеткенін хабарлады.

Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Сансызбай Мұқановтың айтуынша, зардап шеккен фермерге ауылдық округтегі өзге шаруашылықтар жылу жинай бастаған. Әкімдік демеушілер көмегімен қаржылай қолдау көрсетуді де жоспарлап отыр. Мұқанов әзірше нақты қандай көмек көрсетілетінін айта алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG