Accessibility links

Германияның бұрынғы канцлері "Газпромның" директорлар кеңесіндегі Құлыбаевтың орнын басады


Миллиардер Тимур Құлыбаев.
Миллиардер Тимур Құлыбаев.

Ресей президенті Владимир Путиннің досы дейтін Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер ресейлік алып компания "Газпромның" директорлар кеңесіндегі миллиардер Тимур Құлыбаевтың орнын басады.

"Газпром" 4 ақпанда директорлар кеңесінің жаңа құрамына дауыс беру маусым айының соңында – акционерлердің жыл сайынғы жиынында өтетінін хабарлады. Тізім бекітіліп қойған. Онда Nord Stream AG компаниясының акционерлер комитетінің төрағасы Шредер бар. Есесіне тізімде экс-президенттің күйеу баласы, Kazenergy Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы Құлыбаев жоқ.

"Газпромның" директорлар кеңесінің құрамына 2011 жылдан бері мүше Құлыбаев өткен айда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткен.

Назарбаевтың өзге екі күйеу баласы: Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов қаңтарда ірі ұлттық энергетикалық компаниялардағы қызметтерінен айырылды. Бұған дейін бірі "Қазақгазды", бірі "ҚазТрансОйлды" басқарған. Назарбаевтың өзге туыстары да қызметтерінен кеткен.

Қаңтар басында Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтың соңы бірқатар қалаларда қантөгіске ұласты. Бастапқыда экономикалық талап айтқан наразылар кейін саяси талаптар қозғап, жемқорлық мәселесін, саяси тоқырау мен әділетсіздікті сынаған. Қаңтар оқиғасы кезінде наразылардың ашуы елді отыз жылға жуық басқарып, өз орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты отырғызып кеткен Назарбаевтың саяси мұрасына қарсы бағытталды. Көп сарапшы Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін де мемлекеттік аппаратты уысында ұстап тұрды деп санаған.

Тоқаев 11 қаңтарда Назарбаевты жанама түрде сынап, "елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды, енді олардың халыққа жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін кезі келді" деп мәлімдеген. Наразылықтан соң Тоқаев реформа жүргізуге, білім беру жүйесін жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға уәде берген.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болған, 19-ы – күштік құрылым өкілі. Оқиға құрбандарының аты-жөнін билік жариялаған жоқ. Құқық қорғаушылар ондаған адам із-түзсіз жоғалғандықтан қаза болғандар көп болуы мүмкін деп болжайды. Құқық қорғаушылар полиция мен әскерилердің наразылыққа еш қатысы жоқ бейбіт демонстранттар мен азаматтарды өлтіргенін дәлелдейтін айғақтар келтіреді. Тоқаев елде төтенше жағдай жариялағаннан кейін күштік құрылымдарға "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG