Жаңаөзен қаласының мұнай саласынан тұрақты жұмыс талап еткен жүз шақты тұрғын 5 ақпанда қала әкімдігі алдына тағы жиналды. Олардың дені жастар. Ереуілге шыққандар жергілікті биліктің мәселені шешуге ақпанның соңына дейін мұрсат беру туралы өтінішіне сенбейтіндерін айтады.
Жиналғандар әдеттегідей талаптарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты. Олар талаптарын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровқа бағыттап, өздеріне болашағы бар мұнай саласынан жұмыс тауып беруін талап етті.
Азаттыққа жалғасып жатқан жұмыссыздар ереуілі жайлы хабарлаған қала тұрғындарының бірі «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасу үшін оның аутсорсинг компанияларына жұмысқа тұрып, кейін ауысуға болатын схема құрылғанымен оның дұрыс орындалмай келе жатқанын айтты.
– Аутсорсингте кезекте тұрғандар көп. Мен 2016 жылдан бері тұрмын. Бірақ жұмысқа орналастыру жағын жемқорлық жайлаған. Ақша бергендер, танысы барлар жұмысқа ілігіп кетіп жатыр. Енді бұдан шығудың жолы осы ереуіл деп санап отырмыз, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан ер адам.
Жаңаөзеннің жұмыс сұраған тұрғындары қала әкімінің 24 ақпанға дейін уақыт беруді сұраған өтініштеріне сенбейтінін айтады.
– Осы уақытқа дейін алдап келді, он күн күт, бір ай күт деген кездері болды. Біз тағы да алданғымыз келмейді, - деді ол.
Жаңаөзендік жұмыссыздар талабы 31 қаңтарда басталған. Олар ақпанның 2-сінен бері күн сайын қала әкімдігі алдына жиналып, жұмыссыздық мәселесін шешуді сұрап жүр.
Қала әкімдігінің алдында ереуілдеп тұрғандарға бейсенбі күні Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров келіп, проблеманы шешу үшін 24 ақпанға дейін уақыт беруді сұраған.
Маңғыстау облысының әкімдігі 3 ақпанда Азаттыққа жіберген жауабында оларға жұмыспен қамту орталығындағы бос орындар ұсынғанмен тұрғындардың одан бас тартқанын, тек мұнай-газ саласындағы жұмыстарды "талап еткенін" айтқан.
Жаңаөзенде жұмыссыздық – ең өткір проблеманың бірі. 2016 жылы жұмыссыздықты жоюды талап етіп шыққан қала жастары құқық қорғау органы тарабынан қудалауға ұшырап, оның лидері Ержан Елшібаев бес жылға абақтыға жабылған еді. Полиция оған бұрынғы заң бұзғаны себеп болды деген уәж айтқан. Ал белсендінің ісін зерттеген жергілікті құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
Жаңаөзенде 160 мың адам тұрады. Онда аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы орналасқан. Ол Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді. Компания құрамына кіретін 16 өндірістік құрылымдық бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде жұмыссыздыққа шағынған жұрт наразылық білдіріп жатыр (3 ақпан 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР