Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған белсенді Ерғали Құлбаевқа қысым жасалғаны хабарланды. Бұл жөнінде 5 ақпанда Шымкент қалалық прокуратурасының алдына түрмеде қысым көргендердің туыстарымен бірге келген белсендінің әйелі Назерке Нәлібай тікелей эфирде хабарлады.
Назерке Нәлібайдың Азаттыққа айтуынша, 4 ақпанда ол күйеуі Ерғали Құлбаевпен кездескен. Құлбаев түрме қызметкерлерінің табанын резеңке таяқпен ұрып, соңғы бір аптадан бері орынсыз килігіп, түртіп өтіп, бейәдеп сөз айтып, ар-намысына тиетін сөздермен арандатып жүргенін жеткізген. Назерке Нәлібай күйеуімен ортасы әйнекпен бөлінген кабинада телефонмен сөйлескенін айтады.
- Ерғали телефонмен көп сөз айта алмайтынын, егер қысым тоқтамаса аштық жариялайтынын ескертті. Қазір түрмедегі қысым туралы прокуратураға арыз жаздық, - дейді Нәлібай.
Жиналғандардың алдына шыққан прокурор Нариман Базарбаев олардың көзінше түрме әкімшілігімен сөйлесті. Прокурор кімде кімнің туысы түзеу мекемесінде қысым көрген болса, арыз жазуын сұрады. Түрме әкімшілігі бір күннің ішінде жауап беретінін жеткізді.
Ерғали Құлбаев – бірнеше жылдан бері Шымкентте өткен түрлі наразылықтарға қатысып, пікірін ашық айтып жүрген азаматтық белсенді. Наразылыққа шыққаны үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, 15 күнге дейін қамалған.
4 қаңтар күні қала әкімшілігінің алдында жаңаөзендіктерді қолдауға Құлбаев та барды. Оны келген бойда полиция күштеп ұстап, кешке босатқан. Туыстарының айтуынша, сол күні кешке белсенді мыңдаған адам қатысқан бейбіт митингіде елді арандап қалмауға шақырып, ештеңені қиратпауды сұраған. 5 қаңтар күні алаңда бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын көріп, 6 қаңтар күні азаматтық қоғам штабын құрған. Штаб мүшелері қолына ақ лента тағып алаңға шыққанда оларды полиция тағы ұстаған. 7 қаңтар күні түнде үйінен қара киім киген полиция қызметкерлері күштеп әкеткен.
11 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты 36 жастағы Құлбаевты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және «Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу» бабымен күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. 21 қаңтарда қалалық сот белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Қаңтар оқиғасына байланысты Шымкентте 271 адам әкімшілік іспен қамалды. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың 75-і екі айға қамалды.
Өткен айдағы оқиғаға байланысты елде 2,7 мың қылмыстық іс қозғалған. 802 адам қамауға алынған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар, жараланғандар мен ұсталғандар арасында бейбіт тұрғын көп. Құқық қорғау ұйымдары мен белсенділер билікке "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "ғимараттарды басып алу" сияқты ауыр баптарды азаматтарға оңды-солды тақпауын, оқиғаны ашық зерттеуге шақырған. Ұсталғандарды азаптамауға үндеген.
ПІКІРЛЕР