2016 жылдың жазынан бері Украинада тұрып жатқан саяси белсенді Ермек Нарымбаевты бүгін, 6 ақпанда таңертеңгі сағат 7-де Киевтен Алматыға ұшып келген сәтте әуежайдың күту залына жеткізбей полиция алып кетті. Оны Алматы қалалық ішкі істер департаментіне әкеткені жайлы құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов хабарлады.
Ермек Нарымбаевты әуежайдан күтіп алуға барған 50-ге жуық адам бір сағаттан астам тұрып, қайтты. Олар әуежайдың күту залында биліктен Ермек Нарымбаевты босатуды талап етіп ұрандатты.
Ермек Нарымбаев Қазақстанға оралатынын таяуда, 23 қаңтарда әлеуметтік желі арқылы хабарлаған. "Жақында Алматыда боламын. Билік пен қоғам арасында диалог болады деп сенемін, ақ ту ұстап барамын. Балаларыммен кездесуге мүмкіндік бола ма, жоқ па, білмеймін" деп жазған.
Кеше, 5 ақпан күні Киевтен Алматыға ұшар алдында да әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, бірнеше минуттан соң ұшаққа отыратынын хабарлаған.
51 жастағы Ермек Нарымбаев Қазақстанда тұтқындалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ дәл қазір өзін қамау билікке тиімсіз деп санайды.
"Ақорда Қазақстанға өз еркіммен келе жатқан мені абақтыға отырғызу пайдасыз екенін, беделіне зор нұқсан келетінін түсінуге тиіс" дейді ол.
Ол абақтыға қамалған күннің өзінде "ұзақ отырмайтынына" сенімді.
"Егер [түрмеге] отырғызатын болса, ол ұзаққа созылмайды деп сенемін. Қазақстанға мені шығарып салып, сонда қарсы алатын журналистер, блогерлер, көп адам болады, сондықтан мені тыныш қана тұтқындай алмайды. Ұрып-соғу мен азаптауға да толық дайынмын, бірақ ол билікке тиімсіз. Менің даусым сырт жақтан гөрі, әсіресе дәл қазір елдің ішінде салмақтырақ болады" деп жазған Ермек Нарымбаев. Ол халыққа үндеуін "түрмеде отырып та жазатынын" айтқан.
2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабынан үзіндіні әлеуметтік желіге жариялағаны үшін соттаған. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбаев үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айырылған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбаев пен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбаев тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.
Ермек Нарымбаев 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбаевты төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.
ПІКІРЛЕР