Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 ақпан күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысында "еңбек ұжымдарының наразылығы күшейіп келе жатқанын" айтып, мәселені шешу қажеттігін атап өтті.
– Жұмысшылардың барлық талабын мұқият қарау керек. Олардың заңды құқықтары мен мүдделері сақталуы тиіс. Кәсіподақ жетекшілері мен жұмысшылары шеруге шығып жатқан компаниялармен сындарлы диалог орнату қажет. Қабылданған шешімдердің барлығын қарапайым жұмысшыларға дұрыстап түсіндіру керек, –деді Тоқаев.
Оның сөзіне қарағанда, "проблеманы тек әкімдіктерге ғана жүктеп қоюға болмайды, оны бірлесе қараған жөн". Бұл тұста үкімет пен "Самұрық-Қазына" да тығыз жұмыс істеуі тиіс деді. "Қажет болса, үкіметтің арнайы комиссиясын Маңғыстауға жіберу керек" деді Тоқаев.
Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында жұмыссыздықты талап еткен жүздеген жұмысшының мәселені шешуді талап етіп, әкімдік алдында тұрғанына бір апта болды. Жұмыс сұрап жүргендердің тізімі 2500 адамға жеткен және ол күн сайын толығып жатыр дейді белсенділер.
Олар Қазақстан президені Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жолдап, жұмыс туралы талаптарын айтты.
8 ақпан күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға жеткенін айтты. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мұнай-газ саласында істеуге ниет білдіргендіктен 2019 жылдан бері аймақта арнайы алгоритм іске қосылып, 4637 адам кезекке тұрған. 1447 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды деді Ноғаев.
Жаңаөзен тұрғындары жұмыссыздық проблемасын бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2016 жылы жұмыссыздықты жоюды талап етіп шыққан қала жастарын полиция қуып таратқан еді. Оның лидері Ержан Елшібаевты бес жылға бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жергілікті құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.
Қарай отырыңыз: Жаңаөзен бір аптадан бері ереуілдеп тұр (7 ақпан 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР