Accessibility links

Си Цзиньпинге алғыс, "жаңа Қазақстан" құруға көмек. Тоқаев Пекинге не үшін барды?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай лидері Си Цзиньпин. Пекин, 5 ақпан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай лидері Си Цзиньпин. Пекин, 5 ақпан 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай "жаңа Қазақстан" құруға көмектеседі дегенде нені меңзеді? Тоқаевтың Қытайға сапары Қазақстанның Шыңжаң мұсылмандарын қудалау саясатына қатысты көзқарасына қалай әсер етеді? Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін Қытай Орталық Азиядағы рөлін қайта қарап, өңірдегі ықпалын күшейтуге тырыса ма? Азаттық Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері, Қытай мен Орталық Азия бойынша сарапшы Темір Омаровтан сұрап көрді.

"ТОҚАЕВ БЕДЕЛІН НЫҒАЙТУ ҮШІН КЕЗ КЕЛГЕН МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП ЖАТЫР"

Азаттық: Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет шетелге шығып, Қытайға ресми сапармен барып қайтты. Ол [Қытай президенті] Си Цзиньпинге Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған саясатын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Білуімізше, Пекин Қазақстан билігінің сырттан төнген террористік қауіп туралы сөзін қолдады. Тоқаев Си Цзиньпиннің қолдауы туралы айтқанда осыны меңзеді ме? Әлде басқа да дүниелер бар ма?

Темір Омаров: Бұл жай ғана дипломатиялық ортада жиі айтылатын классикалық сөздер деп ойлаймын. Тоқаев осы арқылы халықаралық қауымдастыққа Батыс демократиясына кірмейтін Ресей, Қытай сияқты мемлекеттермен бір жақта екенін, авторитар режимге қауіп төне қалса, бәрі бірін-бірі қолдауға дайын екенін жеткізгендей болды. Сондықтан Тоқаев бұл жерде шынайы қолдауды, Қытайдың дағдарыс кезінде берген көмегін меңзеп отыр деп ойламаймын. Бұл жай ғана символикалық, риторикалық қадам болған сияқты.

Азаттық: Тоқаев "Қытай "жаңа Қазақстан" құруға көмектеседі" деді. Бұл сөздің астарында не жатыр? Қытайдан қандай көмек болады? Қазақстан бұл көмектің қарымтасын немен қайтармақ?

Темір Омаров: Тоқаев қазір билігін, беделін нығайтып, "жаңа Қазақстан құрамын" деген идеясын бекіту үшін сыртқы саясаттағы кез келген мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Өйткені кей азаматтар Тоқаевтың "жаңа Қазақстан" құрамын деген уәдесіне күмәнмен қарайды. Бұл қоғам наразылығын басу үшін айтылған популистік уәде сияқты көрінеді.

Президент "жаңа Қазақстан" идеясы аясына жақтастарын, көмектесуге дайын сыртқы серіктестерін жинау арқылы бұл ойды өзі ғана емес, басқалар да қолдайтынын көрсеткісі келеді.

Бірақ мұның артында белгілі бір келісімдер мен Қытайға артылған міндеттемелер болады, Тоқаев Пекиннен юань толы қап арқалап оралады деп ойламаймын. Қытай да "Қазақстандағы жағдайды бақылауда ұстаймыз, Тоқаевтың бастамаларына қолдау көрсетеміз" деп айта береді. Бірақ шын мәнінде айтылған уәделерді екіге, дұрысы, үшке бөліп қарау керек.

"ҚЫТАЙДЫҢ ШАМЫНА ТИСЕ, АРТЫ ҮЛКЕН ДАУҒА АПАРЫП СОҒУЫ МҮМКІН"

Азаттық: Қазақстан қазақтардың Шыңжаңдағы туыстарын босатуға жәрдемдесу туралы өтінішіне қарамастан, Қытай саясатын сынаған жоқ. Тоқаевтың Қытаймен достықты нығайту ниетіне қарағанда, қудалауға ұшыраған қазақтар тақырыбы тағы да назардан тыс қалатын сияқты?

Темір Омаров: Бұл онсыз да назардан тыс, шетте қалған мәселе болатын. Иә, журналистер сұрағына бірнеше жауап болды, бірақ одан артық ештеңе айтылған жоқ. Қазақстан ешқашан Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында жүргізген саясатына қарсы шыққан емес. Қазақстан мұны Қытайдың ішкі мәселесі деп атап, оған араласуға құқығымыз жоқ деп келді. Бұл – прагматикалық саясат. Өйткені Қазақстан Қытайдың шамына тисе, оның арты үлкен дауға апарып соғатынын жақсы біледі. Ал құрлықта аса ұзын шекарамыз бар, экономикамыз тәуелді мемлекетпен арада мәселе болғанын ешкім қаламайды. Осы себептен Қазақстан бұл тақырыпқа көз жұма қарап келді, сол саясатын алдағы уақытта да жалғастырады.

Бірақ Қазақстан жағдайды сәл де болса реттеуге тырысып бақты. Мысалы, қытай-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен бірнеше азаматты экстрадициялаған жоқ. Бұл Қазақстанның сәл де болса қатқылдық танытып, адамдарды босатып, оларға Еуропаға қашуға мүмкіндік беріп отырғанын дәлелдейді.

Азаттық: Орталық Азия елдері басшылары Қытайдағы қысқы олимпиада ойындарының ашылуына барды. Батыс елдері ұйғыр, қазақ және қырғыз халықтарына жасалған қысым үшін бұл шараға бойкот жариялады. Орталық Азия президенттерінде Пекинге барудан бас тартатын ерік болмады ма?

Темір Омаров: Қытай – өңір елдері үшін маңызды көрші. Орталық Азия Қытайдан, Қытай Орталық Азиядан қашып құтыла алмайды. Біз мұны қаласақ та, қаламасақ та бұл елдер Қытаймен прагматикалық және саяси тұрғыдан жақын болып қала береді. Орталық Азия елдері басшылары Си Цзиньпиннің шақыртуынан бас тарта алмаған сияқты. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон спортшыларының квалификациясы жетпей, олимпиадаға қатыспаса да, ашылу салтанатынан қалған жоқ.

Бұл Қытайдың Орталық Азия үшін қаншалық маңызды екенін көрсетеді. Бұл шынымен тарихи оқиға. Өйткені пандемия басталғалы шекарасын жауып тастаған Қытай енді ғана ашылып жатыр, Си Цзиньпин де осы уақыт ішінде ешкіммен ресми кездесу өткізген жоқ. Осындай шақта Қытай басшысы сізді елдің алғашқы қонақтарының бірі болуға арнайы шақырса, мұндай сәтті кім жіберсін.

Бұл тұрғыдан алғанда, Орталық Азия елдері басшылары олимпиаданың ашылу салтанатына бармай қалады деп күту бекер еді. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мәскеудегі [жеңіс күніне арналған] парадқа барып, кері қайтқан бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков сияқты орта жолда қалмау үшін Қытайға сапарының алдында қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті.

"РЕСЕЙ РЕЖИМДІ САҚТАП ҚАЛУҒА КӨМЕКТЕСТІ, ПЕКИН НЕ БОЛЫП ЖАТҚАНЫН ТҮСІНГЕН ДЕ ЖОҚ"

Азаттық: Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде Пекин қауіпсіздік бойынша қолдау көрсетуді ұсынғанын, бірақ оның көмегі елеусіз қалғанын білеміз. Сарапшылар Қытай ақпаратқа қолы жетпей, Қазақстандағы процестерді болжай алмады деп жазды. Қытай өңірдегі рөлін қайта қарап, (экономикалық ғана емес, өзге де салалардағы) ықпалын күшейтуге тырыса ма?

Темір Омаров: Қытай қаңтар оқиғасы кезінде не болып жатқанын мүлде түсінген жоқ. Ал Ресей жағдайды бақылауда ұстап, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін жіберіп, саяси режимді сақтап қалды. Қытай үшін бұл таңғаларлық жағдай болды. Алдағы уақытта Пекин Орталық Азияны танып-білуге, өңір бойынша сарапшылар санын арттыруға, аймақта болып жатқан оқиғаларды түсінуге күш салатын болады.

Ресейдегі саяси элита Орталық Азия басшыларын жақсы түсінеді. Олардың бәрі СССР компартиясы шекпенінен шыққан, бір елде туып, бір құндылық аясында тәрбиеленіп, бір мектептен өтіп, бір тілде сөйлеген. Сондықтан олар өзара жақсы тіл табыса алады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де, Мәскеу әлі күнге Орталық Азия елдеріндегі, саяси элиталар арасындағы процестерді түсініп отыр. Бұл оған өңірдегі жағдайға ықпал етуге көбірек мүмкіндік береді.

АҚШ та, Қытай да, Түркия да мұндай деңгейде ықпал ете алмайды. Қытай мұны жақсы түсінеді.

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін Пекиннің "мемлекеттің ішкі ісіне араласпау" деген стратегиясы өзгере ме? Қытай Орталық Азия елдерінің экономикасына миллиардтаған доллар қаржы құйды ғой, соның бәрін тәуекелге тіккісі келмейтін шығар?

Темір Омаров: Қытайдың басқа елдің ішкі ісіне араласпаймыз дегені шындыққа жанаспайды, өйткені ол өз ықпалын шектеп, "тек экономикаға ғана көңіл бөлеміз, саясат пен қауіпсіздік мәселесіне басымызды сұқпаймыз" деп айта алмайды. Олай жасау мүмкін емес, бұл табиғи процесс, оны ешкім бақылауда ұстай алмайды.

Қытай қандай да бір елге инвестиция құйып, оны халықаралық экономикалық саясаты үшін маңызды деп тапса, аталған мемлекет автоматты түрде экономикалық ғана емес, саяси тұрғыдан да Пекинге тәуелді болып шыға келеді.

Қазақстанда Қытайға қарсы наразылықтар болғанда билік оларды тез басуға немесе Пекиннің шамына тимеуге тырысады. Яғни, Қытай саяси режимнің өзін қалай ұстайтынына әсер етіп отыр. Сондықтан елдің ішкі саясатына араласпаймыз деу − жалған. Қытай мұны жақсы біледі.

Қытай неге басқа елдердің ішкі ісіне араласпаймыз деп айтады? Өйткені Қытай өзін АҚШ сияқты ұлы держава көреді. Америка кез келген кикілжіңге араласады, басқа мемлекеттер үшін шешім қабылдауға құқылымын деп ойлайды. Қытай басқа, ол да ірі держава болғанымен, өзін АҚШ сияқты ұстамайды. Нақтырақ айтсақ, басқа елдердің ісіне араласпайды. Бұл жай ғана дипломатиялық сөздер. Оны теріске шығаратын мысал көп. Мәселен, Тәжікстанда Қытайдың кеден бекеті немесе шекарадағы полиция бөлімшелері ашылған. Мұның неге керек болғаны белгісіз, бірақ бұл елдің ішкі ісіне араласпау деп аталмайды. Кез келген басқа держава сияқты Қытай да дипломатиялық мәлімдемесіне қарамастан, басқа елдегі жағдайға әсер етуге тырысады.

"РЕСЕЙДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСИ ЫҚПАЛЫ ӘЛСІРЕЙДІ"

Азаттық: Сарапшылар Мәскеу Қазақстандағы ҰҚШҰ операциясы арқылы ықпалын күшейтіп алды деп есептейді. Пекин бұрынғы күшінде қалған сияқты. Орталық Азиядағы мүдде қайшылығынан Қытай мен Ресей арасында текетірес болуы мүмкін бе?

Темір Омаров: Әзірге бәсеке туралы әңгіменің бәрі әсірелеу, жоқты бар етіп көрсету сияқты көрінеді.

Орталық Азия мәселесіне келгенде Ресей мен Қытай бір жақта екенін ұмытпау керек. Екеуі де өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға мүдделі.

Бұл ауған дағдарысы кезінде анық көрінді. Қазір Путин мен Си Цзиньпин кездесуінен кейін жарияланған мәлімдемеге қарасақ, онда Қытай мен Ресей көрші өңірлердегі саясатты үйлестірумен айналысады деген жолдар бар. Бұл жерде Орталық Азия туралы сөз болып отырғаны айтпаса да түсінікті. Яғни, біз өңірдегі әріптестік деңгейін дұрыс бағаламай отырған сияқтымыз. Әзірге қос мемлекеттің мүддесі бір жерден шығып отыр.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 4 ақпан 2022 жыл.

Мысалы, Ресейдің Қытай сияқты экономикалық ресурстары жоқ, сондықтан ол Орталық Азия елдерінің негізгі сауда серіктесі емес. Ресей өңір мемлекеттерінен мұнай мен газ сатып алмайды, бұл ресурстар оның өзінде де жетіп-артылады. Бұл тұрғыдан алғанда, Ресей екінші орынға ығысады.

Бірақ қауіпсіздік саласына келгенде Қытай өңірде ресейлік әскери базалар мен нысандар жаңа пайда болмағанын, Мәскеудің саяси ықпалы Совет одағынан мұра болып қалғанын, өңір елдерінің ұзақ жылдар бойы бір держава болып өмір сүргенін жақсы түсінеді. Қос тарап та бұл мәселелерде бір-біріне бәсекелес бола алмайтынын біледі.

Ұзақ мерзімді перспективаны алсақ, әрине, болашақта [Қытай мен Ресей арасында] бәсеке артады. Өйткені уақыт өте келе Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ықпалы әлсірейді. Бұл өңірдегі саяси элита ауысып, Совет одағында өскен адамдар биліктен кетіп, олардың орнын тәуелсіздік жылдары туған жаңа толқын басқан кезде болады. Ресейде де дәл осы жағдай қайталанады. Сондықтан элиталар арасындағы байланыс жоғала бастайды. Осы кезде Қытайға өңірдегі ықпалын күшейтуге мүмкіндік туады.

Азаттық: Сарапшылар АҚШ пен батыс елдерінің Қазақстандағы жағдайға әлсіз реакция білдіргенін айтып жатыр. Батыс мемлекеттері әзірге зорлық-зомбылық пен азаптауды сынайтын жалпы сипаттағы құжат қабылдаумен ғана шектелді. Путин мен Си Цзиньпин батыс елдерін айыптайтын мәлімдемеге қол қойды. Ресей мен Қытай сияқты белсенді ойыншылардың батыс елдерін өңірден біржола ығыстырып шығаруы мүмкін бе?

Темір Омаров: АҚШ Ауғанстандағы әскерін алып кеткен кезде Орталық Азиядағы ықпалынан айырылды. АҚШ өңірден өз еркімен кетті.

Қытай мен Ресей АҚШ-тың өңір ісіне араласқанын қаламайды, бұл оларға ұнамайды. Кремльдің кейінгі жылдары шекарада болған дағдарыстарға реакциясына қарасақ, Беларусьтегі жағдай, Таулы Қарабақ қақтығысы, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара жанжалы немесе Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары мен шенеуніктердің "осының бәрін батыс елдері Ресейге қысым жасап, оның ықпалын әлсіретіп, қиын жағдайда қалдыру үшін әдейі ұйымдастырып отыр" дегенін көреміз.

Ресеймен шекарада болған оқиғалардың бәрі батыстың қолымен жасалған, Ресейдің халықаралық деңгейдегі ықпалына әсер етуге талпыныс деп бағаланады.

Ресейдің НТВ арнасы Қазақстандағы наразылықты ұйымдастырушы ретінде кімді атады?

Қаңтар оқиғасын «ұйымдастырған» кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

Қазақстанға, оның көпвекторлы саясатына оралсақ, батыстың ел экономикасына белсенді араласуы басқа мәселе. Ресейге Қазақстанның мұнай секторынан америкалық компанияларды қуып шығу тиімсіз. Бұл Қазақстанға ауыр тиеді, бұл соққы Ресейге де әсер етеді. Өйткені шығынның орнын толтыру қажет болады. Бірақ бос қалған орындарды ешкім қолға алғысы келмейді.

Сондықтан олар АҚШ-тың өз еркімен кеткенін қолдайды. Бірақ Ресей мен Қытай АҚШ-ты өңірден ығыстыруға тырысып жатыр деп ойламаймын.

"БАТЫСТАН КӨП НӘРСЕ КҮТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Азаттық: Батыс елдері 2020 жылғы президент сайлауынан кейін жаппай наразылық акциясына қатысушыларды қудалағаны үшін Беларусь шенеуніктеріне санкция салды. Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болды. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының баяндамасына сәйкес, Қазақстан билігі халыққа қарсы оқ атып, шектен тыс күш қолданған. Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталғандар азапталып жатыр деген деректер бар. Неге батыс елдері бұл оқиғаларға әлсіз реакция білдірді?

Темір Омаров: Батысты мінсіз көріп, одан көп нәрсе күтудің қажеті жоқ. Өйткені олар да авторитар режимдер сияқты прагматикалық сыртқы саясатты ұстанады. Батыс елдері Қазақстандағы мүддесіне нұқсан келтіріп, қандай да бір құндылықтарды қолдау үшін санкция салуға бармайды.

Қазақстандағы жағдайды Беларусьпен салыстыруға келмейді. Беларусьте шынымен бейбіт наразылық өтті, онда Алматыдағыдай ойран болған жоқ. Алматыдағы оқиғаларға қылмыстық топтар да қатысты, мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасалды, ғимараттар өртелді. Бұл бейбіт наразылық емес. Мемлекет өзін дұрыс ұстады дей алмаймын, халықаралық террористер туралы ресми нұсқаны да қолдамаймын.

Аталған оқиғалар арасындағы тағы бір ерекшелік: Беларусь экономикасында батыс елдерінің үлесі жоқ. Беларусь дағдарысқа дейін де, одан кейін де тек Ресейге ғана тәуелді болып келеді. Сондықтан батыс елдеріне Беларуське қарсы санкция салу қиын болған жоқ. Қазақстанның жайы басқа. Батыс елдері мәселе санкция салумен ғана шешілмейтінін, оның ауыртпалығы онсыз да наразы халықтың иығына түсетінін жақсы біледі. Екіншіден, бұл Қазақстан билігіне соққы болып, саяси элита Ресей мен Қытайға одан әрі жақындай түседі.

Яғни, батыс елдері санкция салып, билік мұның халықаралық терроризм емес, наразылықты басу операциясы болғанын мойындайды деп күтсе, өз жағдайын нашарлатып, Ресей мен Қытайдың ықпалын арттырады. Олар бұған дайын емес. Сондықтан батыс елдері бұл мәселені мінсіз әдіспен шешеді деп күтуден пайда жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG