Accessibility links

Жаңаөзенде үшінші мекеме ереуілге шықты


Жаңаөзендегі автокөлік бекетінде ереуілдеп тұрған "Бұрғылау" компаниясының жұмысшылары. 9 ақпан 2022 жыл.
Жаңаөзендегі автокөлік бекетінде ереуілдеп тұрған "Бұрғылау" компаниясының жұмысшылары. 9 ақпан 2022 жыл.

9 ақпанда Жаңаөзенде "Бұрғылау" компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты. Олар басшылыққа 10-нан астам талап қойып отыр. Негізгісі – еңбекақыны төлеу жүйесін дұрыс жолға қою, еңбек жағдайын жақсарту. Бұл Жаңаөзенде ереуілге шыққан үшінші мекеме.

"Бұрғылау бойынша толық жұмыс тоқтатылып тұр" деді жұмысшылардың бірі Бауыржан Әбубәкіров сәрсенбі күні таңертең Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, жұмысшылар ереуіл жасап жатқан орын – автокөлік бекетіне 400-500 шақты адам жиналған.

"Компанияда барлығы 2 мың адам жұмыс істейді. Төрт вахта. Бір вахтасы тұтас шыққан. Әлі де біраз адамдар қосылады деп ойлаймын" деді ол.

Жұмысшылардың айтуынша, сәрсенбі күні компания директоры Дүйсенбай Таушаев мен мекеме заңгері жиналғандарға келіп, жұмысқа шығуға көндіруге тырысқан. Жұмысшылар оның сөзінен "қоқан-лоқы, қорқыту" ниеті байқалғанын да айтады.

Жұмысшылар жіберген видеода компания директорының ереуілшілерге қарата "жұмысқа шығатын адамдар шықсын, шықпайтындар қалсын. Содан кейін заң түрінде қолданады" деп ескерткені көрінеді. Ал наразылар талаптары орындалмайынша жұмысқа шығудан бас тартатынын айтқан.

– Біз заңсыз жұмыс жасап жатырмыз ғой. Техникаларымыздың өзі ескі. Бұрғылауды айтпай ақ қояйын. Кеше қалай тазалайтынын көрсеттік. Заңды ма сол? Сіз бізге заң айтқыңыз келеді. Сіз бірінші заңды дұрыстап алыңыз. Өздеріңіз көріңіздерші жағдайды, – дейді видеода жұмысшылардың бірі компания басшылығына.

Жұмысшылар талаптарының арасында қосымша істеген жұмысшыларға және зауыт зияндылығына байланысты қосымша ақы төлеу, кейбір цехты жаңарту, жетіспейтін орындарға жұмысшыларды қабылдау, лагерьге бармаған балаларға түгел өтемақы төлеу сияқты талаптар бар.

Компания өкілдері әзірге Азаттыққа жауап бермеді.

Кейінгі күндері Жаңаөзенде наразылық қайта өршіген. Жұмыссыздық мәселесін шешуді талап еткен жүздеген тұрғын облыс әкімдігі алдында бір аптадан астам уақыт наразылық білдіріп тұр. Бұған қоса, "Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) - Қазатомөнеркәсіп" мекемесінің мыңға тарта жұмысшысы мекеме маңында ереуілдеп жатқалы екінші күн.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзен бір аптадан бері ереуілдеп тұр (7 ақпан 2022 жыл).

Жаңаөзен бір аптадан бері ереуілдеп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG