Accessibility links

Өзбекстан Швейцариядан Гүлнара Каримованың тағы да 10 миллион долларын алдырғанын хабарлады


Гүлнара Каримова
Гүлнара Каримова

Гүлнара Каримованың қылмыстық жолмен жинаған 10 миллион доллары Франциядан Өзбекстанға қайтарылды. Бұл ақпаратты Өзбекстан әділет министрлігі хабарлады, бірақ қашан, қай күні қайтарылғанын айтпады. Ақпаратты Азаттықтың Өзбек редакциясы жариялады.

Өзбекстан әділет министрлігінің сөзінше, "2020 жылы мамыр айында да Гүлнара Каримоваға тиесілі 10 миллион доллар қайтарылған. Қазір Швейцария, АҚШ, Франция, Ресей және өзге де елдердің билігі мен өзбек билігі Өзбекстаннан қылмыстық жолдармен заңсыз шығарылған ақшаны қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр".

Өзбекстан мен Швейцария арасындағы келіссөздің бір сатысы 11 ақпанда өткен. "Екі тарап Біріккен ұлттар ұйымының көп жақты траст қорын құруға уағдаласты. Қордың жұмысы Гүлнара Каримоваға байланысты қылмыстық іс бойынша тәркіленген активтерді қайтаруға бағытталады. Тек Каримова емес, өзге де тәркіленген активтермен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 131 миллион доллар ақша Өзбекстанға қайтарылуға дайын тұр, - дейді Өзбекстан Әділет министрлігі.

Қорды басқару механизмі Швейцария, Өзбекстан және Біріккен ұлттар ұйымының өкілдерінен құралады. Осылайша, Швейцария мен Өзбекстан автивтерді қайтаруға кіріседі.

Әділет министрлігінің сөзінше, Гүлнара Каримаова жөніндегі өзбек соттарының үкімдерін Мәскеу қалалық соты мойындаған, сол себепті Ресей де Каримованың тәркіленген активтерін сатуды ұйымдастырып жатыр.

Гүлнара Каримованы Ташкент соты 2020 жылы 18 наурызда 13 жыл 4 айға соттаған. Оған "қастандық жасамақ болды, бопсалады, ұрлық жасады, ақша жылыстатты" деген түрлі айыптар тағылған. Өзбекстанды көп жыл басқарып, аяқ астынан қайтыс болған автократ Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова әкесі тірі кезінде-ақ Ташкент облысындағы әйелдер колониясына қамалған.

Биыл қаңтар қырғынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәлімдеме жасап, үкіметке Қазақстаннан шетелге заңсыз шыққан қаржыны қайтаруды тапсырған.

"Қаңтар қырғынынан" кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "қауіпсіздік кеңесінің төрағасы" өкілетінен айырылып, туыстары жоғары қызметтерінен босаған. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың шетелге "заңсыз шығарған ақшасын қайтару" жөнінде қоғам белсенділері сөз ете бастаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG