Accessibility links

Түркістан облысында "тұтқынды ұрып-соқты" деп айыпталған түрме қызметкерінің бостандығы 5 жылға шектелді


Қазақстанның оңтүстігіндегі түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстанның оңтүстігіндегі түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Түркістан соты "түрмеде тұтқынды ұрып-соқты" деп айыпталған түрме әкімшілігінің қызметкеріне үкім оқыды.

Түркістан облысы Төле би аудандық соты Леңгір қаласы «Шахта Тоғыз» ауылында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің қызметкері, майор Нұрбек Үсенбаевтың бостандығын бес жылға шектеп, 10 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырды. Айыпталушыға «Билік өкілетін асыра пайдалану» (362-бап) бабы бойынша айып тағылған.

Сот қаулысына қарағанда, оқиға 2020 жылдың 15 желтоқсанында болған. Онда жәбірленушінің "түрменің ішкі тәртібін сақтамай, ереже бұзғаны", түрме қызметкерлері "қуғаннан кейін" өзіне қол салатынын жариялағаны жазылған. Сот қаулысында ол жөнінде ұзақ баяндалады. Тұтқын өзге сотталушылардың көзінше түрме әкімшілігінің қызметкері Үсенбаевқа "былапыт сөз айтып" ерегіскен. Ашуланған Үсенбай тұтқынды ұрып-соққан. "Оң көзі мен аузынан бірнеше рет қолымен, қатты затпен ұрып, беті мен арқасына тепкен" деп жазылған сот қаулысында.

Сотта Үсенбаев айыбын толық мойындаған, шын өкінетінін айтқан. Адвокат Ақәділ Азатбек Азаттыққа Үсенбаевтың апелляциялық шағым түсіру-түсірмеуі белгісіз деді.

Жазасын өтеп жатқан жәбірленуші Сәдірбаевтың туыстарынан Азаттық жауап ала алмады.

Сот үкімді 9 ақпан күні оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG