Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, "бүлікке қатысты" деп айыпталған қырғыз азаматы музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстанда азапталғанына байланысты Қырғызстан прокуратурасы да қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде адвокат Нұрбек Токтакунов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, істі Бішкек қаласының Ленин аудандық прокуратурасы қолға алған.
"Ленин ауданы прокуроры Викрам Рузахуновтың Қазақстанда азапталғанына байланысты қылмыстық іс қозғады. Егер қазақ билігі Викрамды қинағандарды жазаламаса, онда біздің билік оларды тауып, жазалауы тиіс" деді адвокат.
Прокуратура әзірге түсініктеме бермеді.
Бұған дейін Қырғызстан омбудсмен институты Қазақстанда екі қырғыз азаматы – Викрам Рузахунов пен Шолпонбек Сыдықовтың азапталғанына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Қазақстандағы Қаңтар қырғыны кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған.
Ұсталғандар арасында Қырғызстанның белгілі музыканты Викрам Рузахунов та болған. Ол Қазақстанда қалай азап көргенін егжей-тегжейлі айтып берген.
Алматыда Чолпонбек Сыдықовты да қатыгездікпен ұрып-соққан. Қырғызстанға оралған соң оған операция жасалған. Дәрігерлер мәліметіне қарағанда, екі аяғы мен қабырғасы сынып, миы шайқалған.
Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп Қырғызстан азаматын көрсеткен еді. Сол күні Қырғызстан ІІМ Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рапил Жошыбаевқа осы жайтқа байланысты қарсылық нотасын тапсырғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР