Accessibility links

Қоғам белсенділері саяси реформаға үндеп, астананың атын қайтаруға шақырды


Бір топ қоғам белсендісі билікті саяси реформаға шақырып, "Ел болашағы" деп аталатын саяси бастамалар жазылған мәлімдемеге қол қойды.

"Біз, түрлі салада қызмет етіп жүрген, елімізде қазір болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырған Қазақстан азаматтары, қалың жұртшылық пен еліміздің басшылығына мемлекетіміздің болашақтағы құрылымы туралы ұсыныстарымызды жеткіземіз. Баршамыз "қанды қаңтар" трагедиясының куәсі болдық. Оған елде орнаған қатал да әділетсіз автократиялық режим түрткі болғаны анық" деп мәлімдеме осылай басталған.

Мәлімдеме авторлары партия тіркеуді жеңілдетуді және партия арасында бәсекелестіктің болуын қамтамасыз етуді ұсынған. Бұған қоса, мажоритарлық-пропорционалдық жүйе бойынша ерте парламент сайлауын өткізуді, "бейбіт жиын" туралы заңды қайта әзірлеуді ұсынған.

Бастама топ өкілдері сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық сарапшыларды қатыстырып, қаңтар қырғынын зерттеуге шақырды. Саяси тұтқындарды босатып, азаптау мен сондай қылмыс түрлеріне көз жұма қараған күштік құрылым өкілдерін жазаға тартуға үндеді.

Мәлімдеме авторлары сонымен бірге астана атауын қайтару қажеттігін де атап өткен. Елден ұрланған қаражатты қайтарып, Қазақстан экономикасын қалпына келтіруге жұмсауды ұсынған.

Мәлімдемеге қоғам белсендісі, "КТК" телеарнасының бұрынғы басшысы Арман Шораев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, адвокат Джохар Өтебеков, журналистер Ермұрат Бапи, Дина Елгезек, Қарлығаш Еженова, саясаттанушы Досым Сәтпаев, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішев, қоғам белсендісі Тоғжан Қожалиева, бұрынғы шенеунік, қазір кәсіпкер Санжар Боқаев қол қойған.

Қаңтар қырғынынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке екі ай ішінде елден "заңсыз шығарылған" қаржыны қайтару механизмін жасауды тапсырған. Ол нақты кімдердің халық ақшасын ұрлағанын айтпады және ұрланған қаражат көлемін де нақтыламады. Кейбір заңгерлер Тоқаевтың мәлімдемесін популистік деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG