Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Қазақстан ұстанымы талқыланып жатыр деп мәлімдеді. Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін мойындау туралы қаулыға қол қойып, әскер жіберу туралы бұйрық берген.
– Қазір жағдай күрделі. Шиеленісіп бара жатыр. Ал қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр, - деді Мұхтар Тілеуберді журналистерге.
Украина шығысындағы сепаратистік республикалардың "тәуелсіздігі" туралы сұраққа министр "Луганск және Донецк халық республикаларының тәуелсіздігін мойындау туралы мәселе тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық негізінде және БҰҰ ұстанымын ұстанамыз" деді.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, Қазақстанның Киевтегі елшілігі қызметкерлері қазір "толық құраммен жұмыс істеп жатыр".
"Олар Украинадағы Қазақстан азаматтарымен байланыста отыр. Оларды эвакуациялау ықтималдығы туралы жоба да қарастырылған. Қандай да бір әскери қимыл басталған жағдайда азаматтарымызды дереу Киевтегі елшілікпен хабарласуға кеңес береміз" деді.
ПІКІРЛЕР