Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова мемлекеттік "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында елде қаңтар оқиғасына байланысты 18 шетел азаматы қамалғанын айтты.
Уәкілдің сөзіне қарағанда, қазір тергеу изоляторында отырған 18 азаматтың 14-і - Өзбекстан, екеуі – Ресей, екеуі – Қырғызстан азаматы.
Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін елде ұсталғандардың азапталғаны туралы көп хабар шыққан. Ұсталғандардың туыстарының айтуынша, "айыпты мойындату үшін" күштік құрылымдар ұсталғандарды ұрып-соққан, денелеріне үтік басқан, электрошокер соқтырған. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнақтарына ине сұқты" деп шағымданған азаматтар да бар.
Бұған дейін омбудсмен "полицияның дөрекі қарым-қатынасы жөнінде" шағымдар түскенін, оларды бас покуратураға жолдайтынын айтқан. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылардың сынына жиі ұшырайтын омбудсмен мемлекеттік арнаға берген сұхбатында өзіне 80 шағым келіп түскенін айтқан. Жартысы – "ұстағандарға дөрекілік көрсету" туралы шағымдар. Ол шағымдардың барлығы прокуратураға тапсырылатынын айтқан.
Эльвира Әзімованың айтуынша, тергеу кезінде заңсыз әдістердің қолданылуына байланысты қозғалған қылмыстық істер 191-ге жеткен.
"Қамауда жараланғандар мен соққыға жығылғандар көптігі жайлы хабарламаларға қатысты мына нәрсені атап өткім келеді: Хабарламалар 8 қаңтардан кейін кульминациясына жетті. Қазір қамауға алынғандар арасында жараланған 55 адам бар, сынған жері бар 8 адам, 212 адамда ісік (гематома) бар. Емделіп жатыр. Алғаш ұсталған кезде олар жедел жәрдем көліктеріне жете алмады" деді ол.
Оның айтуынша, Алматы қаласы, Алматы мен Жамбыл облыстарында қамалғандар арасында 16-17 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер бар. Бірақ олардың санын нақтыламаған. Оның айтуынша, оларға жаппай тәртіпсіздік, ғимаратты басып алу, қару-жарақ ұрлау сияқты ауыр баптар тағылған.
Ол Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары конвенциясын алға тартып, жасөспірімдердің қамаудан босатылғанын, тек Таразда прокурор тексерісінің аяқталмағанына байланысты бір жасөспірім қамауда қалғанын айтқан.
Қамаудағы азаптаулар жайлы ақпараттар көбейген шақта қаңтар айының ортасында Алматыдағы тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарына кіріп шыққан омбудсмен "полицияның дөрекі қарым-қатынасы туралы" шағымдар бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне тапсырылады деп айтқан. Ол тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарында отырғандандарға қатысты "террорист" ұғымын қолданып, оларды бейбіт шеруге қатысқандардан ажырату қажеттігін алға тартқан.
Бас прокуратура мәліметіне қарағанда, қаңтар оқиғасына байланысты сотқа дейінгі 3096 іс тіркелген. Арнайы прокурорлар "жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі" бойынша 181 істі тергеп жатыр. 741 күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. 157 күдіктінің бұлтартпас шарасы денсаулығы және өзге жайттарға байланысты қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.
Қазақстан билігі елдің түрлі қалаларында көтеріліс басталып, соңы қақтығысқа ұласқалы "шетелде дайындалған террористер мен содырлар шабуыл жасады" дегенді айтумен келеді. Бірақ әзірге президент те, басқа лауазымды адамдар да олардың қай елден шабуыл жасағанын нақты айтпады. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің "терроризм" сөзін орынсыз қолданғанын айтып сынаған. Ал Еуроодақ депутаттары Қазақстандағы жауапты шенділерге санкция салуға шақырған.
ПІКІРЛЕР