Канцлер Олаф Шольц Германия үкіметі "Солтүстік ағыс –2" газ құбырын сертификациядан өткізуді тоқтататынын мәлімдеді. dpa агенттігінің жазуынша, мұндай шешім Мәскеудің Донбастағы сепаратистік республикалардың "тәуелсіздігін" мойындауына байланысты қабылданған.
Шольц Ресей әскерінің Украинаға басып кіруін "халықаралық құқықты өрескел бұзу" деп атап, Экономика министрлігінен "әкімшілік шара қолданып, газ құбырын әзірге сертификациядан өткізбей тұруды" сұраған.
"Бүгін экономика министрлігіне Федералдық желі агенттігінен энергия қауіпсіздігімен қамтамасыз ету туралы баяндаманы қайтару туралы өтініш айттым. Бұл техникалық нәрсе болып көрінуі ықтимал, бірақ бұл газ құбырын сертификациядан өткізуді тоқтататын қажетті қадам. Онсыз газ құбыры пайдалануға берілмейді" деді Шольц. Оның сөзінен "Интерфакс" агенттігі үзінді келтіреді.
Ресей газын Еуропаға тасымалдауы тиіс болған қуаттылығы 55 млрд текше метрлік газ құбыры Ресейдің Ленинград облысынан басталып, Украинаны айналып өтіп, Германияның Балтық жағалауына қарай созылып жатыр. Бұған дейін құрылысы аяқталған газ құбырын іске қосу мерзімі құжат мәселелеріне ғана тіреліп тұрғаны хабарланған.
АҚШ, Еуроодақтың бірқатар мүшелері және Украинаның пікірінше, аталған жоба Мәскеудің Киевке қысымын үдетіп, ЕО-ның ресейлік "Газпромға" тәуелділігін арттырады. Мәскеу мұндай қауіп барын терістеген. Ал Германия соған қарамастан жобаны қолдаған. Бұған дейін АҚШ газ құбыры жобасына қатысқан компанияларға санкция салған.
- Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы сепаратистік республикалардың "тәуелсіздігін" мойындап, ол жаққа әскер жіберу туралы шешім қабылдаған. 22 ақпанда Ресей думасы "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасымен" ынтымақтастық орнату туралы келісімді мақұлдады.
- Батыс елдері Ресейдің шешімін қатаң айыптады. НАТО Мәскеу "Украина шығысындағы қақтығысты ушықтырып, Украинаны басып алуға сылтау іздеп отыр" деп мәлімдеді. БҰҰ Ресейдің сепаратистік республикалар тәуелсіздігін мойындау туралы шешіміне алаңдаушылық білдіріп, Украина тұтастығын қолдай беретінін айтты. АҚШ Украина шығысындағы жікшіл екі аймаққа санкция салды.
- Украина президенті Владимир Зеленский "мәселені дипломатиялық жолмен реттеу саясатын ұстанып, арандатуға ермейміз" деп мәлімдеді. "Украинаның өз шекарасын қорғауға құқығы бар" деді ол. Украина бас прокуратурасы "билік өкілінің мемлекет шекарасын өзгертуге шақыруына тыйым салатын" бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР