Қазақстанда атом электр станциясын салуға 5 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін. Қазақстан энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Жасұлан Қасенов 23 ақпанда Азаттық сауалына осылай жауап берді.
Оның айтуынша, "қуаты 1000–1200 мегаватт болатын энергия блогының" құрылысына осынша қаражат жұмсалады. Қасенов шығынның нақты көлемі АЭС салушы анықталған соң мәлім болатынын айтты.
Қасеновтің мәлімдеуінше, атом электр станциясын салуы мүмкін алты компания қарастырылып жатыр: NuScale (АҚШ), GE-Hitachi (АҚШ — Жапония), KHNP (Корея), CNNC (Қытай), EDF (Франция) және "Росатом" (Ресей).
Іске қосылған АЭС құрылыс шығынын 20 жылда өтейді, деп болжайды энергетика министрлігі.
23 ақпандағы брифингте АЭС құрылысына ыңғайлы екі орын қарастырылып жатқаны айтылды. Олар: Балқаш пен Курчатов қалалары.
Кейінгі кезде Қазақстанда билік АЭС мәселесін жиі айта бастады. Ақпан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан "атом электр энергиясына" зәру деді.
Былтыр қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.
Халықаралық энергетика саласының сарапшылары және бірқатар жергілікті мамандар АЭС жобасын "қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тым қымбат" және ғаламдық жылынумен күресте "тиімсіз құрал" деп атаған.
2021 жылғы желтоқсанда "Самұрық Қазына" ұлттық компаниясы "Росатоммен" келіссөз жүріп жатқанын растаған.
ПІКІРЛЕР