Accessibility links

Созақта "Қазатомөнеркәсіппен" еншілес кәсіпорынның жүздеген жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп тұр


Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етеді. 24 ақпан 2022 жыл.
Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етеді. 24 ақпан 2022 жыл.

24 ақпанда Түркістан облысы Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалының жүздеген жұмысшысы айлық жалақысын 100 пайызға көтеруді талап етіп, жұмысты тоқтатты. Жұмысшылардың айтуынша, талаптарын кәсіпорын басшылығына жазып, ұжымдық хат жолдаған.

"Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалында бұрғылау шебері болып жұмыс істейтін Нұрлан Бековтің айтуынша, кәсіпорында жұмыс істегеніне 20 жылдан асқан. Айлық жалақысы – 140 мың теңге. Бұл жалақымен күн көру қиын.

- Кәсіпорында жұмысшылардың айлық жалақы 65-140 мың теңге көлемінде. Жоспар 100 пайыз орындалса, сыйақы беріледі. Бірақ жоспарды толық орындау мүмкін емес, - дейді ол.

Жұмысшылардың хабарлауынша, "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалында мыңнан аса адам вахталық тәртіппен жұмыс істейді. Қазір 500 жұмысшы кәсіпорын басында жұмысын тоқтатып отыр. Қалғаны демалыста. Олар жалақы мөлшерін 100 пайызға өсіру талабын кәсіпорын басшылығына жіберген. Жұмысшылар талаптары орындалмаған жағдайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялайтынын айтады.

Жұмысшылар жіберген видеода жүздеген жұмысшы жұмыс орнына келіп, ереуілдеп тұрғаны байқалады.

- Машинист көмекшісімін. Айлығым төмен. Айына вахталық тәртіппен 15 күн жатып жұмыс істеп, 83 мың теңге жалақы аламын. Бұл күн көруге жетпейді, - дейді жұмысшы Илхамжан Абылаев Азаттыққа.

Жұмысшылардың жалақысын көтеру талабымен жұмысты тоқтатуы туралы "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалына хабарласып, пікір алу мүмкін болмады.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының ресми сайтында "Волковгеология" кәсіпорны компания құрамына 1997 жылы кіргені жазылған. Кәсіпорын компанияның ұран кен орындарын іздеу және барлаудан бастап, оны өндірістік пайдалануға енгізу және технологиялық бұрғылаумен айналысады.

Кәсіпорынның жер-жердегі алты филиалында төрт мыңнан аса адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG