Accessibility links

Астанада бірнеше белсенді Дулат Ағаділді еске алып, марафон өткізді. Шараны полиция бақылады


Екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алып, Марат Жыланбаев бастаған бірнеше адам ботаника бағында жүгірді. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.
Екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алып, Марат Жыланбаев бастаған бірнеше адам ботаника бағында жүгірді. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.

Екі жыл бұрын 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында азаматтық белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда қаза болды. Жұма күні таңертең астаналық белсенділер Ағаділді еске алып, Ботаника бағында марафон өткізді. Шараны танымал марафоншы Марат Жыланбаев ұйымдастырған. Таңғы сағат алтыға белгіленген марафонды полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

– Бүгін Дулат Ағәділдің жұмбақ жағдайда қайтыс болғанына тура екі жыл. Оны біз азаматтық белсенді, Қазақстанда адам құқықтары үшін күрескен тұлға ретінде білеміз. Үнемі бейбіт митингілерге шығып, билікке шындықты ашық айтып жүрді. Жеке танымасам да, Дулаттың азаматтық ұстанымын қатты сыйладым. Сол үшін де бүгін, 25 ақпанда осындай шара өткізіп, өз құрметімді көрсеткім келді, - дейді марафоншы.

Марат Жыланбаевтың айтуынша, шараға біраз адам қатысуға ниет білдірген. Бірақ белгісіз себептермен келмей қалған.

– Спортшылар чатына осындай акция өткізетінімді жазғам. Ол жерде артық ешкім жоқ-тын. Бірақ көріп отырғаныңыздай санаулы адам ғана келді. Бұл митинг емес, еске алу шарасы еді. Байқасаңыз, аумақта полиция көп. Бірнеше автобус та тұр. Полицияның келген кісілерді таратып жібергеніне күмәнім жоқ, - дейді Жыланбаев.

Марафон өтіп жатқан кезде шараны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. Айналада бірнеше автобус тұрды. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.
Марафон өтіп жатқан кезде шараны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. Айналада бірнеше автобус тұрды. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.

Ботаникалық бақтың жүгіру алаңына таңғы 6:00-ге жоспарланған шараға Марат Жыланбаевтан бөлек бес адам келді. Солардың бірі - Дулат Ағәділдің досы, азаматтық белсенділігі үшін өзі де бірнеше рет істі болып, сотталған Ербол Есхожин. Ол екі жыл өтсе де, Дулаттың өлімі ашық тергелмегенін айтады.

– Дулаттың қайтыс болғанына екі жыл өтсе де, оның өліміне кінәлілер анықталмады, ешкім жауапқа да тартылмады. Істің қалай аяқталғанын білесіздер. Қанағаттанбасақ та, түсіндірген біреу болмады. Дулат Ағәділ - Қазақстанда шындықты ашық айтқан санаулы адамның бірі еді. Орны үңірейіп қалды, - дейді Ербол Есхожин.

Акцияға қатысушылардың кейбірі бір шеңбер жүгірген соң үйіне қайтып кетті. Оларды полиция сырттай бақылап, фото-видеоға түсіріп жүрді. Маңайда бірнеше автобус тұрды. "Аумақта қандай операция болып жатыр?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлері жауап бермеді.

Дулат Ағаділ Қазақстанда билік рұқсат бере қоймайтын наразылық акцияларына қатысып, үкіметке талап қойған белсенді әрі қоғамда резонанс туғызған істер бойынша өткен соттардан тікелей хабар таратқан блогер ретінде танылған. Ол 2020 жылы 25 ақпанда астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Полицейлер 24 ақпан кешкісін Ағаділді үйінен алып кеткен. Билік белсенді жүрек талмасынан қаза болды дейді. Ал туыстары мен жақтастары биліктің айтқанымен келіспейді. Құқық қорғаушылар Дулат Ағаділді "саяси өлімнің құрбаны" деп атаған.

Полицияның Дулат Ағаділді үйінен әкеткенін соңғы көргендердің бірі – оның 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ еді. Ол 2020 жылы 11 қарашада кісі қолынан қаза тапты. Тергеу Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақталып қайтыс болды деп мәлімдеді. Былтыр сәуірде Нұр-Сұлтан соты Жанболат Ағаділге пышақ салды деп айыпталған Өміржан Рахметовті 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабымен айыпты деп тапты. Тағы үш адам "Бұзақылық" бабымен айыпты деп танылып, үш жылға түрме жазасына кесілді.

Кейбір белсенділер Жанболаттың өліміне әкесінің саяси белсенділігі себеп болды деп санайды.

Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі қарарында "саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" деп Дулат Ағаділ мен Жанболат Ағаділдің де атын атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG