Азаттық радиосы

"1937 жыл сияқты". "Қанды қаңтар" эпилогы. Бейбіт халыққа оқ ату, азаптау және "дәлелденбейтін қылмыс"

Азаттық радиосы

Ақп. 28, 2022

Қаңтар оқиғасынан бері жеті апта өтсе де, қантөгіс кезінде опат болған азаматтар туралы ресми дерек әлі жарияланған жоқ. Қаза тапқан азаматтар жайлы дерек жинаумен айналысып жүрген құқық қорғаушылар құрбандардың "көбін әдейі көздеп атқан", "жұмбақ жағдайда көз жұмған", "кейбір бейбіт тұрғындар азаптап өлтірілген" деген қорытындыға келген.

ТІРІ ӘКЕТІП, ӨЛТІРІП ҚАЙТАРДЫ

"Соңғы рет көруге де кіргізбеді. "Жүрегің шыдамайды" деді" дейді егіле жылаған Талдықорған тұрғыны Әлия Әбдірахманова. Ол қаңтар қырғыны кезінде 43 жастағы ұлы Алмас Мұқашевтан айырылған. Күйеуі мен туыстары қара жамылған ананы ұлының азапталған денесін көруге жібермеген.

Қаңтардың басында мыңдаған демонстрант бұрынғы президент, ел басқарған жылдары жемқорлықты өршітіп, экономиканың табысты салаларын туыстары мен үзеңгілес серіктеріне үлестіріп берген Нұрсұлтан Назарбаев пен оның саяси мұрасына наразылық білдіріп, көшеге шықты. 150 мың адам тұратын Талдықорған қаласындағы қарсылық акциясы әлемдік ақпарат құралдарының назарына ілікті. Назарбаев ескерткішінің тұғырынан құлаған видеосы инернетте кең тарады. Халықаралық басылымдар наразылардың бес жыл бұрын ғана сән-салтанатпен ашылған ескерткішті құлатқанын жарыса жазды.

Үкіметке наразылықтың символына айналған Талдықорған көп ұзамай жан түршігетін ең ауыр азаптау түрлерімен атышулы болған қорқынышты мекенге айналды. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтар полиция департаментіндегі "ет тартқышта" есінен танғанша таяқ жегенін айтып шағынды. Қамауда отырған жасөспірімдердің туыстары полиция "кінәсін" мойындату үшін кәмелетке толмаған жастарды денесіне ыстық үтік басып, тісін қысқышпен босатып, "ата-анаңды өлтіреміз" деп қорқытып, азаптағанын айтқан.

Полициядан көрген қорлығы мен жанайқайын жеткізгендер арасында Алмас Мұқашев та болуы керек еді… Бірақ ол қамаудан тірі шықпады.

Талдықорған тұрғыны, үш баланың әкесі Алмас Мұқашев 5 қаңтарда болған митингіге қатысқан. Көп ұзамай оны полиция ұстап, тұтқындауға негіз таба алмаған соң, үйіне қайтарған. Ертеңіне полиция басшылығы Мұқашевты мемлекеттік ғимараттарды күзетуге шақырған. Анасының айтуынша, Алмас әкімшілік ғимараттарды қорғауға қатысқан еріктілер қатарында полицияға көмектесіп, үйіне таң сәріде бір-ақ оралған. Бәрі қас-қағым сәтте өзгеріп шыға келетінін ешкім білмеген.

Алмас Мұқашев екі баласымен.

8 қаңтарда Алмас әйелімен бірге көлігіне отырып, шығып кеткен. Бірақ жолда дөңгелегі тесіліп қалған соң, діттеген жеріне жете алмай, көлігін автотұраққа қойып, үйіне жаяу қайтпақ болған.

– Келінімнің айтуынша, алдарынан форма киген жиырма шақты адам мен жай киімдегі бір кісі шыққан. "Жерге жат!" деп бұйырған. Ұлымның иығын аяғымен басып, телефонын тартып алған. Алмас еш қарсылық көрсетпеген. Көлігін тексерген. Рация арқылы әлдекімге "Таза. Таза" деп хабарлаған. Кейін "көлікте қанның ізі бар" деп түйілген. Ұлым мен келінім "ет сатамыз, соның қаны" деп түсіндірген. Бірақ олардың сөзіне ешкім құлақ аспаған, дейді Әлия Әбдірахманова.

Полиция Алмас Мұқашевты ұстап, әйелін босатып жіберген. Әйелі мен анасы Алмасты бірнеше күн бойы іздепті. Алмастың бір хабарын біліп қалармыз деген үмітпен полиция басқармасының алдында сағаттап сарыла күтіп, әкімдіктегі шенеуніктерге барған, ауруханаларды аралаған. Бірақ еш нәтиже болмапты. Оларға 1414 қызмет желісіне хабарласуға кеңес берген. Қызмет көрсететін орталық қызметкерлері Алмас Мұқашевтың деректерін жазып алып, "мән-жайды анықтап, хабарласамыз" деп уәде берген. Бірақ ешкім хабарласпаған. 13 қаңтарда Әлия Әбдірахманова тағы да полицияға барған. Олар "ұлыңыз изоляторда жоқ" деген.

– Сол күні үлкен немеремнің туған күні еді. Торт сатып алдым. "Әкең келсін, жақсылап тойлаймыз" дедім. Енді тортты кесе бергенімізде үйге бірнеше полицей келді. Қуанып кеттім, ұлым туралы жақсы жаңалық әкелген шығар деп ойладым. Полиция қызметкерлері "Алмас Мұқашев осында тұра ма? Қазір өзі қайда?" деп сұрады. Келінім екеуіміз "Өздерің алып кеттіңдер емес пе?" деп таңғалдық. Олар камерасын қосып, ұлымды іздеп жүргенімді видеоға түсіріп алды. Тінту болған жоқ. Тыныш келіп, тыныш кетті, – дейді Мұқашевтың анасы.

Әлия Әбдірахманова

Алмас Мұқашев 8 қаңтарда – ұсталған күні-ақ мәйітханаға жеткізілген. Бірақ отбасы қаралы хабарды бес күннен кейін бір-ақ алған. Алмастың достары мәйітханадағы мүрдені ажырата алмай, туыстарын шақырыпты. Әкесі Алмасты жазбай таныған…

Медициналық сараптама қорытындысында "ажалына мидағы ісік, субдуралды қан құйылу және басындағы неден екені белгісіз жарақат себеп болған" деп көрсетілген.

23 қаңтарда жемқорлыққа қарсы күрес қызметі азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Алмас Мұқашев – қаңтар оқиғасы кезінде немесе одан кейін ұсталып, полиция қолынан тірі қайтпаған жалғыз адам емес.

Алматыда полицейлер алты баланың әкесі Жасұлан Анафияевты дәл осылай үйінен алып кеткен. "Заңсыз митингіге қатысқаны үшін" әкімшілік қамауға алынған азамат бірнеше күннен кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Марқұмның денесінде азаптау іздері бар.

Ерлан Жағыпаров

6 қаңтарда Республика алаңы жаққа барған археолог Ерлан Жағыпаров өзін Ұлттық гвардия қызметкерлері ұстап, әкетіп бара жатқанын досына хабарлап үлгерген. Бір аптадан кейін Жағыпаровтың кенже інісі ағасының мүрдесін мәйітхана дәлізінен тапты. Ерланның қолында кісен, денесінде соққы іздері болған, қақ жүректен оқ тиіпті.

"Оны және аты-жөні анықталмаған талай адамды 1937 жылғыдай мәйітхана дәлізіне лақтырып тастаған" дейді Нұрлан Жағыпаров.

Семейде Жандос Жотабаев есімді азамат изоляторда көз жұмған. Марқұмның 11 қабырғасы сынған, денесінде соққыдан түскен іздер бар. Жандостың жерлесі Елдос Қалиев комендант сағатын бұзғаны үшін ұсталған. Көп ұзамай полиция оның "құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсету кезінде" көз жұмғанын хабарлаған.

Қызылорда облысында 5 қаңтарда наразылықтан кейін полиция көпшілікке аты таныс белсенді Айтбай Әлиевті ұстап әкеткен. Осыдан кейін ол жақындарымен байланысқа шықпаған. Белсендіні іздегендер оны мәйітханадан тапқан. Ұлының айтуынша, Әлиевтің денесінде үлкен жарақаттар болған.

Қамаудағы қорлық пен зомбылық, жаппай азаптау туралы шағымдар көбейген тұста, 16 ақпанда ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшысы Жанат Ешмағамбетов "тұтқындалған азаматтарға жәбір көрсету туралы хабарлар шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеп, шағымдарды "жаппай жалған ақпарат тарату" деп атады.

23 ақпанда мемлекеттік "Казахстанская правда" газеті бас прокуратураға қарасты арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаровтың сұхбатын жариялады. Заңдылық қадағалайтын мекеменің өкілі сұхбатында қаңтар оқиғасынан кейін алты азаматтың изоляторда қайтыс болғанын, олардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны екенін айтқан.

"ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТУ"

Балалар мерекесінен түсірілген суретте қуаныштан жүзі бал-бұл жанған бүлдіршін бір қолындағы үш, екінші қолындағы бір саусағын көтеріп, жасын көрсетіп тұр. Онысы – "төрт жастамын" дегені. Қаршадай қыз келер жылы бес саусағын көрсетіп, тағы да суретке түсер ме еді, бірақ Айкөркем енді ешқашан беске толмайды.

7 қаңтарда Алматыда төтенше жағдай режимі енгізіліп, қала интернеттен ажыратылып, жұрт ешқандай ақпарат ала алмай, құрсауда қалғандай күй кешті. Сол күні Айкөркем Мелдехан қала орталығына қарай шыққан аға-әпкелерімен бірге жеңіл көлікте болған. Олар азық-түлік алатын ашық дүкен іздеген. Республика алаңына жақын маңдағы Сәтпаев көшесіне жете бергенде бір отбасының балалары әскерилер оғының астында қалған. Айкөркемге де оқ тиген...

Айкөркем Мелдехан

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлы сол оқиғадан кейін көліктің сыртында жиырма шақты оқтың ізі қалғанан айтады. Қарудан хабары бар адамдар "Бұл – әскерилер қолданатын оқтың гильзасы" деп түсіндірген. Айкөркемнің әпкесі ауыр жараланып, үш ота жасатқан. Ағасы "әке, қарындасымды құтқара алмадым…" деп бармағын тістеп, қайғыдан қан жұтып отыр.

"Дәлелдей алмайсыңдар" деді. Өйткені ескертусіз оқ атуға бұйрық берілген. Ешкімді жауапқа тартпайды. "Әуре болмаңдар" деп қайтарды, дейді қызының ажалына кінәлілерді жауапқа тартуға тырысқан әрекеті жайлы әңгімелеген Айдос Мелдеханұлы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда халыққа видеоүндеу жариялап, ескертусіз оқ ату туралы бұйрық бергенін мәлімдеді.

"Ескертусіз оқ атуды құқық органдарына бұйырдым. Шетелден тараптар мәселені бейбіт жолмен шешу үшін келіссөз жүргізуі керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Не деген ақымақтық! Қылмыскер, кісі өлтірушілермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деген Тоқаев.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары президенттің шешімін сынап, мұндай бұйрық халыққа қарсы қару қолдану туралы халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтып, ол бұйрықтың күшін жоюға үндеген. Бірақ Қазақстан билігі бұйрық ақталды деп есептейді: Тоқаев елде нағыз соғыс жүргенін айтып, "тәртіп орнату" үшін осындай амалға барғанын айтқан.

Қаңтар қырғыны кезінде тағы бір алматылық отбасы ата-анасынан айырылды. 73 жастағы Қуат Біткенбаев пен 64 жастағы Гүлзифа Құлсұлтанова 7 қаңтарда қаза тапқан. Туыстарының үйінен қайтып келе жатқан ерлі-зайыпты зейнеткер мінген жеңіл көлікке әскерилер оқ жаудырған. Балалары бірнеше күн бойы қаладағы ауруханалар мен мәйітханаларды аралап, ата-анасын іздеген. Кейін полиция хабарласып, орталық алаңға жақын маңда оқ тиіп, өртенген көлік ішінен адам денесі табылғанын айтқан.

35 жыл бұрын Қуат Біткенбаев пен Гүлзифа Құлсұлтанова дәл осы алаңда мыңдаған жас қазақ қыз-жігіттермен бірге Кремль саясатына қарсы шығып, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. 1986 жылы желтоқсан "ызғарынан" аман қалған азаматтар 2022 жылғы қаңтар қырғынынан құтыла алмаған.

Қаза тапқан зейнеткерлердің ұлы Мәулен Керімтаев інісі Дәурен және қарындасы Алинамен бірге өртенген көлік ішінен ата-анасының сүйегін әзер жинап алғанын айтады.

Көліктің өртеніп жатқанын көрген куәгерлер Мәулен Керімтаевқа оқ атылған кезде жақын маңда тек әскерилер ғана болғанын айтқан. Бұл ақпаратты полицейлер де растаған. Одан бері бір жарым ай өтсе де, Қуат Біткенбаев пен Гүлзифа Құлсұлтанованың балалары ата-анасының өліміне қатысты қозғалған істің қалай жүріп жатқанын біле алмай отыр.

7 қаңтарда Талдықорғанда әскерилер бейбіт тұрғындардың көлігіне оқ атқан. Көлік ішіндегі екі адам: Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленко тіл тартпай кеткен.

Талдықорған тұрғыны Лаура Нұрғалиева күйеуі Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленко отырған көлікті көрсетіп тұр.

Ертеңіне тағы бір отбасы мінген көлік оқ астында қалған. Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева мен олардың қызы Нұрай сол жерде көз жұмған.

Тоқаевтың 7 қаңтарда жариялаған "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын қашан бергені белгісіз. Куәгерлер сөзі мен видеоларға қарағанда, бір күн бұрын Алматыда "Біз – террорист емеспіз, қарапайым халықпыз" деген жазу ұстаған демонстранттарға оқ атылған.

6 қаңтар кешкісін Республика алаңында 300-ге жуық адам болған. Олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктен кетуін, саяси реформалар жүргізуді, Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерін елге кіргізбеуді (ҰҚШҰ Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға екі мыңға жуық әскер жіберген) талап еткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде нақты қанша адам қаза тапқаны белгісіз.

Видеоайғақтар мен ондаған куәгердің сөзіне қарамастан, билік өкілдері Алматының орталығында бейбіт халыққа оқ атылғанын жоққа шығарып отыр.

ҮЙДЕН ШЫҒЫП, ҚАЙТА ОРАЛМАҒАНДАР

Әбілахат Оразғалиұлы інісі жеңіп алған медальдарды көрсетіп отыр. Жеңіл атлетика шебері Әбдухапар Оразғали болашағы бар спортшы болған. Ол жарты жыл бұрын Қытайдан атамекені Қазақстанға оралған. Қытайда жүріп, 19 жасына дейін ұзақ қашықтыққа (40-50 км) жүгіруден көп жүлде алған.

"Ол Қазақстанды әлемге танытамын деп армандайтын" дейді Алматыдағы спортшы жаттыққан олимпиадалық резерв мектебінің директоры Май Темірбаев.

Әбілахат Оразғалиұлы інісінің жүлделерін көрсетіп отыр.

5 қаңтарда Әбдухапар жаттығудан кейін ағасына хабарласып, үйге келе жатқанын айтқан. Жас жігітке ары қарай не болғаны белгісіз.

Сол күні Алматыда дүрбелең болып жатқан еді: көшеде полиция болған жоқ, жаппай наразылықтың соңы бүлікке ұласып, әкімдік пен президент резиденциясы өртелген.

11 қаңтарда Әбілахат інісінің денесін мәйітханадан алып кеткен. Оқ жамбасына тиіп, күре тамырын қиып кетіпті. Жас жігіт қансырап көз жұмған. Туыстары спортшының қалай қаза тапқанын, оны кім, қай жерде және не үшін атқанын білмейді.

Қапияда келген ажал марқұмның қазір Қытайда тұрып жатқан ата-анасына ауыр тиді. Екеуі қайғыдан қан жұтып отыр. Әбдухапардың туыстары, жаттықтырушылары жас жігіттің ғұмыры осынша ерте қиылғанына сенгілері келмейді.

– Миллиардтаған халқы бар елде жетістікке жеткен жігіт бірнеше миллион қазақтың қолынан өледі деп кім ойлаған? – дейді Әбілахат Оразғалиұлы.

Әбдухапар Оразғали (алдыңғы қатарда сол жақта) Қытайда жаттығуда жүрген сәті.

Ол мемлекеттен інісінің қазасы үшін өтемақы күтпейді. Тек Әбдухапардың атын билік жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталған "террористер тізіміне" қоспаса екен дейді.

Дәл осылай ондаған адам наразылық кезінде жоғалып кетіп, бірнеше күннен кейін мәйітханадан табылған. Кейбірін жақындарына бермей қойған. Ақтөбе облысында полиция оқ тиіп, көз жұмған Русланбек Жұбаназаровты "террорист" деп атап, марқұмды ата-анасына беруден бас тартқан. Алаңға жақын маңдағы видеокамераға Русланбекке оқ тиген сәт түсіп қалыпты. Видеода қолында ешқандай қару жоқ бірнеше жас жігіт тұрғын үйлердің арасына қарай қашқаны, бір кезде жігіттердің бірі жерге құлағаны анық көрінеді. Құлаған жігіт – Русланбек. Үй-іші оның денесін бір айдан кейін әзер алды. Марқұмды Ақтөбеден 300 километр жердегі туған ауылына апарып жерледі.

БИЛІК ШЫНДЫҚТЫ АЙТУҒА ҚОРҚА МА?

– Қаза тапқандардың көбі – қарапайым қазақтар, – дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Русланбек Жұбаназаров

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі интернет қосылғаннан кейін бірден Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтар туралы ақпарат жинай бастаған. Жаппай наразылық пен одан кейінгі дүрбелең кезінде билік интернетті өшіріп, Алматы қаласы бірнеше күн бойы ақпараттық ваккумде қалған еді.

Қазір Төреғожина жасаған тізімде 186 адамның аты-жөні бар. Ақпарат жинау да оңай емес: құқық қорғаушының сөзінше, оған бірнеше рет өзін журналиспіз деп таныстырған адамдар хабарласып, ақпарат жинауға көмектесіп жүрген еріктілердің телефон нөмірін сұраған.

Төреғожина мемлекеттік органдардан ақпарат жинауға еш көмек болмағанын айтады. Құқық қорғаушы бас прокуратураға жүгініп, қаза тапқан азаматтардың аты-жөнін жариялауды талап еткен. Бас прокуратура қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау) сәйкес, қаза тапқан азаматтар туралы деректерді жариялауға болмайды деп жауап берген.

15 қаңтарда бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезінде көз жұмған азаматтар туралы ақпарат жариялаған.

– Төтенше жағдай кезінде (5-19 қаңтар аралығы – ред.) мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілген. Олардың біразы – терактіге қатысқан, әкімшілік ғимараттар мен әскерилерге шабуыл жасаған қарулы бүлікшілер. Олардан бөлек, 19 полицей мен әскери қызметкер мерт болған. Өкінішке қарай, теракт құрбандары арасында бейбіт тұрғындар да бар, – деді бас прокуратура өкілі Серік Шалабаев.

Қаза тапқан азаматтар туралы дерек 18 қаңтардан бері жаңармады. Сол күні денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жараланған екі адамның қайтыс болғанын хабарлаған. Бейбіт халық арасынан қанша адам өлгені белгісіз, әзірге бұл туралы ресми ақпарат жоқ. Қаза тапқан азаматтар тізімі де жарияланбаған.

– Қайтыс болған әр адамның өмірі үшін мемлекет жауапты, өйткені ешқандай террорист болмағанын түсініп отырмыз, – дейді Бақытжан Төреғожина.

– Қайтыс болғандардың көбі – ел азаматтары. Олар билік айтқандай халықаралық террорист емес, – дейді Төреғожинаның әріптесі, Liberty қорының басшысы Ғалым Ағелеуов.

Алматыдағы Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу шарасы. 13 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтар тізімін жариялаудан биліктің бас тартуы қоғамның ресми органдарға деген сенімін сарқып отыр.

– Басында "бәрін террористер ұйымдастырды" деді, енді сол сөзінің шегінен шыға алмай қалған сияқты. Шындық ашылса, бұл билік позициясына қайшы келеді. Олардың шындықты айтудан қорқып отырғанын көруге болады, – дейді қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстанда бір де бір мемлекеттік орган 227 адамның өліміне не себеп болғанын анықтауға тырысамыз деген мазмұнда мәлімдеме жасамағанына қынжылады. Бұл – Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздік алғалы жаппай тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқан адамдар саны бойынша өңірде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.

HRW ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстанда 2011 жылғы полицияның мұнайшыларға оқ атуымен аяқталған (ресми дерек бойынша, 17 адам көз жұмған) Жаңаөзен оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізілмегенін еске салды. Басқа құқық қорғаушылар сияқты Уильямсон да "қанды қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін" деп қауіптенеді.

Мақаланы жазуға Бағдат Асылбек атсалысты.