Accessibility links

Украинадан шыға алмай қалған 50 жүк көлігі Қазақстаннан көмек күтіп тұр


Қазақстанның Украинадан шыға алмай қалған 50 жүк көлігінің жүргізушісі Қазақстан үкіметінен көмек сұрайды. Қазақстанның әр өңіріндегі компанияларға тиесілі бұл көліктердің басым көпшілігі Киев түбінде, Украина мен Ресей шекарасына жақын маңда тұр.

Ресей шабуыл бастамай тұрғанда Украинаға барып, DAF маркалы жүк көлігіне кондитер өнімдерін тиеп алған Олег Броммер қазір Киев түбіндегі Бровар ауданында. Көлік Ақтөбе қаласының "MR-Logistic Group" компаниясына тиесілі.

-Киевтен 30 шақырымдай жердеміз. Жанымдағы көліктің жүргізушісі Орал қаласынан келген. Құзырлы органдардан көмек сұрап, видео жолдап жатқанымызға бірнеше күн болды. Ешқандай реакция жоқ. Мемлекет бізді ұмытқан сияқты,-дейді Олег Броммер.

Қақтығыс аймағында Ақтөбе облысынан кем дегенде 11 жүк көлігі бар. Оның екеуі "БекАс" компаниясынікі. "БекАс" компаниясына тиесілі екі көліктің бірі Украинаның Дубно, екіншісі Пирятин қаласында қалып қойған. Қауіпсіздікті ойлаған көлік жүргізушілері соғыс қарсаңында тиелген жүкті зауытқа апарып, қайта тапсыруға мәжбүр болған.

-Көлік жүргізушілерімен жиі байланысып отырмыз. Пирятин қаласында жағдай әзірше бірқалыпты. Дубнода қиындап барады. Дубноның дүкендері "әскери мұқтаждық үшін қор жасауымыз керек" деп бөгде адамдарға азық-түлік сатуды тоқтатып тастаған,-дейді "БекАс" компаниясының директоры Берік Жиенқұлов.

Соғыс басталған бойда Украинаның кеден қызметі мен өзге де мекемелерінің жұмысы тоқтап қалған. Сондықтан тауарын рәсімдеп үлгермеген жүк тасымалдаушылар да бар. Олар кеден рәсімінен өтпеген жүкпен Украина аумағынан шыға алмайды. Украинаның Кропивницкий қаласына барып, ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді тиеп алған Беркін (есімі өз өтініші бойынша өзгертілген - ред.) кеденнің ашылуын күтіп отырғанын айтты.

-Біз Украина орталығындамыз. Әзірге бұл жақ тыныш. Бірақ кеден қызметі жұмыс істеп тұрған жоқ. Қосалқы бөлшектерді зауытқа қайта апармақ болғанмын. Ол жерде қазір күзетшіден өзге ешкім болмай тұр. Сондықтан әліптің артын бағуға мәжбүрмін, -дейді Беркін.

Көлігі Украинада қалып қойған ақтөбелік бес компанияның басшысы 28 ақпан күні "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе филиалына барып, көмек сұрады.

"Атамекеннің" мәліметінше, бұл жайттан Қазақстан үкіметі хабардар. Кәсіпкерлер палатасы Қазақстан үкіметі Украина, онымен шекаралас мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, қақтығыс аймағындағыларға тез арада "жасыл дәліз" жасақтайды деп үміттенеді

"Атамекен" дерегіне қарағанда, қақтығыс аймағында қалып қойған 50 жүргізушінің аты-жөні белгілі. Көмекке зәру жүргізушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Жүргізушілердің айтуынша, Украинадан шыға алмай тұрған Өзбекстан, Қырғызстан жүк көліктері де жиі кездеседі.

24 ақпанда таңертең Ресей Украинаның бірнеше тұсынан шабуыл жасап, соғыс ашқан еді. Осыдан кейін екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас үзіліп, Украина соғыс жағдайына көшкен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG