Accessibility links

Тоқаев құрған қор қаңтар оқиғасында 29 бейбіт тұрғын қаза болғанын айтты


"Қарапайым халықпыз. Біз террорист емеспіз" деп үлкен жазумен Республика алаңында тұрған азаматтар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
"Қарапайым халықпыз. Біз террорист емеспіз" деп үлкен жазумен Республика алаңында тұрған азаматтар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

"Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған және ауыр жарақат алған күштік құрылым қызметкерлерінің отбасына, сонымен бірге оқыстан жарақат алған және құрбан болғандардың жақындарына материалдық көмек берілетінін мәлімдеді.

Қор Қазақстанның адам құқықтары бойынша арнайы өкілі Эльвира Әзімова мен Балалар құқықтары бойынша арнайы өкілі Аружан Саинге сілтеме жасап, қаңтар оқиғасында 29 бейбіт тұрғын оқыстан қаза болғанын, тағы үш бала көз жұмып, төрт бала түрлі дәрежеде жарақат алғанын жеткізді.

"Қаңтар оқиғасы кезінде кенеттен қайтыс болғандардың отбасына материалдық көмек беру жөнінде шешім қабылдадық. Біз тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеп, оқыстан қаза болғаны дәлелденгеннен кейін көмек береміз. Тергеу істерін соңына дейін күтпестен, қазір жәрдем беруді шештік", - деді қор төрағасы Болат Жәмішев.

"Қазақстан халқына" қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтар оқиғаларында қаза болған әрбір әскердің және қарапайым тұрғындардың отбасына 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Бұдан бөлек ауыр жарақат алған күш қызметкерлерінің отбасына үш миллион теңгеден ақша беріледі.

Көмек көрсету бойынша сараптамалық комитеттің мүшесі Қайырбек Сүлейменов қаңтар оқиғасы кезінде оқыстан қаза болғандардың саны 100-ге жақындап қалады деген.

"Қазақстан халқына" қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтарда құқық қорғау органдарының 21 қызметкері қаза болып, 94-і ауыр жарақат алған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қайтыс болған. Билік қаза болғандардың тізімін жариялаудан бас тартып отыр.

Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адамға "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "терроризм", "қару-жарақты заңсыз сақтау" және "тонау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

13 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғаларында қаза болғандардың отбасына қаржылай көмек көрсетеді деген. Қорды бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев басқарады. Ондағы қамқорлық кеңес 12 адамнан тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG