Біршама елдің билігі мен сарапшылар Ресей Украинаға шабуыл жасап, халықаралық құқық талаптарын бұзды дейді.
Бірақ Ресей президенті Владимир Путин өз іс-әрекетін ақтау үшін заңды бұрмалап алды. Ол еш дәлел келтірместен, Киев Донбаста "орыстарға геноцид жасады" деп мәлімдеп, сол себепті 24 ақпанда Ресейдің Украинаға шабуыл жасағанын айтты.
Бұған жауап ретінде Украина 27 ақпанда БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық сотына Ресейге қарсы арыз түсірді. Киев Мәскеудің геноцид жайлы мәлімдемесін сандырақ деп атап, судьялардан Ресейге әскери операцияларды дереу тоқтату жөнінде бұйрық беруді сұрады.
Украина. Бункердегі балалар ауруханасы
Гаагадағы Халықаралық сотқа жүгіне отырып Киев Украина мен Ресей 1948 жылғы геноцид жайлы конвенцияға қатысты келіспей жатқанын мәлімдеді. Бұл құжатқа екі тарап та қол қойған.
Бұл қадам не береді? Киев Мәскеуді жауапқа тарту үшін халықаралық жүйенің басқа қандай амалдарына жүгіне алады? Халықаралық құқық секілді қиын сала расымен әділдік орната ала ма?
Азаттық осы сұрақтарды Еуропалық халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері, халықаралық құқық сарапшысы Энтони Дворкинге қойды.
Азаттық: Ресей-Украина соғысының заңдылығы қандай? Халықаралық құқық бойынша, оны қандай санатқа жатқызуға болады?
Энтони Дворкин: Біріншіден, БҰҰ жарғысы бір елдің екіншісіне қарсы күш қолдануына тыйым салады. Ресейдің Украинаға шабуылы осы талапты бұзатыны анық.
БҰҰ жарғысының осы бабы ғана бұзылды дей алмаймыз. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған бұл құжат қазіргі халықаралық құқық саласының негізі саналады. Осылайша, бір елдің екінші елге еш негізсіз басып кіруі халықаралық құқықтың негізгі ұстанымына қайшы келеді.
Азаттық: Украина құқықтың қандай амалдарына жүгіне алады? Украина Ресейді Халықаралық сотқа бергенін естідіңіз. Халықаралық құқық талаптарын бұзған ел қалай жауапқа тартылуы мүмкін?
Энтони Дворкин: Жауап бермес бұрын, жаңағы жауабымды толықтыра кеткенім жөн секілді. БҰҰ жарғысына сәйкес, мемлекеттер қорғаныс мақсатында күш қолдана алады. Ал Ресей президенті [Владимир] Путин өз сөзінде БҰҰ жарғысына сілтеп, соғысты "арнаулы әскери операция" деп атады және мұны "қорғаныс мақсатында жасалған заңды әрекет" деді. Ол Украина Ресейге шабуылдайды деген қауіп туып, Киев Донбастағы сепаратистерге шабуылын жалғастырып жатқандықтан, Ресей содан қорғанғанын айтты.
Осылайша, құқықтық аргумент айтылғандай болды. Бірақ Украина Ресейге шабуылдамағандықтан, мұның заңды күші жоқ. Бұл жерде расымен шабуыл болуы керек немесе жалғасып жатуы керек. Донбасқа да шабуыл жасалып жатқан жоқ, тіпті, керісінше, анклавтан күш көрсетіп жатты.
Халықаралық құқық тәртібі бойынша, БҰҰ жарғысын жүзеге асырудың біршама жолы бар. Оның бірі [БҰҰ] Қауіпсіздік кеңесі операциялары аясында жүзеге асырылады. Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ жарғысына сәйкес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап береді. Алайда, [кеңестің] тұрақты мүшесі болып отырған Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінде вето қою құқығы бар.
Ресей бірнеше күн бұрын ұсынылған резолюцияға вето қойды. Сондықтан оны жүзеге асыратын жол жабылып қалды.
Құқық органдарына келсек, халықаралық құқық жүйесінің органы саналатын, мемлекеттер арасындағы даулармен айналысатын [Халықаралық сот] бар. [Халықаралық сот] құзыреті шектеулі. Ол екі ел арасындағы дауды сол мемлекеттердің екеуі де сот құзыретін мойындаған жағдайда қарастыра алады. Оның құзыретін біршама мемлекет мойындағанымен, Ресей олай істеген жоқ.
Осылайша, Украина іс қозғай алатын жалғыз жол – конвенцияларға қатысты даулар бойынша [Халықаралық сотқа] жүгіну. Украина геноцид туралы Конвенцияны атағаны содан.
Бірақ БҰҰ жарғысы тек күш қолдану немесе сондай қауіп туғызу кезінде ғана бұзылмайды. Халықаралық қылмыстық құқық бойынша басқыншылық да қылмыс саналады. Бір елдің екінші мемлекетке басқыншылық әрекет жасауын бақылаған немесе соған бұйрық берген жеке адам жауапқа тартылуы мүмкін. Бірақ мұны жүзеге асыруға болатын алаң табуға қатысты белгілі бір шектеулер бар.
Теория бойынша, Халықаралық қылмыстық соттың басқыншылыққа қатысты құзыреті бар. Бірақ оның шектеулі құзыреті қазіргі Ресей-Украина соғысына тарамайды.
Азаттық: Осының бәрін ескерсек, халықаралық жүйеде әділетке жету қаншалық мүмкін және қиын? Украина мен Ресей жағдайында оған қалай жүгінуге болады?
Энтони Дворкин: Бұл қиын, бірақ әбден мүмкін.
Бұған тек Ресейге қарсы сот шешімін шығаруы керек сот тергеуі тұрғысынан қарамауымыз керек дер едім. Бұл – заңның жалғыз бабы емес. Бұл – Ресей шабуылына қарсы бірігіп жатқан елдердің стандарты. АҚШ, Еуроодақ және басқа елдердің кең көлемді санкция салуы секілді әрекеттерін анықтау нүктесі. Мұның бәрі Ресейдің халықаралық құқықтарды бұзатынына негізделген. Сондықтан құқықтық стандарттардың мәні бар.
Бұдан бөлек, сот өндірісінің іске араласуы мүмкін басқа да жолдары бар.
[Халықаралық сот] істі геноцид жайлы конвенция негізінде қарастырып жатыр. Бұл тар шеңбердегі іс дер едім. Украина тарапынан болған заңды әрекеттің көрінісі. Бірақ олардың шағым түсіруі Ресейдің геноцид жасап жатқанын білдірмейді. Геноцид – нақты қылмыс және Ресейдің [осы қылмысқа] барғанына ешқандай дәлел жоқ.
Мұның орнына олар Ресей шабуылды ақтап алу үшін геноцид жайлы тұжырымды асыра пайдаланып отыр деді. Оларға керегі – Путиннің "Киев Донбастағы орыс тілінде сөйлейтін халыққа геноцид жасап жатыр" деген сөзін және бұл Ресейдің басқыншылығына негіз бермейтінін жоққа шығаратын сот шешімі.
Азаттық: Мұндай сот істері символикалық құндылықтан артық ештеңе емес дегіңіз келіп тұр ма?
Энтони Дворкин: Ресейдің іс-әрекетіне қарсы шығып жатқан елдер Украинаны қорғауды ғана емес, жалпы халықаралық тәртіп қалай жүзеге асуы керек дегенді де негізге алған. Сондай-ақ бір ел екінші елге жайдан-жай шабуыл жасай алмайды деген ұстанымды нығайтуды көздеген.
Әрине, мұндай жағдайлар болып жатыр, бұрын да болған. Бірақ осы жағдайға қатаң жауап болып жатқанын көріп отырмыз. [Бұл] бағыт әрекеттердің заңсыз болуына негізделген.
Азаттық: Осыған ұқсас бұрынғы оқиғалар не дейді? 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіруі. Ойыма келгені осы, басқа да мысалдар көп. Осындай істер бүгін Украина мен Ресейге қаншалық сабақ бола алады?
Энтони Дворкин: Басқыншылық әрекеттер үшін лидерлерді қылмыстық жауапқа тарту жағдайы сирек.
Нюрнберг пен Токио процесі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болды ғой. Бірақ бұл процестерде шектеулер болды. Мысалы, [сотқа] жеңіске жеткен тарап жүгініп, жеңілген тарап сотқа тартылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басқыншылық жасаған Совет одағына судья орнын алуға рұқсат берілді.
Бірақ басқыншылық әрекеттеріне қарасақ, бұл елдің саяси беделіне ықпал еткенін көреміз. АҚШ Иракқа басып кірген соң халықаралық деңгейде беделінен айырылды.
Кейінгі онжылдықта әскери және саяси лидерлерге қарсы қозғалған іс бойынша өте маңызды процестерге куә болдық. Мысалы [Югославия лидері] Слободан Милошевич әскери қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар мен геноцидке қатысты сотқа тартылды.
[Украина мен Ресей] жағдайында [Халықаралық соттың] құзыреті бар, себебі Украина сот құзыретін мойындаған. Яғни, Ресей қарулы күштері жасаған кез келген әскери әрекет сот арқылы қудалануы мүмкін.
Бұйрық беру жауапкершілігі қағидасына сәйкес, Ресей жоғары билігі әскери қылмыстарға бұйрық берсе, жоспарласа немесе бақылап отырса, жауапқа тартыла алады.
Жуық арада қандай да бір істер қозғалып, Ресей әскери лидерлері немесе басқа да адамдар сотқа тартылуы мүмкін бе? Қысқа мерзімде қарастырсақ, ондай мүмкіндік аз. Бірақ ұзақ мерзімде саяси жағдайлардың өзгеретінін білеміз және сотқа тартылмай жүрген адамдардың кенеттен сот алдында жауап беретінін көріп жатырмыз.
Меніңше, қолынан келсе, әр адам осы соғыс кезінде болған кез келген қылмыстың дәлел-айғағын жинап, оны архивінде сақтай беруі керек. Қандай да бір кезеңде істі сотқа беретін мүмкіндік туса, сот ісін ашуға айғақ-дәлел мен куәгерлердің болғаны маңызды.
Сұхбат өңделіп, қысқартылды.
ПІКІРЛЕР