Ақтөбеде қаңтар көтерілісінен соң "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың бірі" ретінде қамалған белсенді Жанна Есмұрзаеваның адвокаты Қанат Бейсенбаев тергеу тобының әрекетіне шағымданып отыр. Ақпан айының соңында тергеу тобының үстінен Бас прокуратураға шағым жолдаған адвокат әлі жауап алмаған.
Ақпаратқа қарағанда, тергеу тобы айыпталушы Есмұрзаеваны психолог-психиатрлардың кешенді сараптамасынан өткізген. Адвокат Бейсенбаев "он жылдан бері нотариус болып істейтін, екі баланың анасы Есмұрзаеваға мұндай сараптама тағайындауға еш негіз жоқ" деп санайды.
- Тергеу мұны жай ғана процедура деп атауы мүмкін. Келіспеймін! Мұндай сараптама қандай да бір фактіге негізделуі керек. Ақыл-есінің бүтіндігіне күмән келтіретіндей Есмұрзаева адам өлтірген жоқ. Адамдардың өмір сапасын жақсартуға талпыныс жасап, алаңға шыққан. Демонстранттарға ыстық бәліш таратқан. Сол үшін тергеу оны "бостандыққа шықса, әрекетін жалғастыруы мүмкін" деген желеумен ешқайда шықпау туралы қолхатпен сотқа дейін босатпай отыр. Екі баласы, баспанасы, жұмысы бар әйел не істеуі мүмкін? Бостандыққа шықса, көшеде бәліш таратады ма? Одан қоғамға қандай қауіп бар? Психолог-психиатрлардың кешенді сараптамасы Есмұрзаеваның өз әрекетіне жауап бере алатын адам екенін көрсетті,-дейді адвокат Қанат Бейсенбаев Азаттық тілшісіне.
Адвокат Бейсенбаевтың сөзінше, Есмұрзаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс үш тергеушіге тапсырылған. Яғни, тергеу тобы құрылған. Әдетте тергеу тобы аса ауыр қылмыс жасалған кезде құрылады дейді адвокат.
Қазақстан бас прокуратурасынан адвокат Қанат Бейсенбаевтың шағымына әлі жауап келмеген. Ақтөбе полициясы Жанна Есмұрзаеваның ісіне байланысты "тергеу әлі аяқталған жоқ" деп жауап бермеді.
Іс материалдарында Жанна Есмұрзаева жаппай тәртіпсіздіктің белсенді ұйымдастырушыларының бірі ретінде сипатталады. Тергеушілер оны наразылық акциясына қатысушыларды тамақтандыру үшін банк картасына жұрттан қаржы жинап, алаңдағыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті деп айыптайды.
Жанна Есмұрзаеваның інісі әрі қоғамдық қорғаушысы Ақылжан Қуантаев әпкесіне тағылған айыппен келіспейді. Қуантаевтың пікірінше, әпкесі билікке талап айтып, бейбіт митингіге шыққан жүздеген ақтөбеліктің бірі ғана. Бұл отбасының тағы бір адамы - Алматы қаласында тұратын Бауыржан Есмұрзаев та қаңтардың басындағы наразылыққа қатысқаны үшін үстінен іс қозғалып, үйқамаққа алынған.
Нотариус қызметкері 56 жастағы Жанна Есмұрзаева – Ақтөбеде өтетін наразылық акцияларының тұрақты қатысушыларының бірі. Митингілер кезінде ұсталған Есмұрзаева бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.
Ақтөбедегі наразылық акциясынан соң үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған 12 адамның арасындағы жалғыз әйел де осы Жанна Есмұрзаева. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған.
Ақтөбе полициясының мәліметінше, қаңтардың басындағы наразылық акциясынан соң облыста 14 қылмыстық іс қозғалған. Оның екеуі терроризм бабымен тергеліп жатыр.
Бұған дейін сот уақытша қамау изоляторына қамалғаннан кейін коронавирус жұқтырған белсендіні үйқамаққа жібермеген.
ПІКІРЛЕР