Ресей әскерінің атысты тоқтатпағаны туралы хабардан кейін Украинаның ресми тұлғалары Мариупольдан бейбіт халықты эвакуациялау жоспарын шегерді. Киевтің мәлімдеуінше, Ресей билігінің атысты тоқтатқаны туралы мәлімдемесіне қарамастан атқылау жалғасып жатыр.
Украина президентінің көмекшісі Алексей Арестович телеарнадан сөйлеген сөзінде Ресей әскерінің атқылауды әлі тыймағанын айтты.
Бірнеше сағат бұрын Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның екі қаласы: Мариуполь мен Волновахада атыс ішінара тоқтағанын хабарлаған. Үзілістің мақсаты – бейбіт тұрғындарға гуманитарлық дәліз арқылы аумақтан кетуіне мүмкіндік беру. Қорғаныс министрлігі соғыстың оныншы күні Украинаның өзге елді мекендерінде шабуылды жалғастыратынын айтқан.
Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко Ресей тарабымен өзге аудан тұрғындарын көшіру жөнінде қосымша келіссөз болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.
Мариуполь мен Волновахада гуманитарлық дәліз ұйымдастыру мәселесі Киевпен келісілген деп айтылады.
Украина үкіметі Мариупольдан - шамамен 200 мың адам, Волновахадан 15 мың адам көшірілетінін мәлімдеген.
Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.
Мариуполь Азов теңізі жағалауында орналасқан 400 мың адам тұратын стратегиялық маңызы бар қала. Мұнда бірнеше күннен бері ауыз су мен жылу жүйесі жоқ.
Мариуполь мэрі Вадим Бойченко Телеграм арнасында атысты уақытша тоқтату "жылу, жарық, мобильді байланыс сияқты қаланың ең маңызды инфрақұрылымдарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мариупольді азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жол ашады" деген.
Волноваха – 2014 жылғы Қырым аннексиясынан кейін басталған соғыс кезінде ресейшіл сепаратистер мен Украина армиясы бақылауындағы территорияның "түйіскен сызығына" жақын орналасқан 20 мың халқы бар қала.
Кейінгі күндері Украина мен халықаралық ұйымдардың Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптауы және бейбіт тұрғындарға шабуылы жайлы ақпараттар үдеген. Себебі Украинада тұрғын үйлер мен азаматтық нысандардың қирағаны жөнінде суреттер көп. Ал жергілікті билік жарық пен суды өшіретінін ескерткен.
ПІКІРЛЕР