Accessibility links

Украина Ресей басқыншылығымен күресетін "халықаралық легионға" сайт арқылы еріктілер жинай бастады


Киев облысында Ресей әскерімен соғысқан украин армиясы. Наурыз, 2022 жыл.
Киев облысында Ресей әскерімен соғысқан украин армиясы. Наурыз, 2022 жыл.

Украина үкіметі Ресей басқыншылығымен күресетін "халықаралық легионға" шетел еріктілерін тарту үшін арнайы сайт ашты. Осыған дейін президент Владимир Зеленский шетел азаматтарын Украинаны қорғауға бірнеше рет шақырған.

Украина президенті кеңсесінің хабарлауынша, вебсайт 5 наурызда іске қосылған. Мекеме өкілдерінің сөзіне қарағанда, "агрессорға қарсы тұрып, Украинаға көмектескісі келетін шетел азаматтары әрбір қадам бойынша не істеу қажеттігі жазылған нұсқаулықты сол сайттан таба алады". Ол үшін әрбір шетел азаматы өз елдеріндегі Украина елшілігіне хабарласуы тиіс.

Дегенмен көп елде заң бойынша азаматтардың шетелдегі соғыстарға қатысуына тыйым салынған. БҰҰ-ның 2001 жылы қабылданған жалдамалы әскер туралы конвенциясы да шетелден жалдамалы әскер тартып, пайдалануға, қаржыландыруға және жаттықтыруға тыйым салады.

Бұған дейін Зеленский Украинаға басып кірген Ресей әскерімен соғысып жатқан украин солдаттарына қосылуға ниет білдірген шетел азаматтарын жылы қабылдайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ол шетел еріктілеріне Украинаға тегін кіруге мүмкіндік беретін арнайы жарлыққа қол қойған. Жарлық 1 наурызда күшіне енген.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 2 наурызда мыңнан астам шетел азаматының Украина армиясына қосылуға ниет білдіргенін хабарлаған. Қорғаныс министрлігі 5 наурызда 66 мыңнан астам адам соғысқа қатысу үшін елге оралғанын айтты. Ақпанның соңында Украина билігі 18 бен 60 жас аралығындағы ер адамдарға елден кетуге тыйым салған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG