Өзбекстанда мемлекеттік БАҚ Украинадағы соғыс туралы ақпараттарды өте сирек таратып жатыр. Ал Ресей басқыншылығы туралы жазған журналистер мен блогерлер биліктің қысымына ұшырады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, өткен демалыс күндері бірнеше журналист пен блогер Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу бөліміне шақырылған. Оларға "Украинадағы оқиғалар туралы мақалалардың салдары" жөнінде ескерту берілген.
Аты-жөнін атамауды өтінген блогерлердің бірі"Озодлик" радиосына өзін Ташкентте 28 ақпанда "тергеуге" шақырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, "әңгіме" кезінде арнайы қызмет өкілдері одан Украина жөнінде "өте бейтарап және салмақты" ақпарат таратуды талап еткен.
– Олар маған "бұл өте сезімтал тақырып, сол себепті оқиғалардан ақпарат таратқан кезде өте бейтарап болыңыз" деді, - дейді блогерлердің бірі.
Оған дейін де бірнеше блогер мен журналист әлеуметтік желіде өздерін арнайы қызметке шақырғанын хабарлаған.
26 ақпанда Өзбекстанда танымал Kun.uz интернет-басылымының бас редакторы мен екі құрылтайшысы тергеуге шақырылған. Бұл жөнінде Facebook'те басылым құрылтайшылырының бірі Умид Шермұхаммедов хабарлады.
"Негізі бармаймын деп ойлағанмын, бірақ олар біздің бір тілшіні, орынбасарымызды, сосын әріптесімізді шақырды, енді мені де "асыға күтіп отырған" көрінеді. Олар Украинаны сылтауратып, мені тағы қыспаққа алмақшы" деді Шермұхамедов.
Шермұхамедов те, Kun.uz сайтының өзге құрылтайшылары да әзірге тергеуде не болғанын айтпады. Біраз уақыттан соң Умид Шермұхаммедов Facebook'тағы жазбасын өшірді. Азаттықтың дереккөзінің хабарлауынша, тергеу кезінде интернет-басылым басшылығына Украинадағы жағдай туралы хабар таратуына байланысты ескерту берілген.
Қазір өзбекстандық бірқатар сайттардан Ресейдің Украинаға шабуылдағаны жөнінде мақалалар жоғалып кеткен.
Азаттық президент жанындағы Ақпарат және қоғамдық коммуникация агенттігіне хабарласқанмен түсініктеме ала алмады.
Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Содан бері он күннен астам уақыт өтсе де, Өзбекстан басшысы президент Шавкат Мирзияев та, Өзбекстан СІМ де реакция білдірмеген.
ПІКІРЛЕР