Accessibility links

Назарбаев дипломатиялық форумға қатысу үшін Антальяға барды. Мұнда Украина мен Ресей министрлері кездеспек


Қазақстанның экс-президентң Нұрсұлтан Назарбаев Анталияға келген сәт. 9 наурыз 2022 жыл.
Қазақстанның экс-президентң Нұрсұлтан Назарбаев Анталияға келген сәт. 9 наурыз 2022 жыл.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыртуымен Антальяда өтетін дипломатиялық форумға барды. Бұл туралы Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде хабарлап, Назарбаевтың Түркияға жеткен фотосын жариялады.

Бұл - Назарбаевтың Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейінгі ресми хабарланған алғашқы шетелдік сапары. Қаңтар қырғынынан соң Назарбаев жайлы ақпарат азайып кеткен.

Антальядағы дипломатиялық форум 11 наурызда басталады. Ал Лавров пен Кулеба кездесуі 10 наурызға жоспарланған. Ресей Украинаға соғыс ашқалы Ресей мен Украинаның ресми өкілдері мұндай деңгейде алғаш рет кездеспек. Бұған дейін екі елдің арнайы делегациялары Беларусьте үш рет келіссөз үшін кездескен.

Қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше қаласында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық басталып, оның соңы қанды қырғынға ұласқан еді. Қаңтар оқиғасынан ресми дерек бойынша 227 адам қаза болып, мыңдаған адам зардап шекті.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алған. 11 қаңтарда Тоқаев мәжіліс отырысында Назарбаев тұсында елде белгілі бір адамдар тобы байыды деп сынаған.

Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың қыздары мен жақын адамдары елдегі ықпалынан айырыла бастаған. Мәселен, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі депутаттық мандатын өткізіп берген.

Сарапшылар қаңтардағы қырғынға Тоқаев пен Назарбаевтың адамдары арасындағы элитаралық қақтығыс деген еді. 18 қаңтарда Назарбаев видеомәлімдеме жасап, "Тоқаевпен арада ешқандай келіспеушілік жоғын" айтқан. Назарбаев қаңтардың ортасында жарияланған осы видеомәлімдемесінен кейін көрінбей кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG