Accessibility links

Ресей "Украина славяндарды жоятын биоқару жасамақ болды" дейді. Бұл ғылыми тұрғыда мүмкін бе?


Ресей билігі "Украинада АҚШ қаржысына славян халқына бағытталған биоқару жасалып жатыр" деп мәлімдеді. Бұл қаншалықты рас? Ғалым түсіндіреді.

"УКРАИНАДАҒЫ БИОҚАРУ" ЖАЙЛЫ СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

6 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі "Украинада биологиялық қару дайындалған" деген құжат жариялады. Ал министрліктің ресми өкілі, генерал-майор Игорь Конашенков "24 ақпанда Полтова және Харьков зертханасында оба, Сібір жарасы, туляремия, холера және басқа да қауіпті ауруларды тудырушылар жойылды деді.

Осыдан соң кремльшіл басылымдар "Украинадағы биозертхана Пентагонның тапсырмасын орындады" деп жарыса жазды.

10 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерінің басшысы Игорь Кириллов 10 наурызда өткізген брифингте "Украинада АҚШ-тың қауіпті зертханасы болған", "мұнда АҚШ пен оның одақтастары белгілі бір ұлтқа, соның ішінде славяндарға бағытталған вирус ойлап табу бойынша жұмыстар жүргізген" деді.

УКРАИНАДА АҚШ ЗЕРТХАНАСЫ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ? СЛАВЯН ХАЛҚЫН ЖОЯТЫН БИОҚАРУ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

Ресейде "Украинада қауіпті биоқару дайындалған" деген сөз ушыққан тұста Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультеті түлектері Фейсбукте пост жариялап, кремльшіл басылымдардан "жеккөрінушілік пен дезинформациядан құралған жалған пропаганданы тоқтатуды" талап етті. Сол постың авторы, биология ғылымдарының кандидаты, микробиолог, ген инженері Евгений Левитин Азаттық радиосының "Сибирь. Реалий" сайтына Ресей билігінің бұл риторикасын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берді. Левитиннің сұхбатын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Ресей қорғаныс министрлігі осы құжатты "дәлел" ретінде ұсынып жатыр.
Ресей қорғаныс министрлігі осы құжатты "дәлел" ретінде ұсынып жатыр.

– Бұл – әдейі ұйымдастырылған өтірік, мұны ақтау мүмкін емес. Украинада биоқару құрастырылған деген құжатты оқыған кез келген адам мұның өтірік екенін бірден түсінеді, - дейді Левитин.

– Ал Ресей жариялаған құжатта Украина зертханаларында көзі жойылған қауіпті патогендердің тізімі ұзын ғой.

– Полтова және Харьков зертханасында жойылған препараттардың арасында қауіпті инфекция жоқ. Тізімді талдап көрейікші, Corynebacterium diphtheriae – негізі дифтерия туғыза алатын, бірақ кең тарай алмайтын штамм. Бұл штамм арқылы дифтерия жұқтыру өте қиын, ол үшін бір қасық штаммды кеңірдегіңізге құю керек. Corynebacterium pseudodiphteriticum – жоғарғы тыныс салу жолдары мен адам терісінде кездесетін қалыпты микрофлора. Бұл адамда иммун тапшылығы кезінде ғана қауіпті. Corynebacterium xerosis адамның терісін қабындыруы мүмкін. Бірақ оны емдейтін арнайы крем бар. Baсillus lihenifprmus "С" – штамы барлық жерде кездеседі, ол кеше ішкен борщыңыздың ішінде де жүр.

Осының бәрі Ресей ұсынған құжатта бар. Clostridium diphtheriae басқасының бәрі қалыпты патогендер. Бірақ бұлардың бәрі қауіпті патогендердің қатарына енбейді.

– Неге бұл штаммдар украиналық зертханаларда сақталған?

– Бұл штаммдар кез келген эпидемиологиялық институтта, кез келген микробиологиялық зертханада, тіпті кез келген санэпидемиялық станцияда бар. Бұл штаммдар салыстыру үшін керек. Адамның мұрны мен аузынан сынама алады да штаммдармен салыстырып, өзгеріс бар-жоғын анықтайды. Сондықтан мұндай штамдар эпидемиология және микробиологиямен айналысатын кез келген зертханада бар. Бұл штаммдарды сақтау үшін арнайы рұқсаттың керегі жоқ.

–Бұл қарапайым штаммдар болса, Украинадағы биозертханалар оларды неге жедел түрде жойды? Конашенко Украина штаммдарды 24 ақпанда жойып жіберді деп отыр.

Бұл да бұрыннан бар тәжірибе. Жарты жыл сайын эпидемиологиялық институттарда есеп жүреді, қажет емес штаммдар залалсыздандырылып, жойылады. Зертханаларда ең қауіпсіз деген штаммдар да жойылады, оларды қоқысқа тастамайды ғой.

– Демек жойылған штаммдар қауіпті емес. Онда неге генерал Конашенко оба, Сібір жарасы, туляремия, холера штамдары жойылды деп отыр?

– Бұл барып түрған өтірік. Оба, Сібір жарасы, туляремия, холера жарияланған құжаттарда жоқ. Адамдар құжатты оқымайды, украинша да, латынша да оқымайды деп айта салған. Пропаганда осылай жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігі ештеңеге сүйенбей өтірік мәлімет тарата салды. Енді бір адамдармен сөйлесе қалсам 90 пайызы "Украинада биологиялық қару дайындалыпты" дейді. Ешкімі құжатты оқымаған.

– Алда Ресей қорғаныс министрлігі Украинадан оба, Сібір жарасы, холера штаммдары бар зертхана табуы мүмкін бе?

– Әрине, Украинада қауіпті патогендермен жұмыс істейтін зертханалар бар шығар. Бұл да қалыпты жағдай. Ресейде де жүздеген зертхана Сібір жарасымен жұмыс істеп жатыр.

– Украинада АҚШ-тан қаржы алатын зертхана болуы мүмкін бе?

– Әрине, себебі бұл бұрыннан бар практика. Украинада еңбек құны АҚШ-пен салыстырғанда төмен. Америкалық компанияларға белгілі бір ақуыз керек болса, мұны АҚШ-тан гөрі Украинада жасаған әлдеқайда арзан. Сондықтан америкалықтар осы аутсорсингті пайдалануы мүмкін. Сол сияқты америкалық фирмалар Қытайда, Вьетнамда я Үндістанда да осылай аутсорсингті пайдалануы мүмкін. Бүкіл әлем Ресейге шектеу қоймай тұрғанда ресейліктер де осылай жұмыс істеген. Ғылым – бір елге байланбаған, бүкіл әлемдік сала. Украинада АҚШ ақшасына жұмыс істейтін биозертхана жұмыс істесе, олар қауіпті қару жасап жатыр дегенді білдірмейді.

– Ресейлік БАҚ "АҚШ Украинадағы зертханаларда славяндардың ДНҚ-сын зерттеп, славян халқына қарсы биоқару жасап жатыр" дейді. Белгілі бір ұлтқа бағытталған биоқару жасау мүмкін бе?

– Бүкіл халықта түрлі ген бар. Славяндардың ДНҚ-сында ешқандай ерекшелік жоқ. Славяндардың ДНҚ-сын зерттеп, оларға қарсы биоқару жасау – ақылға сыймайды. Жақын уақытта бір ұлтқа қарсы биоқару жасау мүмкін емес. Жасағанның өзінде оны сәтті қолдану да мүмкін емес. Орыстардың үштен бірін өлтіргісі келген ел өзінің халқының бір бөлігінен де айырылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG