Президент Қасым-Жомарт Тоқаев неге "әрекетін болжап білуге болмайтын" одақтасы – Ресей мен өз халқын ашуландырып алмаудың амалын іздеп жүр? Бір жағынан Ресей, екінші жағынан халық қыспаққа алып жатқан Тоқаев Украина мәселесі бойынша бейтарап ұстанымын сақтап қала ала ма? Украинадағы соғыс Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын қалай өзгертуі мүмкін? Ресейге қарсы санкциялар аймақтағы Қытай үстемдігіне әкеле ме? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.
"ӨЗ ХАЛҚЫ МЕН РЕСЕЙДІ АШУЛАНДЫРМАУҒА ТЫРЫСЫП БАҚҚАН" ТОҚАЕВ
Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан президенті Тоқаев "әрекетін болжап білуге болмайтын" одақтасы – Ресей мен Украина мәселесі бойынша билікті қыспаққа алып жатқан халықтың ортасында қалды, президент екі жақты да ашуландырып алмауға күш салып жатыр. Жапонияда шығатын Nikkei Asia онлайн-журналындағы мақалада осындай ой айтылады.
Қаңтар айының басындағы шерулерді басу кезінде Тоқаев Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскеріне иек артқан соң, көпшілік оны енді "Путинге қарыз" деп есептейді. Мақала авторы Нәубет Бейсенов билік Украинаға басып кірген Ресейді ашық қолдаса немесе Мәскеуге қандай да бір көмек көрсетсе, бұл Қазақстанның көпвекторлы саясатына нұқсан келтіріп, қоғамның ашуын тудыруы мүмкін еді дейді. Бұл ретте "Тоқаев мейлінше сақтықпен әрекет етіп етіп жатыр".
Қазақстан БҰҰ бас ассамблеясында Ресейдің Украинадағы басқыншылығын тоқтатып, әскерін шығаруды талап еткен резолюцияға дауыс бергенде қалыс қалды. Мақалада Путин 22 ақпан Украинадағы сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін мойындағалы бері Тоқаев онымен телефон арқылы екі мәрте, ал Зеленскиймен тек 3 наурыз күні ғана Украина президентінің өтінішімен сөйлескені айтылады. Автор ізінше Ақорда сайтында ілінген "құрғақ" мәлімдемеде Ресей басқыншылығы "соғыс" деп аталмай, "әскери іс-қимыл" деп жазылғанына назар аударады. "Қазақстан "соғыс" деген сөзді цензураға алып, басып кіруді "арнайы әскери операция" дейтін Кремль бағытын ұстанатын сияқты".
Алайда Тоқаевқа Қазақстанның өз "ішінде де қысым жасалып жатыр". Басылым заңгер Ержан Есімхановтың Facebook'те Қазақстан билігін Украина мәселесінде нақты ұстаным білдірмегені үшін сынаған пікірін мысал ретінде келтіреді. Есімхановтың айтуынша, билік соғысты қолдаса, бұл өзін-өзі атып өлтірумен бірдей. Екінші жағынан "шенеуніктер соғысты ашық айыптаудан аяқ тартты, өйткені көршілер басқыншылыққа бейім және олардың әрекетін болжап білу мүмкін емес".
Қазақстан ҰҚШҰ мен Еуразия экономика одағына мүше болғанда "бұл ұйымдарға не үшін кіріп жатыр", "бұл елге қандай пайда әкеледі" және "бұл одақтардан болашақта қалай шығуға болады" деген сұрақтарға жауап іздемей, нақты стратегиясыз кірген
Есімханов Ақорда бәрібір таңдау жасауы керек, ұзақ уақыт бұлай бейтарап отыруға болмайды деп есептейді. Оның ойынша, үкімет Ресейден алшақтап, соғысты айыптауы қажет. Тіпті "бәлкім, Еуразия экономика одағына мүше болуды тоқтата тұру керек".
Саясаттанушы, Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов басылымға берген сұхбатында он жыл бойы Ресеймен жақындасу саясатын жүргізген Қазақстан енді сол саясаттың құрбанына айналды деген пікір білдірген.
Әлжанов Қазақстан 1992 жылы ҰҚШҰ мен 2010 жылы Еуразия экономика одағына мүше болғанда "бұл ұйымдарға не үшін кіріп жатыр", "бұл елге қандай пайда әкеледі" және "бұл одақтардан болашақта қалай шығуға болады" деген сұрақтарға жауап іздемей, нақты стратегиясыз кіргенін жеткізді.
Саясаттанушы елдегі ішкі ахуалды "нәзік" деп атады. Тоқаев Путин алдында қарыз болса да, оның айтуынша, Қазақстан Ресейге әскери немесе басқа көмек ұсынбайды. Себебі "санкциядан қорқады, екіншіден, бұл толқуға ұласуы мүмкін".
Тоқаевтың алдында соғыстың экономикалық салдарын қалай тежеуге болады деген мәселе де тұр. Путин Украинадағы сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін таныған соң Қазақстанның ұлттық валютасы 15 пайызға құнсызданды.
РЕСЕЙМЕН ҮНДЕСПЕЙТІН "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН" ЖӘНЕ БИЛІКТІҢ ЛЕГИТИМДІЛІККЕ ТАЛПЫНЫСЫ
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Украинадағы соғыс Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын қалай өзгертуі мүмкін деген сұраққа жауап іздейді. Мақала авторы Индиана Шығыс университетінің саясаттану профессоры Кристоффер Риз Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты Қазақстанның ұстанымы Тоқаевтың "Жаңа Қазақстаны" Ресеймен үндеспейтінін көрсетті деген тұжырым жасайды.
Автор 2019 жылы Назарбаев Тоқаевқа билікті тапсырған соң елде "легитимділік дағдарысы" пайда болғанына назар аударады. Бұл дағдарыс 2022 жылдың қаңтарында наразылық басып-жаншылғанда одан бетер күшейе түсті. Елге ҰҚШҰ әскері кірген соң ғана тәртіп қалпына келтірілді. Осыдан кейін сарапшылар қауіпсіздік мәселесінде режимнің Мәскеуге тәуелділігі артты деп топшылаған.
"Тоқаевтың ресейшіл ұстанымы бұрыннан белгілі", бірақ Тоқаевтың қаңтар оқиғасына жауап ретінде құрып жатқан "Жаңа Қазақстаны" Ресей ұстанамымен үйлеспейді, президенттің Украинаға Ресейдің басып кіруіне қатысты мәлімдемесі мен әрекеті осы алшақтықты көрсетті дейді. Оны былай қойғанда, автордың ойынша, режимді халық алдында легитимді ету үшін "Ресей мүддесімен үйлеспейтін, Ресейден алшақ" қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру талпынысы жасалып жатыр.
Сонымен қатар мақалада Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты билік пен халықтың реакциясы Қазақстан Ресейге бағынышты ел деген түсінікке қайшы келетіні жазылған.
Автор бұған дәлел ретінде Қазақстан БҰҰ бас ассамблеясында Ресей басқыншылығын айыптайтын резолюцияға Беларусь тәрізді қарсы дауыс бермегенін, Тоқаев 1 наурыз күні Twitter-де екі мемлекетті диалогқа шақырып, екі тараптың ешқайсысын қолдамайтынын мәлімдегенін келтіреді. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де Қазақстан Украина шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын айтқан.
Бұған қоса, Алматыда 6 наурыз күні 1500 адам қатысқан Украинадағы соғысқа қарсы билік рұқсат еткен митинг өтті. Автордың пайымдауынша, "билік өз легитимділігін күшейту үшін осылайша халыққа өз үні мен наразылығын жеткізуге мүмкіндік беру керектігін үнсіз мойындаған". Бұл митингілерде ҰҚШҰ мен Еуразия экономика одағынан шығу мәселесі де көтерілді.
Онымен қоса Abai.kz басылымында ЕЭО мен ҰҚШҰ-дан шығуға шақырған петицияға қол жиналып жатқаны жайлы материал жарық көрді. Кристоффер Риз қоғамда мұндай талқылардың болып жатқаны режим қазақ қоғамның белгілі бір талаптарын қабылдауға дайын екенін көрсетеді деп есептейді.
Автор Украинадағы Ресей басқыншылығына жауап ретінде Тоқаев өз билігін заңдастыруға күш салып жатыр, осы жайт Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарастыруын жылдамдатқан болуы мүмкін дейді. Алайда Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы өзгеріп жатса да, бұл әріптестіктен түбегейлі бас тартуды білдірмейді, Қазақстан әлі де көп салада Ресейге тәуелді, ал Тоқаев ресейшіл ұстанымнан толық айныған жоқ. Оның үстіне "бұл өзгерістер қаншалықты тұрақты болатыны да белгісіз. Дегенмен ұлттық бірегейліктің ел ішіндегі және шетелдегі көрінісі болашақта өзгеруі мүмкін".
РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР ҚЫТАЙ ҮСТЕМДІГІНЕ ӘКЕЛЕ МЕ?
АҚШ-та шығатын Time журналы Ресейге қарсы санкциялар саясаткерлер болжағаннан анағұрлым үлкен жаһандық тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін, сондықтан Батыс Орталық Азия тәрізді Ресейге тәуелді әрі экономикасы әлсіз елдерге назар аударуы керек деп жазады.
Мақала авторы Уилсон орталығы жанындағы Киссинджер институтының ғылыми қызметкері және Oxus қоғамының Орталық Азия істері бойынша зерттеу бөлімінің директоры Брэдли Джардин Мәскеуге жасалған экономикалық қысымның зардабын Орталық Азия тартып жатқанын түсіндіреді. "Мұнайдың үштен екісін Ресей порттары арқылы экспорттайтын Қазақстанның халықаралық санкцияларды еңсеруге шамасы жетпей жатыр". Сөйтіп, құбылып тұрған теңгені ұстап тұру үшін ұлттық қордың валюта резервтерін жұмсап жатыр. Сарапшы Қазақстан онсыз да қаңтар айындағы оқиғалардан кейін титықтап қалып, инвесторлардың сенімін қалпына келтіруге тырысып жатқан қиын қыстау уақытта қосымша проблемаға тап болғанын келтіреді.
Ал Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтері жұмыссыздықтың жоғары деңгейі мен бюджет тапшылығына дайындалып жатыр. Былтыр бұл елдер Ресейге 7,8 миллион еңбек мигрантын жіберіп, елдегі жұмыссыздық көреткішін азайтқан. Бірақ еңбек мигранттарының қысқа мерзімді табысы бұл елдердің экономикасын Ресейге тәуелді етті. Еңбек мигранттары аударатын ақша Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің 30 пайызын, Қырғызстан ішкі жалпы өнімінің 25 пайызын және Өзбекстанның ішкі жалпы өнімінің 12 пайызын құрайды. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы 155-ке жеткендіктен, бұл мемлекеттердің бюджеті мен үй шаруашылықтарының бюджеті құлдырайды.
Басылым Ресейдегі дағдарыс іргедегі Қытай үшін жақсы мүмкіндік екенін жазады. Экономикалық тұрғыда Қытай Ресейді әлдеқашан аймақтан ығыстырып шығарды. Қазіргі кезде Орталық Азияның Ресеймен саудасы 18,6 миллиард доллар, бұл аймақтың Қытаймен саудасының небәрі үштен екі бөлігі. Автордың жазуынша, Ресейдің экономикалық құлдырауы Пекинді Орталық Азияның стратегиялық серіктесі ету процесін тездетеді.
"Ресейдің аймақ нарығынан кенет кетуі Қытайдың үстемдігіне әкеледі. Тәжікстан мен Қырғызстанның сыртқы қарызының 40 пайызы Қытайға тиесілі. Экономикалық құлдырауды бастан өткеріп жатқан елдер қарызды қайтара алмай қалып, оның өтемі ретінде Қытайға қауіпсіздік саласында түрлі жеңілдіктер беруі мүмкін".
"АҚШ ҚАЗАҚСТАНДЫ МҰҚИЯТ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК"
Украинада соғыс жүріп жатқандықтан, Вашингтон Қазақстандағы оқиғаларды мұқият бақылауы керек. АҚШ-та шығатын National Interest басылымына мақала жазған отставкідегі полковник, кезінде Берлин бригадасында Совет әскерімен, кейін Иракта украин әскерилерімен жұмыс істеген Уэс Мартин АҚШ президенті Байденді аймаққа назар аударуға шақырады.
Автор Батыс елдерінің жетекшілері Путиннің Украинаға басып кіруіне өздерінің әрекетсіздігі себеп болғанын мойындауы керек деп есептейді. Бұл ретте оның ойынша, жақында ғана Қаңтар оқиғаларын бастан өткерген Қазақстанға назар аудару маңызды. "Елде тәртіп қалпына келген соң президент Тоқаев элита мен билік құрылымдарында бірқатар өзгеріс жасады". Назарбаевқа қатысы бар шенеуніктер мен бизнес элита өкілері қызметтерінен айырылып, қайсыбірі шетелге "ұзақмерзімді демалысқа" кетті, енді бірі қайырымдылық қорына ақша аударуға мәжбүр болды.
Автор көп ретте алдыңғы биліктің қолдаушылары мен туыстардың орнын дәл солай тиімсіз жұмыс істейтін тұлғалар басып жатып деп есептейді. Оның айтуынша, бұл ретте "Ержан Қазыхановты президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары ету контрпродуктивті, Қазыханов Қазақстанның АҚШ-тағы ең тиімсіз жұмыс істеген елшісі болған".
"Тоқаевтың реформалары Совет Одағында Михаил Горбачевтің жариялылық пен қайта құру бастамаларын еске түсіреді. "Горбачевтің бұл бастамалары қазір Путин қалпына келтіруге тырысып жатқан Совет Одағын ыдыратты". Уэс Мартин Тоқаев төңіректегі және Батыс елдерімен экономикалық қарым-қатынасты жолға қойып, Путиннің қаһарына ұшырамас үшін асқан сақ болды деп жазды.
Автордың пайымдауынша, АҚШ Қазақстанды жіті бақылауы керек, себебі бұл "елдегі оқиғаларға қарап, билік ауысқанда қандай жағымды-жағымсыз сценарийлер болуы мүмкін екенін болжауға болады".
ПІКІРЛЕР