Accessibility links

Мамайды әкімшілік қамаудан босатпады. Жақтастары оны қудалауы мүмкін деп қауіптенеді


Қаңтар оқиғасын еске алу митингісінде сөйлеп тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасын еске алу митингісінде сөйлеп тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ жетекшісі Жанболат Мамай 12 наурызда әкімшілік қамаудан босап шығуы тиіс болған. Алайда сенбі күні полиция белсендіні босатпады. Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, "Жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша істе Жанболат Мамай қорғануға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған. Сенбі күні жақтастары мен туыстары Алматы қалалық полиция департаментінің алдына жиналып, жарты күн белсендіні босатуды талап етті. Кешке қарай Мамайдың 48 сағатқа қамалғаны белгілі болды.

– Жанболатты 48 сағатқа қамауға алды. Дүйсенбі күні бұлтартпас шарасы бойынша сот болады, – деді Инга Иманбай сенбі күні кешке Азаттыққа. Оның айтуынша, жақтастары тараған. Дүйсенбі күні түсте тағы жиналмақ.

Сенбі күні жиналғандардың алдына шыққан Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Мамайдың "Жалған ақпарат тарату" бабымен қоса, "Билік өкілін қорлау" бабы бойынша да күдікті ретінде танылғанын айтып, оның уақытша қамау изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.

Инга Иманбайдың айтуынша, қазіргі кезде Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған үш қылмыстық іс бар.

  • Былтыр қыркүйек айындағы митинг кезінде "адамдарды ұрып-соққан полицейлерге" қарата Жанболат Мамай "қарабет" сөзін қолданған, кейін полицейлер белсендінің үстінен шағымданып, іс қозғалған;
  • Екінші істің қозғалуына қаржы нарығын реттеу агенттігінің Мамай үстінен шағымдануы себеп болған. Агенттік белсендіні қарызы бар адамдардың мәселесі бойынша "жалған ақпарат таратты" деп кінәласа, белсенді қарыз мәселесін аталған "агенттік шешуі тиіс" деп айтқаным үшін шағымданып отыр дейді. Қазір оның бұл істе статусы күдіктіге өзгертілген;
  • Қаңтар оқиғасынан кейін Мамай "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске қорғануға кұқығы бар куәгер ретінде тартылған.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында заңгер Ерлан Қалиев Мамай күдікке ілінген қылмыстық іс ауыр қылмысқа жатпайтынын, сол себепті оған бұлтартпас жазасы ретінде қамау жазасын қолдану "негізсіз" екенін айтып, полицияның әрекетін "саяси қудалау" деп атады.

Ақпан айының соңында Жанболат Мамай 13 ақпан күнгі қаңтар оқиғасын еске алған азалы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған еді. Бұған дейін осы митинг үшін өзге де белсенділер де қамалып, айыппұл алған.

13 ақпанда Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG