Accessibility links

Петропавлда тұрғын үй өртеніп, бес адамның денесі табылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Петропавл қаласы Береке ықшамауданында тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, бес адамның денесі табылды. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай департаменті хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, өрт сөндірушілер оқиға орнына түнгі сағат 1-лер шамасында жеткен кезде тұрғын үйдегі пәтердің бірінен қою түтін будақтап, өрт шатырға жетіп үлгерген. Соған қарағанда өрт жайында хабар кеш айтылған болуы мүмкін дейді департамент өкілдері.

Өрт шамамен бір сағаттан кейін өшірілген. Өрт аумағы 60 шаршы метрді (тұрғын үйдің жалпы аумағы 220 шаршы метр) құраған, пәтер верандасы тұтас өртенген. Шатыры жартылай күйген.

"Өртті ауыздықтау кезінде пәтерден 1975 жылғы және 1979 жылғы екі ер адам және 1960 және 1967 жылы туған екі әйелдің денесі табылды. Верандадан 1960 жылы туған тағы бір ер адамның денесі табылды. Мәйіттер сот-медицина сараптамасына жіберілді" деп жазылған төтенше жағдай департаментінің хабарламасында.

ТЖД мамандарының болжамынша, өрттің шығуына тұрғындардың спиртті ішімдік ішіп, төсекте темекі тартуы себеп болуы мүмкін. Шығын көлемі анықталып жатыр.

"Мерт болғандар әлеуметтік жағдайы төмен категориядағы азаматтарға жатпайды, ішімдік көп ішетін адамдардың тізімінде де есепте жоқ" дейді департамент өкілдері.

Ресми мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында биыл 115 өрт болған. Одан 12 адам қаза болып, 4 адам зардап шеккен. Материалдық шығын көлемі шамамен 72 млн теңгеге жетті деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG