14 наурызда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола, Қожасай кенішінде жүздеген мұнайшы жалақының аздығына наразылық білдірді. Мұнайшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жолдап, алты жылдан бері жалақы мәселесенің шешілмей келе жатқанын айтты.
- Қазақстанның батысындағы "Қазмұнайгазға" қарасты өзге компаниялармен салыстырғанда "Қазақойл Ақтөбе" мұнайшыларының жалақысы екі, кейде үш есе аз. Себебі, "Қазақойл Ақтөбе" өзге компаниялар сияқты еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне өтпеген. Істейтініміз бір жұмыс, жалақымыз әртүрлі. "Қазмұнайгаздағы" бірыңғай жүйеге енген көрші облыс мұнайшылары 600-700 мың теңге жалақы алады. Біздікі небәрі 200-250 мың. Мұны алты жылдан бері айтып та, жазып та келеміз, нәтиже жоқ,- дейді оператор Талғат Нәжімеддинов.
Мұнайшылардың хабарлауынша, дүйсенбі күні Әлібекмола мен Қожасайда түнгі ауысымнан шыққан жүздеген адам жатақханаға бармай, кеніш аумағында топтасып тұр. Жалақыны көбейту туралы үндеуге 300 адам қол қойған. Наразылардың арасында қарапайым жұмысшылардан өзге инженер-техниктер де бар.
- Мұнайшылардың алдына шыққан компанияның техникалық директоры Аман Имандосов пен кадр бөлімінің басшысы Данабек Құрмантаев өндірісті тоқтатпау керек деді. Өндірісті тоқтататын ойымыз жоқ. Ауысым аяқталғасын осы жерге жиналып, талабымыз орындалғанға дейін кезектесіп тұра береміз. Бұл - митингі емес. Талабымызға алты жылдан бері ешкім құлақ аспай қойғандықтан осылай етуге мәжбүрміз,- деді мұнайшылар.
Ақтөбе әкімдігінің хабарлауынша, бүгін еңбек инспекциясы өкілдері кенішке барып, жұмысшылар талабын тыңдаған. "Жалақы мәселесі құрылтайшылар қарауына жіберілді. Келіссөз жүргізіліп жатыр. "Қазақойл Ақтөбе" серіктестігінің мұнайшылары ай сайын орташа есеппен 400 мың теңге жалақы алады" дейді әкімдік.
Мұнайшылар "Бұл- қып-қызыл өтірік! Біз 200-250 мыңнан артық жалақы алып көрген емеспіз" деп отыр.
"Қазақойл Ақтөбе" серіктестігі 1999 жылдан бері Ақтөбе облысындағы Әлібекмола, Қожасай кеніштерінде мұнай өндіреді. Серіктестіктің елу пайыз үлесі "ҚазМұнайГазға", қалған елу пайызы Caspian Investments Resources Ltd (Sinopec) компаниясына тиесілі.
ПІКІРЛЕР