Ресейдің пропаганда құралдары мен "Грозный" мемлекеттік телеарнасы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың Украинаға барғанын хабарлап, бұған дәлел ретінде жертөледе түсірілген видео көрсетті. Белсенділер бұл сапарға күмәнданатынын айтып, мұны саясаткердің пиар науқаны деп атады. Алайда Қадыровтың сенімді өкілі, "Единая Россия" партиясы атынан мемлекеттік дума депутаты болып отырған Адам Делимханов расымен Мариуполь маңындағы соғыс аймағына барған. Мұның астарында не жатыр?
Қадыров пен оның айналасындағылар Кремльмен ерекше қарым-қатынас орнатқан. Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң бұл байланыс күшейіп, Шешенстан басшысы назарға жиі түсетін болды. Ресейдің 85 губернаторы (аннексиялаған Қырым мен Севастопольді қоса алғанда) мен мемлекеттік думаның 450 депутаты ішінен тек Қадыров пен Делимханов қана соғыс алаңында жүргенін хабарлады.
14 наурызда Қадыров Делимхановпен түскен видео жариялады. Ондағы жол белгілері Мариуполь маңындағы Безыменное ауылын еске түсіреді. "Адам шешен сарбаздарға өзі барып сәттілік тілегенді жөн көрді" деп жазған ол бір жарым минуттық видеоның астына.
Видеода мемлекеттік дума депутаты "Мариупольді басып алу" жоспарын, "соғыс орнына бес мыңға жуық адамнан тұратын бөлім" барғанын айтады. Ол ашық тұрған картаға қарап, әскерилерге нұсқау беріп тұр. Видео мектеп сыныбында түсірілгенге ұқсайды.
СОҒЫСТАН БАСҚА ТАҚЫРЫПҚА НАЗАР АУДАРТУ МА?
Кремль мен федералдық қауіпсіздік қызметі Украинада Ресей әскері ғана емес, Қадыровқа ғана бағынатын тәуелсіз бөлімдер де соғысып жатқанын көрсеткісі келетіндіктен, осы пиарды ұйымдастырып отыр дейді Венадағы Kulturverein Ichkeria ("Ичкерия" мәдени орталығы) басшысы Хусейн Исханов. (Би-би-си орыс қызметінің бағалауынша, Ресей жеке құрамынан соғысқа 190 мың адам қатысып жатыр. – ред.) Ол Шешенстан науқандары кезінде мойындалмаған Ичкерия республикасы жағында соғысып, оның президенті Аслан Масхадовтың жеке адъютанты болған.
Елдің бәрі, оның ішінде Батыс баспасөз құралдары да соғыс пен Путинді ұмытып, Қадыровтың әскері жайлы айтып, елдің назарын басқа жаққа аударуға арналған қақпанына түсіп жатыр, екінші жағынан, жеңілмейтін шешендер жайлы әңгімелермен Украинаны қорқытқысы келеді дейді ол. Исханов 1996 жылы федералдық әскерді талқандағандарға Қадыров әскерінің еш қатысы жоқ дейді.
"Украинадағы соғыста Ресей әскерінің ішінде әртүрлі ұлт өкілдері бар. Ресей империя қағидасы бойынша ұйымдасатындықтан, олардың бәрі орыс сарбаздары саналады. Татар немесе башқұрт сарбаздары соғысып жатқанын ешкім айтпайды, бірақ бәрі шешендер жайлы айтып жатыр. Шешен мен Украина халқы арасына әдейі от тастап жатыр" дейді Исханов.
Соғысқа авиация мен артиллерия да қатысып жатыр, оның жанында Ресей гвардиясының Шешенстаннан келген бірнеше мың сарбазы ешқандай рөл ойнамайды дейді ол.
"Қадыров әскері – Путиннің әскери қылмысын жасырып тұрған көзбояу ғана. Украинадағы соғыс жайлы жаңалықтарда президенттің өзі жоқ, ал Қадыровтың сөзін келтіріп, оны жиі айтып жатыр" деді Хусейн Исханов.
Украинаны қорғап тұрған Джохар Дудаев атындағы батальон командирі Адам Осмаев Қадыров үшін мұның маңызды екенін, осылайша ол Ресей президентінің көзіне көрініп, "фаворит" болуға тырысып жүргенін айтады.
"Кремль Қадыров әскерін шешендерге, одан кейін Грузия мен Сирияға қарсы пайдаланды. Кремль олардан бәрі қорқатындай әсер қалдырады. Олар ешқандай ресми келісімсіз одақтас болып отырған Украина мен Ичкерия халықтарының арасына от салуды көздейді. Бұл одақтастыққа дәлел – Ичкерияда жүрген Украина еріктілері және Украинада жүрген Ичкерия еріктілері" дейді Осмаев.
Еріктілер отрядының командирі елді Ресей басқыншылығынан қорғап тұрған шешендер басқаларға "Қадыров әскері Украинадағы ДХР мен ЛХР жақтастары секілді "сатқындар" екенін жеткізуге тырысып жатыр.
ПУТИННІҢ "ҚУЫРШАҒЫ"
Белсенді Ибрагим Янгулбаев – құқық қорғаушы Абубакар Янгулбаевтың ағасы, Грозныйда қамалып, террористтер мен экстремистер тізіміне енген Зарема Мусаеваның ұлы. Ол Путин Шешенстан басшысын "қуыршаққа" айналдырғанын айтады.
Ресей пропагандасына Украина халқын Ресей әскері емес, Шешенстан басшысынан басқа ешкімге бағынбайтын әскер өлтіріп жатыр деген ой қалыптастыру өте тиімді дейді Янгулбаев.
"Қадыровқа бұл рөл ұнайды. Әкесін Путин өлтіргенін білетін, бірақ оған қызмет етіп жүрген адамды кім деп атауға болады? (1998-2000 жылдары Ичкерия президенті әкімшілігінің басшысы болған Апти Баталов бірнеше мәрте Грозный стадионындағы терактіге Путиннің қатысы барын айтқан. Рамзан Қадыровтың әкесі Ахмат Қадыров сол жерде қаза тапқан – ред.). Қадыров Путин болмаса, өзінің де болмайтынын түсінеді. Сондықтан Кремльдің бұйрықтарын қуана орындап жүр" дейді Ибрагим Янгулбаев.
Белсенді Шешенстан басшысы Украинаға бармаған, ал видео қойылым болған деген дерек келтіреді. 1ADAT қозғалысы да осыны растап отыр. Олар Рамзан Қадыров видеоны жуырда еліне оралған "Оңтүстік" және "Солтүстік" батальонының әскери қызметкерлерімен түсірген болуы мүмкін дейді.
"Бұл – арзан пиар кампания. Ол тек қаруы жоқ бейбіт адамдармен ғана соғыса алады, ал шын соғысқа қатысуға батылы жетпейді. Әлеуметтік желіден сарказмға толы жүздеген пікір көруге болады. Оны "блогерге айналған саясаткер" деп мысқылдайды. Бұл да оның жанына батып, Қадыров осындай қойылым арқылы ерлігін дәлелдеуге тырысқанға ұқсайды" дейді ол.
Ол видеода шынымен Мариупольде жүрген Адам Делимхановтың көрінбейтінін, ал пропаганда өкілі Владимир Соловьевтің эфирінде көрсеткен тапанша қайтып келген гвардия өкілдерінікі екенін айтады.
Қадыровтың Украинаға сапарына Киев те күмәнмен қарайды. Халықаралық құқық тұрғысынан оның Украинаға сапары заңсыз саналады. "Қазір ақпараттың рас-өтірігі тексеріліп жатыр. Кеше оны Грозныйда көріпті деген ақпарат бар. Бірақ бір күнге Киевке де келіп кетуге болады. Қайткенмен де, оның келгені ештеңе шешпейді" деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович 13 наурызда.
Арестовичтің күмәнға толы пікірі Қадыровтың ашуына тисе керек. Ол телеграмда "Неге "егер" дейді? Видеоны көрмедің бе, әлде есігіңнен қағуым керек пе еді?" деп жазды. Бұған Украина спикері фейсбукте "Есігімді қақсын" деп жауап берді.
Мәскеу де Шешенстан басшысының соғыс алаңына барғанын растауға асығар емес. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде бұл жайлы ешқандай дерек жоқ деп мәлімдеді. Бұл Песковтың шешен саясаткерін бірінші рет тоқтатуы емес.
"Рамзан Ахматович сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да билік трансферіндегі қосалқы рөлдерге келіспейді. Ол қатардағы адам емес, жүзге жуық губернатордың бірі. Оған не Ресей заңы, не басқа шенеуніктерге міндетті шектеулер де жүрмейді. Қадыров үнемі Мәскеу ақталуға мәжбүр болатындай мәлімдемелер жасайды, сондықтан оның сөздері Кремльдің шамына тиеді" деді Кавказ.Реалии басылымына аты-жөнін атамауды сұраған ресейлік саясаттанушылардың бірі.
Ол Ресей гвардиясының Шешенстаннан шыққан сарбаздары шабуылдаушы күш емес екенін, тек басып алынған жерлердегі "тәртіпке" жауап беретінін айтады.
Ресей Украинаға соғыс ашқанына жиырма бір күн болды. Соғыс Украинаның солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында жалғасып жатыр. Ресей әскері бірнеше ірі қаланы, оның ішінде Мариуполь мен Черниговты қоршауға алды, бірақ бақылауға ала алмады. Америка басылымдары дипломатиядағы дереккөздерге сілтеме жасап Мәскеу Пекиннен көмек сұрағанын, Қытай Ресейге әскери көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады. Ресейдің ресми өкілдері Пекиннен мұндай көмек сұрағанын жоққа шығарып отыр. Атыс пен әуе шабуылы жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР