Accessibility links

Bloomberg: ЕО Ресей олигархтарының активтерін Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мәселесін талқылап жатыр


Еуроодақ билігі санкцияға ілінген ірі ресейлік кәсіпкерлердің активтерін соғыс аяқталған соң Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл жөнінде үш дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.

Басылымның жазуынша, бұл бастама жаңадан талқылана бастаған. Әзірге түпкілікті шешім қабылданбаған.

Дереккөздердің айтуынша, бұғатталған Ресей активтерін әскери репарация ретінде өндіріп алу мәселесі жоғарыда аталған идеяны жүзеге асырудың бір жолы ретінде ұсынылған.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері ЕО және өзге елдер Мәскеуге санкция салған.

Ресей әлемде санкция ең көп салынған мемлекет ретінде танылып отыр. Castellum.ai дерегінше, бұл тұрғыдан ол Иран мен Солтүстік Кореядан да "басып озған". 24 ақпаннан бері Мәскеуге салынған санкциялар саны Қырым аннексиясы, Солсберидегі улау және АҚШ-тағы сайлауға килігуге байланысты салынған санкцияларды қоса алғанда көрсеткіштен көп.

Шектеулер өзге шаралармен қатар ірі ресейлік кәсіпкерлердің шетелдегі активтерін бұғаттауды да көздейді. Санкцияға ілінгендер арасында "Северсталь" басшысы Алексей Мордашев, "Роснефть" жетекшісі Игорь Сечин, "USM Holding" Әлішер Османов және өзге де олигархтар бар.

Bloomberg'тің жазуынша, бір ғана Италия ресейлік кәсіпкерлердің құны шамамен 780 млн еуро (92 млрд рубль) болатын активін бұғаттаған.

АҚШ Батыс елдерінде Ресей элитасының активтерін іздеп, тұтқындайтын халықаралық топ құрды. Оған Австралия, Италия, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Франция, Еурокомиссия өкілдері кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG