Accessibility links

Зейнеткер Назарбаев халық арасында Қонаев сияқты емен-жарқын жүре ала ма?


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті өз еркімен тапсырып бергеніне үш жыл болды. Осы аралықта көп нәрсе өзгерді, әсіресе Қаңтар қырғынынан бері Назарбаевтың саяси мұрасы, қателіктері жайлы биік мінберден жиі айтыла бастады. Ал экс-президенттің өзі ақсақал ретінде ел арасына еркін шығып, халқымен емен-жарқын сөйлесе ала ма? Жұрттың оған деген ықыласы мемлекеттік телеарналардан көрсетілетіндей ерекше бола ма? Совет дәуірінің және қазіргі заманның өкілдерінен осы туралы сұрап көрдік.

ҚАҢТАР КӨТЕРІЛІСІМЕН АЯҚТАЛҒАН "ҚОС БИЛІК"

2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан үшін күтпеген оқиға болды. Сол күні сағат 19-да президент Нұрсұлтан Назарбаев аяқ астынан үндеу жасап, өкілетін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді. Соңғы жылдары өзіне берілетін кепілдіктер мен өмір бойғы қызметтерді конституциялық заңдармен бекітіп алғаны Назарбаевтың кетуге дайындалып жүргенін аңғартқанымен, оның қай күні, қалай кететіні белгісіз еді. Тіпті телеарналар да сол күні алдын ала анонс жарияланған жоқ.

Президент ретінде ант берісімен алғашқы жарлығымен Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен Тоқаев Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беріп, айрықша ізет, ерекше ілтипат көрсетті.

Бірер күннен кейін сәні келіскен оқалы шапан, құндыз бөрік киген Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де жоғары лауазымды қызметкерлердің алқалауымен аты ауысқан Нұр-Сұлтан қаласының орталығында өткен наурыз тойына келіп, жас жұбайларға бата берді. Сырт қарағанда 30 жыл бойы арқалаған жүгін өзінен кейінгі президентке тапсырып, халық алдына алаңсыз, емен-жарқын шыққан қариядай әсер қалдырған.

Алайда ол кезде Назарбаев президент санасуға тиіс Қауіпсіздік кеңесінің, өзі құрған "Нұр Отан" партиясының және басқа да мекемелердің басшысы қызметтерін атқаратын еді.

Көп ұзамай-ақ сарапшылар "билік әлі де Назарбаевтың қолында", "қос билік орнады" деген болжам айта бастады. Тоқаевтың "Қазақстанда қос билік жоқ" деген сөзі де күмәнді сейілте алмады.

2019 жылғы маусымдағы президент сайлауы көп заң бұзушылықпен өтті, біраз халықаралық және отандық ұйымдар мен сарапшылар Тоқаев әкімшілік ресурстар күшімен жеңіске жетті деген тұжырым жасады. Содан кейін де Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясаты мен кадр мәселесіне бұрынғыша араласып, зейнеттегі қария кейпін ұмыттырды.

Назарбаев Тоқаевты "Нұр Отан" партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған сәт. 23 сәуір 2019 жыл.
Назарбаев Тоқаевты "Нұр Отан" партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған сәт. 23 сәуір 2019 жыл.

Билікшіл сарашылар мұны "билік транзитінің қазақстандық үлгісі" деп сипаттады. Постсоветтік елдердің кейбір авторитар жетекшілері билікті сақтап қалуға ыңғайлы көрінген осындай транзиттен үлгі ала бастағаны да аңғарылды.

Кемінде 238 адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланған Қаңтар көтерілісінен кейін ғана Назарбаев зейнеткер екенін есіне түсірді. Наразылық күшейген кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алды.

Негізгі ұраны "Шал кет" болған Қаңтар оқиғасы кезінде үндемеген Назарбаев екі аптадан соң ғана видеоүндеу жасап, өзінің зейнеткер екенін жариялады. Бірнеше рет қарадүрсін кесіліп, қидаланғаны байқалып тұрған үндеуді оқып берген Назарбаев Тоқаевты қолдауға шақырды.

Артынша парламент экс-президентті Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болу құқығынан айырып, шын мәнінде зейнеткерге айналдырды. Жақын серіктері мен туғын-туыстары ірі қызметтерден алынып, туыстары қамалды.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев есімін үнемі еске салып отыратын ресми БАҚ-та оның аты да, оған берілген "елбасы" титулы да көп айтылмайтыны байқалды. Осылайша Назарбаев елеусіз, ескерусіз қала бастағандай көрінді. Тіпті Назарбаев Қазақстанда ма, әлде шетелге кетті ме деген сауалдарға жауап табу қиындады.

Тоқаев "ұстазына" тиіспегенімен, ол билік еткен дәуірді, оның басқару стилін сынға алып, "тоқырау", "елбасының арқасында байығандар", "олигополия", "суперпрезиденттік басқару" деген сөздерді айта бастады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анталиядағы форумда отыр. 11 наруыз 2022 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анталиядағы форумда отыр. 11 наруыз 2022 жыл.

Көптен көрінбеген Назарбаевтың таяуда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғаның шақыруымен Түркияға барғаны айтарлықтай жаңалық болды. Алайда Азаттық тілшісі сөйлескен депутаттар да, Назарбаевпен бұрын жиі кездескен адамдар да оның қайда екенін дәл айта алмайды. Кейбірі шетелде, кейбірі Нұр-Сұлтан қаласында деп санайды.

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ҚОНАЕВ

Тәуелсіз Қазақстан тарихында зейнетте болған бірінші басшы Назарбаев қана емес. Советтік Қазақстанда көп жыл басқарып, 1986 жылы Мәскеудің шешімімен қызметінен босатылған Дінмұхамед Қонаев та Қазақстан тәуелсіздігі кезінде зейнетте өмір сүрді.

Қонаев өзі өсірген кадр, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ара-қатынасына өзі бірінші хатшылықтан кетпей тұрғанда-ақ суыған еді. 1986 жылы ақпанда өткен компартия съезінде жас Назарбаев жетпістен асқан Қонаевты сынап тастаған.

Өзінің естеліктерінде және зерттеу еңбектерде Қонаевтың 1990 жылдарға дейін "үйқамаққа ұқсас" жағдайда отырғаны, билік сыртынан күзетіп, үйіне баспасөз өкілерін де жібермеуге тырысқаны айтылады. Қонаев мемлекеттік іс-шараларға да шақырылмай ескерусіз, елеусіз қалғаны сөз болады.

Алайда ол өмірінің соңына қарай халықпен еркін араласып, жұрт ықыласына бөленді.

Назарбаев Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен шарада сөз сөйлеп тұр. 12 қаңтар 2012 жыл.
Назарбаев Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен шарада сөз сөйлеп тұр. 12 қаңтар 2012 жыл.

Қонаев өмірден озған соң оның көп естелігі жарияланды, кейбірінде Қонаев пен Назарбаевты қатар қойып, "екеуі де әулиенің аянымен өмірге келген адамдар" деп дәріптеген. Ал Назарбаевтың өзі мадақтың астында қалды. Ол туралы жүздеген кітап жазылып, фильм түсірілді.

Біз Қазақстанның бұрынғы басшылары Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевты кезіндегі саяси жағдайларға куә болған жазушылар Смағұл Елубаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеевке, Қонаев тұсында да, Назарбаев кезінде де жоғары қызметте болған, билік партиясы атынан мәжіліске де сайланған Серік Әбдірахмановқа, тарихшы Хангелді Әбжановқа және Назарбаев құрған "Нұр Отан" атынан сайланған қазіргі депутаттар Ерлан Сайыров пен Еділ Жаңбыршинмен сөйлесіп, зейнетке шыққан екі басшы туралы пікірлерін сұрадық.

"ҚОНАЕВ СИЯҚТЫ ХАЛЫҚ АРАСЫНДА ЕМІН-ЕРКІН ЖҮРЕ АЛМАЙДЫ"

Смағұл Елубай
Смағұл Елубай

Жазушы Смағұл Елубаев:

- Дінмұхамед Қонаев қызметте жүргенде қазақ мектептерінің ірі қалаларда жаппай жабылғанын ашық сынап жүрдім. Қонаев қызметінен кеткеннен кейін мені шақырды. "Сөйлесуге дайын емеспін" деп бас тарттым. Жастықтың қызуымен қате істеген екенмін. Қонаев дүние жинамаған, ақшаға қызықпаған адам. Сондықтан халық жақсы көрді, қазір де құрметтейді. Нұрсұлтан Назарбаев Қонаев сияқты халық алдында емен-жарқын жүре алмайды. Қонаевтың тұсында бай мен кедей арасы қазіргідей қатты бөлінбеген еді. Қазір тым алшақ. Соны көріп отырған халықпен жүздесу қиын болады.

- Зейнеткер Назарбаев шақырса, барасыз ба?

- "Ақ боз үй" деген романым бойынша ашаршылық туралы фильм дайын тұр. "Ақ боз үй" романын Назарбаев та оқып, сценарийді құптап еді. Фильмді Қасым-Жомарт Тоқаевқа, содан соң Назарбаевқа да көрсетіп, інілік ілтипат білдіргенім дұрыс шығар.

"ХАЛЫҚТЫҢ БЕТІНЕ ТУРА ҚАРАЙ АЛМАЙДЫ"

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев:

- Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласында жұмыс істеген кезінен танимын. Ол туралы бірнеше мақала да жаздым. Назарбаевтың Қазақстан шекарасын бекіткені, еліміздің солтүстігіне астананы апарғанын жоққа шығара алмаймыз.

Бірақ өзі мен отбасы, төңірегі ашкөздік жасады. Халықтың өз байлығын өзіне бермеді. Президенттіктен кетсе де, биліктен кетпей отырып алды. Назарбаевтың Вашингтон, Ататүрік сияқты тарихта қалуға мүмкіндік болды, бірақ пайдалана алмады. Ол үшін халыққа емес, өзіне ренжуі керек. Сондықтан халықтың бетіне тура қарай алмайды. "Халық үшін күн-түні ұйықтамадым" деп айта алмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Дулат Исабеков (сол жақта), Бексұлтан Нұржекеев (Назарбаевтың оң жағында) және Смағұл Елубаймен (оң жақта) кездесіп отыр. 20 сәуір 2017 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Дулат Исабеков (сол жақта), Бексұлтан Нұржекеев (Назарбаевтың оң жағында) және Смағұл Елубаймен (оң жақта) кездесіп отыр. 20 сәуір 2017 жыл.

Қонаев қызметінен босатылған соң үстінен қылмыстық іс қозғамақ болып тексеріп, ештеңе шығара алмады. Қылмысы болса Қонаевты қамайтын еді. Бұл – адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, елге ғана қызмет істегендіктің белгісі. Қонаевтың қолы таза болды. Ол кісі қызметтен кеткеннен кейін де барып, сәлемдестім. Қарапайымдығы мен сыпайылығына, мәдениетіне қатты таңғалдым.

- Зейнеткер Назарбаевқа барар ма едіңіз?

- Қайда екенін білмеймін, Қазақстаннан кетіп қалған сияқты. Шақырса барар едім, неге сөйлеспеске?

"ҚАЗАҚСТАН БАЙЛЫҒЫН БӨЛІП АЛҒАН САНАУЛЫ АДАМНЫҢ БАСЫНДА ТҰР"

Дулат Исабеков:

Дулат Исабеков.
Дулат Исабеков.

- Назарбаев пен Қонаев – екі дәуірдің адамы. Бірақ адалдық, тазалық қай дәуірде де болуға тиіс. Қонаев рухы таза, қанағаты мол адам еді. Назарбаевты олай деп айта алмаймыз. Назарбаев туған-туысын билікке әкелді. Қазақстан байлығын бөліп алған санаулы адамның басында өзі тұр. Сондықтан халық алдына шыға алмайды. Шыққанда не айтады? Бұрынғы "репертуарын" қайталайды, басқа айтары жоқ. Оны халық қабылдай қоймайды, соны сезеді. Сондықтан да халық алдына жүзі жарқын бола алмайды.

Ол әлі де биліктен кеткісі келмейтін сияқты. Қазір қозғалып жатқан қылмыстық істер күндердің күні Назарбаевқа да жетеді деп ойлаймын.

Назарбаевпен 2014 жылы кездескенде "Орныңызға кімді қалдырмақсыз?" деп турасын сұрағанмын. Сонда үш кандидатты айтты. Бірі – Тоқаев болатын. Бірақ Тоқаев тым жұмсақ деген еді. Жұмсақтың соңы өзіне қатты тиді.

- Назарбаевпен енді кездессеңіз не айтасыз?

- Енді кездесудің қажеті жоқ, оған айтарым да жоқ. Айтар сөзімді президент болып тұрғанда айтқанмын. Енді айтсам табалағандай болармын. Ол кісі менің шығармашылығымды жоғары бағалады. Сонда да бұғып қалған жоқпын.

"ОЛ ХАЛҚЫН АҚШАДАН ТӨМЕН ҚОЙДЫ"

Тарихшы Хангелді Әбжанов:

Хангелді Әбжанов.
Хангелді Әбжанов.

- Қазіргі жағдай Назарбаевқа әрине ауыр тиеді. Оның қателіктері алдымыздан шығып жатыр. "Қазақстанның негізін қалаушы", "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген атағы - артық. Назарбаевқа дейін де Қазақстан болды, бірінші басшылары да болды. Тоқаев бәлкім Назарбаев ойлаған жерден шықпаған шығар. Тарихта мұндай бұрын да болған. Назарбаев Қонаев сияқты халық алдында еркін жүре алмайды. Қонаев жемқорлыққа ұрынған жоқ, сол себепті жүзі жарқын. Назарбаевтың өйтіп жүруге құқығы жоқ.

Саясаткер Серік Абдрахманов:

Серік Абдрахманов.
Серік Абдрахманов.

- Қаңтар оқиғасынан кейінгі өзгерістерден соң Назарбаев өз орнына Тоқаевты қалдырғанына бармағын тістеп отыр деп ойлаймын. Өз әулетінде дайын ешкім болмады, Тоқаевтан жуас ешкімді таба алмады. Назарбаев – кезінде өзін билікке жеткізген Қонаевты да ретсіз сынап, сатып кеткен адам. Өтірік айту, алдай салуды шебер меңгерді. Енді өз обалы өзіне, өзіне өзі жасады, халқын ойламады.

Қонаев қызметтен кеткенде қылмыстық іс қозғағанымен, соттай алмады. Билік Қонаевты қатты шеттетті. Қонаевтың айналасында жүрген адамдармен амандасудан да жасқанды. 1987 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне мүшеліктен шығаруға арналған жиында Назарбаев бастаған, өзі өсірген кадрлар өзін беталды сынады. Жиында Қонаев үнсіз, сұп-сұр болып отырғанын көрдім. Дауласқан жоқ.

1992 жылы желтоқсанда Дінмұхамед Қонаев 80 жасқа келгенде Назарбаевқа барып, "Неге үнсіз қаласыз?" дедім. Сонан кейін ғана құттықтау хатын жазып, қолыма ұстатып жіберді. Қарапайым халықтың Қонаевқа ықыласы өзгерген жоқ. Биліктің шектеуі азайып, еркін жүріп-тұра бастағанда халықты аралады. Халықтың құрметі шексіз еді. Ол кісі аса қадірлі ақсақал болды.

Менің түсінуімше, қазір Назарбаев та шеттеп қалды. Оның жағдайы үйқамақтағы адаммен бірдей деп ойлаймын. Бірақ оны халық Қонаев сияқты құрметтемейді. Енді оған ешкім барғысы да келмейді. Ол халқын ақшадан төмен қойды.

"ҚАТЕЛІКТЕРІН ТҮЗЕУГЕ ӘЛІ ДЕ МҮМКІНДІГІ БАР"

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров:

Ерлан Сайыров.
Ерлан Сайыров.

- Назарбаевтың еңбегіне бірер жылда баға беру мүмкін емес. Назарбаевтың шекараны бекіткеніне, астананы көшіріп, Қазақстанның бастапқы кезеңінде экономикалық реформа жасағанына ешкімнің де дауы жоқ. Бірақ өзінің отбасына ие бола алмады. Туыстары мен сенімді адамдарын жоғары лауазымдарға отырғызды. Көзі тірі, арамызда бар адам. Сондықтан қателіктерін түзетуге әлі де мүмкіндігі бар. Қателіктерін түзейтін болса халықтың арасында емен-жарқын жүре алады.

Кез келген тарихи кезең өзінен бұрынғы дәуірді терістейді. Бірақ дұрысын да жоққа шығармау керек. Бұл мемлекеттік дәстүр қалыптастыру үшін де керек.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин:

- Назарбаевқа берілген кепілдіктер өзгерген жоқ, сондықтан қазір көзге көп түспегенімен [оған] қандай да бір шектеу бар деп айта алмаймын. Меніңше, ол да Қонаев секілді халықтың алдында емін-еркін жүре алады. Кемшіліктері де болды, бірақ еңбегі де жеткілікті. Біз мемлекет басқарған азаматтарға құрмет көрсетпесек, саяси мәдениет қалыптаспайды. Ол кісі еркін жүруі керек, халық та түсіністікпен қарауы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG