Қазақстандық белгілі суретшілер Алматыда украиндарды қолдау үшін қайырымдылық көрмесін өткізді. Жұмыстарды сатудан түскен ақшаның бәрі Қазақстандағы Украина елшілігіне жіберілмек.
Көрме Украинаға көмектің түрлі шарасы ұйымдастырылған арт-кеңістікте өтіп жатыр. Мұнда Рашид Нұрекеев, Сәуле Сүлейменова, Қуаныш Базарғалиев, Асхат Ахмедияров, Зоя Фалькова, Ақмарал Жиенғалиева сынды қазақстандық белгілі суретшілердің туындылары қойылған. Арасында қазір Харьковта тұратын украин суретшісі Александр Обединнің жұмыстары да бар. Келушілер 23 наурызға дейін жұмыстарды тамашалап, ұнағанын сатып ала алады.
Көрме залына апаратын тар дәліздің қабырғасы мен төбесіне "Адаптация" деп аталатын әйгілі панк-рок тобының музыканты, ақын Ермен Антидің "Безумцы тянут планету ко дну, они зовут за собой. Остановите войну!" ("Ақымақтар ғаламшарды құрымға сүйреп, қасына шақырады. Соғысты тоқтатыңдар!") деген сөзі жазылған қағаздар жапсырылған.
— Көрмені ұйымдастыру туралы идеяны алдымен Ақмарал Жиенғалиева көтерді. Суретшілерге хабарласып, суреттерін жинай бастадық. Бірнеше күннен соң Харьковтан досымыз Александр Обедин хабарласты. Ол көрмеден хабарсыз еді, тек суреттерін сатып, ақшаны Украина елшілігіне беруді сұрады. Қазір ол жертөледе бомбадан тығылып отыр. Ол тұрған үйдің қарсы бетіндегі ғимарат қираған. Біз оның 11 туындысын алдық, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Жанна Спунер.
Көрмедегі туындылардың бағасы әркелкі: 30 мыңнан миллион теңгеге дейін жетеді. Жанна Спунердің айтуынша, сурет жылдам сатылуы үшін авторлар туындыларының бағасын арзандатқан.
"Мұнда әлемдік деңгейдегі суретшілердің туындылары бар, олардың жұмыстары көбіне шетелде сатылады" дейді Жанна.
Суретші Асхат Ахмедияров көрмеге Қазақстан тарихындағы қайшылыққа толы оқиғалардың бірі – қазақтардың нацистік Германия жағында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы тақырыбына арналған туындыларын қойған. Суретші деректі фотоларды пайдаланып, оны күлдің көмегімен күйдіреді. Нәтижесінде аса бір үрейлі картина шығады.
— Осы тақырыпты ашып көрейін дедім, себебі ол қазіргі заманмен де астасып жатыр, — дейді Асхат Ахмедияров. — Қазір Тоқаев Украинамен соғысып жатқан Путинді байқатпай қолдап отыр деген сөз көп айтылады. Қазақстанның әскери техникасы Ресей шекарасына апарылыпты деген сөзді де естиміз. Осыған қатты қобалжимын. Суреттерімдегі әскери тақырып, яғни "Түркістан легионы" қазіргі саяси ахуалмен, озбыр әрі фашистікке ұқсайтын Ресеймен астасып жатыр.
Суретші Зоя Фалькова "Рептилоидтың бөлшегі" деген ортақ ат қойылған бірнеше жұмысын саудаға шығарған. Рептилоид — қиялдағы адамтектес рептилия түрі, түрлі қаскөйлік теорияларына сенетін кей адамдардың айтуынша, олар адам кейпіне еніп, жер бетіндегі билік атаулыны жаулап алғысы келеді.
—"Рептилоидтың бөлшегі" — керамикалық стейктер сериясы, — дейді Зоя Фалькова. — АҚШ-та арт-резиденцияда болғанымда, сазбалшықтың бөліктері етке қатты ұқсайтынын байқадым. Жағып көріп едім, үлкен стейк шықты. Жұрт қуанып кетті, себебі стейк – америкалықтар болмысының бір бөлігі. Елге келіп, пандемия басталған соң соғымға сою үшін туралған рептилодты ойлап таптым.
Көрмедегі фуршеттің де тақырыбы бар: ол қазақ пен украинның достығына арналған. Бір үстелде бауырсақ, қазы мен жал, ал екіншісінде үстелге ішімдік пен бутерброд қойылды.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірді. БҰҰ мәліметі бойынша, содан бері Украинада 900-ге тарта бейбіт тұрғын қаза болды, олардың 100-ден астамы – бала. Бірақ өлгендер бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР