Accessibility links

"Путиннің одақтастармен ісі жоқ". Егер Ресей ғаламдық интернеттен бас тартса, Қазақстан да интернетсіз қала ма?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Батыс әлеуметтік желілері мен тәуелсіз ақпарат құралдарын бұғаттап жатқан Ресей ғаламдық интернеттен мүлде бас тартуы мүмкін бе? Мұндай жағдайда интернетке Ресей арқылы қосылатын Қазақстан не істейді?

ҚАЙ ПРОВАЙДЕРЛЕР РЕСЕЙДІ ЖЕЛІДЕН АЖЫРАТТЫ?

Ресей Украинаға басып кірген соң әлемдегі танымал брендтер мен ірі технологиялық компаниялар Ресеймен жұмыс істеуден бас тартты. Ресеймен әріптестікті үзген компаниялардың арасында әлемдегі ең ірі магистраль интернет-провайдерлер Gogent пен Lumen Tecnologies те бар.

Cogent 4 наурыз күні Ресейдегі клиенттеріне жолдаған хатта Ресей провайдерлерінің жабдықтары өшірілетінін ескертіп, оларды 30 күннің ішінде алып кетуге шақырған.

Талғат Нұрлыбаев
Талғат Нұрлыбаев

– Cogent былайша айтқанда, Ресей провайдерлерін өз кабельдерінен ажыратып тастады. Ондай жағдайда провайдерлер Cogent арқылы әлемдік желіге қосыла алмайды, – дейді Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігінің директоры Талғат Нұрлыбаев.

Желілердің жұмысын бақылайтын АҚШ-тағы Kentik компаниясының интернетті зерттеу жөніндегі директоры Даг Мадоридің блогындағы жазбаға қарағанда, Cogent-тің Ресейдегі клиенттерінің арасында Ресейдің мемлекеттік "Ростелеком" телекоммуникация компаниясы, "Транстелеком" ұлттық операторы, VEON мен "Мегафон" бар.

Ал Lumen өз мәлімдемесінде Ресейді ажырату шешімін биліктің желілерді шектеу ықтималдығымен және қауіпсіздік мәселесімен түсіндірді. Lumen Ресей нарығындағы үлесі шағын және қызметі шектеулі екенін мәлімдесе де, телекоммуникация саласы мамандарының дерегінше, Lumen − Ресейге мәліметтерді жеткізуші негізгі ірі халықаралық провайдер. Lumen қызметін Ресейдің ірі мемлекеттік провайдерлері – "Ростелеком" мен "ТрансТелеКом" қолданады.

Gogent пен Lumen Technologies

Gogent пен Lumen Technologies – әлемдегі бірінші деңгейдегі (Tier-1) интернет провайдерлер. Tier-1 операторлар құрлықтар мен мемлекеттер арасын жылдамдығы жоғары оптикалық-талшықты кабельдер арқылы жалғап, интернет магистралін (Internet backbone) құрайды. Tier-1 операторлар кез келген интернет желіге тегін, яғни транзит немесе пиирингке (peering − интернет-операторлардың арасындағы өзара трафик алмасу жайлы келісім) ақы төлемей қосыла алады. Tier-1 операторы бірінші деңгейдегі кез келген оператор мен интернеттегі негізгі желіге транзитсіз, яғни пииринг келісім арқылы қосылып, тегін трафик алмасады.

Cogent − Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Еуразия, Австралия мен Африка құрлықтарына интернет жеткізетін АҚШ-тағы ірі магистральді провайдер. Cogent-тің қалааралық оптикалық-талшықты кабельдері 97 мың шақырымға, ал қалалық оптикалық-талшықты кабельдері 63 мың шақырымға созылып жатыр. Провайдер өзге 7569 желіге қосылған.

Lumen Technologies – АҚШ-тағы ең ірі телекоммуникация провайдері. Lumen әлемде 800 мың шақырымнан астам оптикалық-талшықты кабельдерге қызмет көрсетеді.

Lumen Ресеймен әріптестікті тоқтататынын мәлімдесе де, Kentik компаниясының интернетті зерттеу жөніндегі директоры Даг Мадоридің Азаттыққа айтуынша, компания әзірге Ресейді қандай да бір қызметтен өшірмеген. Ал Cogent іс жүзінде Ресейдегі "ТрансТелеКом" мен шағын телекоммуникация компанияларын ғана қызметтен ажыратқан.

Даг Мадори
Даг Мадори

– Не мәселе болғанын білмеймін, бірақ бұл компаниялар Ресейді ажыратуға мүдделі емес сияқты. Өйткені егер Lumen мен Cogent Ресейге транзит қызметін толығымен тоқтатса, бұл Ресей интернетіне ғана емес, Қазақстан мен өзге Орталық Азия елдерінің интернетіне теріс әсер етер еді, – дейді Мадори.

РЕСЕЙДЕГІ ИНТЕРНЕТТІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Қазақстан ғаламдық интернетке Ресей интернеті арқылы қосылған. Ресей өз кезегінде ғаламдық интернетке Еуропадағы трафик алмасу нүктелері арқылы қосылады.

– Қазақстандағы интернет трафиктің кемі 95 пайызы Ресей арқылы келеді, – дейді Internet Society Kazakhstan директоры Талғат Нұрлыбаев.

Азаттық елдегі ең ірі интернет провайдер және Altel, Tele2 компанияларының жалғыз акционері мен Kcell байланыс операторының 51 пайыз акциясына иелік ететін "Қазақтелеком" компаниясынан интернетті қалай алатынын сұрады. "Қазақтелеком" Азаттыққа берген жауабына "интернетке қол жеткізу мақсатында әртүрлі елдердің, соның ішінде Ресейдің бірқатар халықаралық провайдерімен келісімшарттар жасалғанын, бұл ретте тәуелсіз резервтік маршруттар қолданылатынын" айтты.

Желілерді бақылайтын АҚШ-тағы Kentik компаниясының интернетті талдау жөніндегі директоры Даг Мадори Қазақстан интернеті толықтай Ресейге тәуелді, сондықтан "Ресей интернетіндегі қандай да бір өзгерістер Қазақстандағы байланысқа әсер етеді" дейді. Оның айтуынша, елдегі ең ірі провайдер – "Қазақтелеком" халықаралық өткізу жолағын немесе транзитті Ресейдегі бес компания − Ростелеком, Транстелеком, Мегафон, VEON мен China Mobile (Russia) арқылы алады.

Теңіз астына төселетін интернет кабелі. Франция, 2015 жыл.
Теңіз астына төселетін интернет кабелі. Франция, 2015 жыл.

Даг Мадори бұл мәліметті желілердің жұмысын бақылайтын Kentik компаниясының телекоммуникациялар транзитке қалай қосылатынын көрсететін инструментіне сүйеніп айтты. Мадори ғаламдық интернет желісінде өзгелер көре алмайтын дүниелерді байқайтындықтан, Washington Post басылымы оны "интернетті көре алатын адам" деп атайды.

Internet Society Kazakhstan қоғамдық бірлестігінің директоры Талғат Нұрлыбаев та Қазақстан провайдерлері ғаламдық интернетке Ресей арқылы қосылған дейді.

Оның айтуынша, Youtube, Facebook тәрізді негізгі контент провайдерлер АҚШ пен Еуропада орналасқандықтан, оларға қосылу үшін талшықты-оптикалық кабельдер жүргізу керек. Ал талшықты-оптикалық кабельдер жердің асты және теңіз астымен жүргізіліп, АҚШ-тан Еуропаға, Еуропадан Ресей арқылы Қазақстанға тартылған. Сигнал кабель арқылы өткенде бәсеңдейтіндіктен, белгілі бір шақырым сайын сигналды күшейткіштер қойылады. Құрлықтар арасы мен елдер арасындағы кабельдерді бірінші деңгейдегі провайдерлер (Tier-1) жүргізеді.

Нұрлыбаев әлемдегі ірі провайдерлер мен аймақтық провайдерлер интернеттің ғаламдық инфрақұрылымдағы тағы бір маңызды элемент – трафик алмасу нүктелеріне (Internet exchange point – IXP) қосылатынын жеткізді. Мысалы, Ресей провайдерлері Еуропадағы трафик алмасу нүктелеріне қосылған. Сарапшы жақында Лондондағы трафик алмасу нүктесі – LINX (London Internet Exchange) Ресейді интернеттен ажыратқанын еске салды. Бірақ Ресейдің цифрлы даму министрлігі Мегафон мен Ростелекомды LINX интернет-трафик нүктесінен ажырату Ресейдегі интернет жылдамдығына әсер етпейтінін, трафик басқа алмасу нүктелерінен алынатынын мәлімдеді.

– Меніңше, "Қазақтелеком" мұндай әлемдік трафик алмасу нүктелеріне қосылмаған. Сондықтан Ресейдегі аймақтық трафик алмасу нүктелеріне қосылуы керек немесе Ресейдің бірнеше провайдеріне қосылуы қажет. Ресейдегі трафик алмасу нүктелері тек аймақ үшін маңызды, яғни мұның әлемдік маңызы жоқ, − дейді Нұрлыбаев.

РЕСЕЙ ӘЛЕМДІК ИНТЕРНЕТТЕН ОҚШАУЛАНСА, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИНТЕРНЕТСІЗ ҚАЛА МА?

Сарапшылар әлемнің ірі провайдерлері Ресейді интернеттен ажыратуы екіталай деп есептейді, себебі бұл онсыз да ақпараттық құрсауда қалған Ресей халқын балама ақпаратсыз қалдырумен парапар. Дегенмен Украинаға басып кірген соң Ресей билігі елде 100-ден астам тәуелсіз ақпарат құралын бұғаттады. Ал жақында Мәскеудің Тверь соты Meta корпорациясын экстремистік деп танып, оған тиесілі Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінің жұмысына тыйым салды. Ендігі кезекте Ресей өзін ғаламдық интернеттен оқшаулап, бірнеше жыл бұрын әзірлеп қойған "дербес интернетіне" көшуі мүмкін екені айтыла бастады.

Мәскеу автономды интернетке көшу туралы бастаманы алғаш рет 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін АҚШ Ресейге қарсы санкциялар салғанда көтерген. Федерация кеңесінің мүшесі Максим Кавджарадзе "АҚШ-тан тәуелсіз", Ресей ішінде қолданылатын ақпараттық жүйені құру керектігін айтып, оны балалар шығармасындағы кейіпкер "Чебурашка" немесе "қолтырауын Гена" деп атауды ұсынған. Сол тұста көпшіліктің езуіне күлкі үйірген әзіл кейін шындыққа айналып, мемлекеттік дума дербес интернет туралы жобаны заңдастырып жіберді.

Көпшілік жалпақ тілде "чебурнет" деп атайтын дербес интернет туралы заң Ресейде 2019 жылдың қарашасында күшіне енген. Заң бойынша, байланыс операторлары өз желілеріне қауіп-қатерден қорғайтын әрі трафикті сүзгіден өткізе алатын құрал орнатуы тиіс. Бұл құрал-жабдық Ресей аумағында таратуға тыйым салынған ақпаратты шектеуге мүмкіндік береді. Билік мұны Ресейдің интернет сегментін сыртқы қауіп-қатерден қорғау қажеттігімен түсіндірген. Заң бойынша, операторлардың трафик алмасу нүктелеріне де мемлекеттің бақылауы күшейтілді. Ресей билігінің айтуынша, елдегі интернетке сырттан қауіп төнсе, "Роскомнадзор" трафикті өз бетінше орталықтандырылған түрде басқара алады. Бұл – билік провайдерлер қосылған сырттағы трафик алмасу нүктелерінен келетін сигналды тежейді деген сөз. Мұндай жағдайда Ресейде шетел сайттары мен сервері өзге елде орналасқан ресейлік сайттар ашылмай қалады.

Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев бір жыл бұрын Ресей ғаламдық интернетті өшіріп, егемен Рунетке көшуге техникалық тұрғыдан дайын екенін мәлімдеген. Ресей дербес Рунет жұмысын 2019-2021 жылдар аралығында бірнеше мәрте сынақтан өткізіп, сынақтың сәтті өткенін хабарлаған.

Осы тұста "Ресей өзімен қоса Қазақстанды ғаламдық интернеттен ажыратуы мүмкін бе?" деген заңды сұрақ туады.

"Қазақтелеком" Азаттыққа берген жауабында Ресей автономды интернетке көшсе, бұл Қазақстандағы интернетке әсер етпейтінін жеткізді. "Өйткені интернет елге Еуропадағы терминация нүктесімен Ресей аумағы арқылы "транзитпен" жеткізіледі" деді компания.

"Қазақтелеком" қауіпті азайту үшін транзиттік автономды жүйелер мен операторларсыз қосылуға мүмкіндік беретін балама маршруттарды пайдаланатынын да айтты.

Елде 10 миллионнан астам қолданушысы бар "Beeline Қазақстан" Азаттыққа берген жауабында Ресей интернеттен бас тартса, бұл Қазақстандағы Beeline клиенттеріне әсер етпейді деп отыр.

"Beeline Қазақстан TNS-Plus компаниясымен бірге (екі компания да VEON компаниялар тобының мүшесі) көршілес елдердегі көптеген ірі провайдерлермен байланысы бар кең магистральдық қолжетімді желісін әзірледі. Бұл дегеніміз, егер қолжетімді арналардың бірі (мәселен, ресейлік) қандай да бір себептермен жеткілікті сапа деңгейін қамтамасыз етпесе, трафик басқа елдер (Қытай, Еуропа) арқылы бағытталады" делінген компания жауабында.

Ресей автономды интернетке ауысса, Қазақстан ғаламдық интернетке Қытай арқылы қосыла алатынын цифрлы даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібін дамыту вице-министрі Асхат Оразбек те мәлімдеген. Мәжіліс дәлізінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Асхат Оразбек Қазақстанда интернетке Ресей арқылы ғана қосылмағанын, Қытаймен де түйісу нүктелері бар екенін жеткізген. Оның сөзінше, Қазақстан Еуропадан қанша трафик алса, Қытай арқылы тура сонша трафик ала алады.

Бірақ сарапшылар Қытай арқылы қосылу Ресейден келетін трафикке балама бола алмайды және мұндай жағдайда интернет жылдамдығы айтарлықтай баяулайды деп есептейді.

– Қытай арқылы Еуропадан трафик алу географиялық жағынан тым ұзақ, сондықтан интернет жылдамдығы тежеледі. Қытаймен қазіргі байланыс каналдары арқылы көп трафик келмейді, сондықтан Қытай арқылы интернетке қосылуды Ресейге балама етпес бұрын әуелі трафикті өткізу мүмкіндігін көбейту керек, − дейді Мадори.

Мадоридің айтуынша, Қытайдың China Telecom компаниясы арқылы Қазақстанға келетін интернет транзит өте болмашы.

– Бұл [вице-министрдің мәлімдемесі] оның біліксіздігін көрсетеді. Шенеуніктер проблеманы мүлде түсінбейтіні алаңдатады. Екіншіден, олар Қазақстан қандай күрделі жағдайға тап болуы мүмкін екенін жете түсінбейді. Қытайда фаервол (Батыс әлеуметтік желілері мен сайттарды бұғаттайтын жүйе) тұр. Екіншіден, Тынық мұхиты, Еуропа мен Қытай арқылы кабельмен электромагнит сигналдарын жеткізу уақыты өте ұзақ. Интернет баяулайды және бұл қымбатқа түседі, − дейді Талғат Нұрлыбаев.

Демек қазіргі жағдайда Ресей өзін ғаламдық интернеттен ажыратса, бүкіл Орталық Азия елдері интернетсіз қалуы мүмкін.

Мадори Ресей әлемдік интернеттен өзін-өзі оқшаулауы екіталай деп есептейді. Бірақ ғаламдық интернеттен бас тартса, "бұл бүкіл Орталық Азия үшін апатпен бірдей".

Мадоридің айтуынша, Ресейге интернет транзитті беретін ірі провайдер компаниялар бұл қызметті тоқтатса немесе Ресей олардың қызметін тоқтатса, Ресеймен бірге Қазақстан да ғаламдық интернеттен ажыратылады. "

– Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан әлемдік интернетке Қазақстан арқылы қосылатындықтан, бұл елдер де ғаламдық интернеттен өшіріледі. Бұл Түрікменстан мен Моңғолияға да әсер етеді, бірақ бұл елдер интернет транзитті Иран және Қытай арқылы да алатындықтан, дәл Орталық Азияның өзге мемлекеттері тәрізді зардап шекпейді, − дейді ол.

Ал Талғат Нұрлыбаев "Путиннің басына Ресейді интернеттен ажырату керек деген ой келсе, ол Орталық Азияны да желіден өшіре салады. Ресейдің одақтастарымен ісі жоқ. Бізді одақтас деу де қиын, сателлит деуге болар. Оның сателлиттерге түкіргені бар. Орталық Азия елдері интернетті Қазақстан арқылы алатындықтан, бұл бүкіл аймақтың проблемасы" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG