Ресей либерал демократиялық партиясының жетекшісі, ультраұлтшыл саясаткер Владимир Жириновский 75 жасында қайтыс болды. Бұл жөнінде мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин хабарлады. Ақпан айының басында Жириновскийдің коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түскені белгілі болған. Кейін хәлі нашар екені айтылды.
"Владимир Вольфович Жириновский ауыр әрі созылмалы аурудан қайтыс болды" деп жазды мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин телеграм-арнасында.
Ақпарат құралдары 25 наурызда жаңылысып, ауруханада жатқан ЛДПР жетекшісінің қайтыс болғаны туралы ақпаратты таратқан кезде Володин мәліметті жоққа шығарған. Ол Жириновский өлімі жайлы бірінші болып хабарлаған БАҚ-ты сотқа беретінін айтқан.
Жириновский Ресейдегі президент сайлауына алты рет кандидат болған. Саясаткер әсіреұлтшылдығымен танылған. Ол 2005 жылы "Эхо Москвы" радиосына берген сұқбатында қазақ мемлекеттігінің болғанын үзілді-кесілді түрде жоққа шығарған еді. Ол "Қазақстанмен арадағы шекара – ең бір түсініксіз шекара. Польша, Финляндия – тарихи қалыптасқан мемлекеттер. Ал Қазақстан... Адамзат тарихында ешқашан да мұндай мемлекет болмаған" деген. 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путин де Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баға беріп жатып: "Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттігі болмаған" деп мәлімдеген. Путиннің сөзіне наразылық білдірген белсенділер сол кезде Кремльге "сыйлық ретінде" тарих оқулығын жолдаған.
Ауруханаға түспей тұрып, 2021 жылы желтоқсанда Жириновский Батыс елдері Ресейдің қауіпсіздік кепілдігі туралы талаптарын орындамаса, онда Мәскеу "басқа бағдарламасын" жүзеге асырады, оны "22 ақпанда байқауға болады" деп мәлімдеген.
"2022 жылдың бейбіт өткенін қалаймын, бірақ шындықты жаным сүйеді, 75 жыл бойы шындықты айтып келемін. Бұл мазасыз жыл болады. Ресей қайтадан ұлы елге айналады. Бәрі аузын жауып, елімізді құрметтеуі тиіс" деген еді ол. 24 ақпанда Ресей Украинаға әскерін кіргізіп, соғыс бастады. Ақпаратқа қарағанда, ол кезде Жириновскийдің жағдайы өте ауыр болған. Ол сәтті көре алмаған.
ПІКІРЛЕР