Accessibility links

Таулы Қарабақтағы ахуал тағы да ширықты


Әзербайжан әскерінің Шуша қаласындағы посты
Әзербайжан әскерінің Шуша қаласындағы посты

Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабаққа әскери жағдай енгізілді. Жарлыққа осы өңірдің басшысы Араик Арутюнян қол қойған.

Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі Әзербайжан әскери күштері Ресей бітімгерлерінің қарауындағы жерге кіргенін хабарлаған. Бұл министрлік "Әзербайжан ұшқышсыз "Байрактар" аппаратымен Фурух елдімекені төңірегіне төрт соққы берді" деп жазды.

Бұл оқиғаны Ресейге Таулы Қарабақ билігі хабарлаған. Олар әзербайжан әскерінің орнынан қозғалғанын айтып, Ресейден бітімгерлерді көбейтуді сұраған.

Мәскеу Бакуді әскерін алып кетуге, екі тарапты ұстамдылыққа шақырды.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі "Ресей Қорғаныс министрлігі біржақты мәлімдеме жасап отыр" деп бағалады. Бакудің пікірінше, 26 наурызда таңертең Армения әскері Әзербайжан әскеріне диверсия жасамақ болған.

Таулы Қарабақтағы жағдай 24 наурызда қайта ширыққан еді. Таулы Қарабаққа баратын газ тоқтап қалғанда Армения Әзербайжанға "Таулы Қарабақта этникалық тазарту саясатын соңына дейін жүргізгісі келіп отыр" деп кінә артқан. Таулы Қарабаққа газ Армениядан келеді, бірақ газ құбыры 2020 жылғы келісімнен кейін Бакудің бақылауына берілген аумақтан өтеді. Ереван әзербайжандар құбырды жауып тастады деп есептейді.

Әзербайжан Арменияның айыптауларын теріске шығарып, бұл өңірден Армения әскері толық әкетілетіні туралы келісімді орындауды ұсынған.

Таулы Қарабақтағы жағдай 2020 жылы қыркүйекте қатты ушығып, соғысқа ұласқан болатын.

2020 жылы қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні Әзербайжан мен Армения Мәскеудің араласуымен бейбіт келісімге қол қойған. Келісім бойынша Баку 1990 жылдардан бері Армения әскерінің бақылауында тұрған жердің басым бөлігін алып, Таулы Қарабаққа Ресей бітімгер әскер кіргізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG