Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин телефонмен сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылады. Бұл жөнінде 2 сәуірде Ақорда сайты хабарлады.
"Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің барысы туралы мәлімет берді. Украинаның бейтараптық, блоктардан тыс, ядролық қарусыздық мәртебесіне қатысты уағдаластыққа қол жеткізудің аса маңыздылығы жөніндегі ортақ түсіністік туралы айтылды" деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.
"Риа Новости" агенттігінің хабарлауынша, телефон әңгіме барысында Ресей президенті Владимир Путин қазақстандық әріптесіне "Донбасты қолдау арнайы операциясы (Украинадағы соғысты Кремль осылай деп атайды - ред.) мен Ресей мен Украина келіссөзінің барысы" туралы мәлімет берген.
Бұдан бөлек, екі басшы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық бірлестіктер аясында өзара қарым-қатынасты талқылаған.
Украин фотографы және деректі фильмдер авторы Макс Левин қаза болды
13 наурызда Левин Киев облысы Межигор ауданы Гута ауылына Ресей басқыншылығы туралы фильм түсіру үшін барған. Кейін бұл аумақта әскери қимыл күшейіп, фотографпен байланыс үзілген. Оның денесі 1 сәуірде табылды.
Левин Reuters, BBC, TRT World, Associated Press, Hromadske тәрізді халықаралық ақпарат құралдарымен әріптестік орнатқан. Оның суреттерін Wall Street Journal, TIME, Breaking news Poland, EU AGENDA, World news, The Moscow Time, Корреспондент.net, ELLE, TV-24, Radio Bulgaria, Ukraine Crisis Media center, Vatican news, Азаттықтың Орыс қызметі жариялаған.
Украинаның Энергодар қаласында атыс пен жарылыс болғаны хабарланды
Энергодар қаласында Ресей армиясы басып алған алаңдардың бірінде атыс пен жарылыс болғаны жайлы ақпарат тарады. "Настоящее время" арнасының хабарлауынша, Ресей әскері Украинаны қолдап, митингіге жиналған азаматтарды тарату үшін оқ атып, құлақ тұндыратын гранаталар пайдаланған. Жараланған бірнеше адам дәрігерге жүгінген.
Бішкекте Украинадағы соғысқа қарсы шыққандарды милиция ұстап әкетті
2 сәуірде Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптап, соғысқа қарсы шыққан белсенділерді ұстады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Ұсталған белсенділер президент Садыр Жапаровтың өзі Фейсбукта митингіге рұқсат бергенін айтып, милицияның әрекетін айыптаған.
Ақпаратқа қарағанда, жиналғандардың қолында "Соғысқа жол жоқ", "Соғысты тоқтат", "Путин фашист" деген жазуы бар плакаттар болған.
Милиция белсенділерге 1 шілдеге дейін митинг, пикет өткізуге тыйым салған сот шешімі шыққанын айтып, тарауды талап еткен.
Бұл митинг өтпей тұрып, бірнеше сағат бұрын қалада Ресейді қолдағандар акциясы өткен. Бірақ милиция оларға аталған сот шешімі жөнінде айтпаған.
ПІКІРЛЕР